Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату мақсатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы бірлесіп «Рocketbook» қойын кітапшасын әзірледі, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Нұсқаулықта мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытында және жұмыстан тыс уақыттағы негізгі мінез-құлық қағидалары қарастырылған және олардың парасаттылық мәдениетін қалыптастырудың негізгі аспектілері берілген.
Ол әдеп саласындағы мәселелер туындайтын жағдайда мемлекеттік қызметшілерге нұсқаулық құралы ретінде қызмет етеді.
«Мысалы, мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақыттағы, қызметтегі қарым-қатынас, әлеуметтік желілерде өзін дұрыс ұстау, бұқаралық ақпарат құралдарында, көпшілік алдында сөз сөйлеу және түрлі мүдделер қақтығысы туындаған жағдайлардың мысалдары келтірілген. Қызметкерлерге ыңғайлы және қолжетімді болу үшін жадынамадағы барлық ұсынымдар жеңілдетілген түрде баяндалады», — дейді МҚІСЖҚІҚА Алматы облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Қалжанов Ұлан.
Покетбук мәселелерді сипаттап қана емес, сонымен қатар түрлі жағдай болған кезде дұрыс шешімдерді қалай қабылдау қажеттігін мысалдар арқылы көрсететін, қызмет бабында міндеттерді орындау кезіндегі туындайтын жағдайларға талдау жасалған шағын әдістемелік құрал.
«Қойын кітапшаның шағын форматы оқуға ыңғайлы, қажетті парақшаны тез тауып, өзімен бірге алып жүруге өте ыңғайлы», — деп қосты Ұ.Қалжанов.
Айта кету керек, қазіргі таңда аталмыш қойын кітапшасы облыстағы барлық мемлекеттік қызметшіге электронды түрде таратылып, қолданыста жүр.
Талғар-ақпарат