Елордадағы мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға ата-аналар төлемі бірдей, яғни 16800 теңге болады. Бұл туралы Қоғамдық кеңес отырысында Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Астана ақшамы» газетіне сілтеме жасап.
Оның сөзінше, тиісті қаулы әділет органдарында тіркеліп, аудан әкімдіктеріне бұл жаңалық хабарланады. Кеңес мүшелері балабақша кезегінде тұрған балдырғандардың саны, балаларды мектепалды даярлықпен қамту туралы сұрады.
«Қазір 26 мың бала балабақша кезегінде тұр. Балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші оң нәтижені көрсетіп отыр. 2016 жылы бұл көрсеткіш 74 пайызды құраса, өткен жылдың аяғында 78 пайызға жетті. Қазіргі таңда 81 пайызды құрады. Биыл бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізуді мақсат етіп отырмыз», — деді Д. Жекебаев.
Сондай-ақ, Астана қаласында білім беру саласын жетілдіруге бағытталған кешенді іс-шаралар қолға алынуда. Биыл салынатын және алдағы жылдары пайдалануға берілетін жоспарланған нысандарды қаржылай тұрғыдан қолдау толықтай шешілген.
Талғар-ақпарат