Талғардың бұрымды балуан қыздары

Талғардың бұрымды балуан қыздары

 

«Дене жұмысының жалпы əдістерін меңгергенде ғана, сол əдістерді біздің барлық əрекеттерімізге қолдана білгенде ғана дене тəрбиесінің жемісі болуы мүмкін» — деп батыс ойшылы Лесгафт айтқандай, спорттың бір түрімен тұрақты айналысып, соның ыстық-суығына көніп, шыдамдылықпен айналысқан жан түбі өзі ансаған мақсатына жетпей қоймайды. Талғар ауданында өткен күздің басында ашылған джиу-джитсу күресіне өз құштарлықтарымен келіп, талантты жаттықтырушылар Латиф Юсупов пен Кемаль Юсуповтерден осы күрестің қыр-сырын үйренуге ден қойған қос бұрымды бойжеткендер Пак Виолетта, Інжу Тұрсынəлі, Айым Рамазан аз уақыттың ішінде өздерін дəлелдеді. Осы жылдың 5-12 ақпан аралығында Көкшетау облысының Щучинск қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында үшеуі де бас жүлдені иемденіп, наурыз айында Біріккен Араб Əмірлігінде өтетін əлем чемпионатына жолдама алған еді. Сол жарыс осы наурыз айында Абу-Даби қаласында өтті. Қырық мемлекеттен келген спортшылар бəсекесінде Пак Виолетта мен Айым Рамазан жақсы күресіп, бесінші орын алса, əлі тəжірибесі толыспаған Інжу Тұрсынəлі өз тобынан аса алмады. Дегенмен де, əлі топшылары қатаймаған үшеуі үшін бұл үлкен жеңіс еді. Пак Виолетта Д.А.Қонаев атындағы гуманитарлық колледждің екінші курсында оқыса, Айым Рамазан Ават ауылындағы 9-сыныптың оқушысы, ал Інжу Тұрсынəлі Бірлік ауылындағы орта мектепте білім алып жүр. «Талпынған жетер – мұратқа» — демекші, біз əлі осы бұрымды қыздарымызды үлкен-үлкен халықаралық додалардан көретін боламыз.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ

Талғар-ақпарат