Өткен аптада қаладағы А.Кивелев атындағы спорт кешенінде грекрим күресінен «КСРО спорт шебері», көптеген халықаралық турнирдердің жеңімпазы болған, марқұм Бақытқазы Абдуллинге арналған турнир биыл 12рет жалауын көтерді.
Қарасай, Панфилов, Ақсу, Балхаш, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Жамбыл, Талғар аудандары мен Алматы қаласының «Алматы Арена», «Халық арена», «Темір дос», «Батыр», «Шаңырақ», мөлтек аудандарының спорт клубтары, Іле ауданының «Жаңа дəуір» сияқты спорт клубтарынан балуандар көптеп келді.
Екі жүз елуден астам спортшылар бақ сынаған турнирдің ашылу салтанатында сөз алған Талғар аудандық дене тəрбиесі жəне спорт бөлімінің бастығы Аманжол Нұрманов, Талғар топырағынан талай-талай белді балуандарды баулып шығарған, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Никифоров жəне марқұм Б.Абдуллиннің бауырлары мен көз көрген достары естеліктер айтып, жас балуандарға боз кілем үстіндегі жекпе-жектерде сəттілік тіледі. Екі күн бойы 17-команданың 250-балуаны боз кілем үстінде шиеленісті айқас өткізді. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демекші, осы турнирге жақсы дайындықпен келген балуандардың ғана жеңіске жететіні белгілі. Жиырма бес келі салмақта белдескендердің арасынан Алматы қаласындағы «Шаңырақ» спорт клубының өкілі Еркебұлан Қадыров деген баланың бағы жанса, отыз келі салмақта топ жарған Ақсу ауданынан келген Ердəулет Ерназар өзінің алпыс айлалы балуан екенін боз кілем үстінде дəлелдеді. Олардан сəл ересек отыз үш келі салмақта күш сынасқан балуандардың арасынан Алматы шаһарындағы республикалық спорт колледжінің спортшысы Алдияр Серікбайұлы қарсыласқа шаң келтірмесе, отыз алты келі салмақта Қарасай ауданының балуаны Данияр Əділбектің маңдайы жарқырады. Талғар ауданының 39 келі салмақта үкілеп қосқан балуаны Кентай Нұрзат осы салмақта «чемпион» атанса, Алматы қаласынан келген Əсет Тұңғатаров 42 келі салмақта барлық қарсыластарынан басым түсті. Бақанас ауылынан келген Мұхит Нұрдос деген бала 46 келі салмақта күресті. Ол өзін боз кілем үстінде судағы балықтай сезінетін бала екен. Кілем үстіне ойқастай шығып, барлық кездесулерін айқын басымдылықпен жеңген М.Нұрдос жанкүйерлердің ыстық ықыласына ие болды. Ауыр салмақта күрескен «Əлем» спорт клубының жас спортшысы Ашот Сатыбалдин 50 келі салмақтан жоғары балуандар арасында жеңіс тойын тойлап, «турнир жеңімпазы» атанды. Осы бəсекеде 2001-2003 жылы туған грек-рим күресі шеберелерінің арасында өткен жекпежекте: Диас Нұрақов (42 келі, Алматы, спорт колледжі), Жапар Сұлтан (45 келі, Жамбыл ауданы), Ернат Дүйсенов (51 келі, Талғар қаласы), Сарқытбек Нұрсұлтан (60 келі, Ақсу ауданы) деген балалардың бағы жанды. Оларға Бақытқазы Абдуллин турнирінің І-ІІ-ІІІ дəрежелі «Дипломдары» мен Кубогы жəне естелік медальдары салтанатты түрде табыс етілді. Сөйтіп, он екінші рет жалауын көтерген Б.Абдуллин турнирі өз мəресіне жетті.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ
Талғар-ақпарат