«KZ SOUND» ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛМАҚ» дейді шараны ұйымдастырушылар

«KZ SOUND» ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛМАҚ» дейді шараны ұйымдастырушылар

Талғар ауданында дарынды да өнерлі жастар жетерлік. Олардың өнер атты мекенде өз орнын табуы үшін, шығармашылығын шыңдап, қанатын кеңге жаюы үшін қолдау қажет. Бұл тұрғыдан алғанда аудандық жастар ресустық орталығының тындырымды істері атап айтарлықтай. Қандай да болмасын талант иесінің елеулі баспалдағы “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” дерлік қағидада шыңдалары сөзсіз. Осыны ескерген аталмыш орталық «KZ SOUND» аудандық әндер байқауын ұйымдастырып, оған Талғар қаласының әкімдігі демеушілік көрсетіп, жас өнерпаздардың үміттерін үкіледі. Байқауға студенттер мен оқушылардан, жалпы саны 52 үміткер қатысып, екі кезең бойынша сынға түсті. Аудандық Мәдениет үйіне жиналған көпшілік алғашқы «MY SOUNG» кезеңі бойынша қатысқан үміткерлердің өнерлерін тамашалады. Жанды дауыста айтқан өнерпаздардың бірі сахнада қобалжып жатса, екіншісі орындау шеберлігімен тәнті етті. Іріктеу кезеңіне қазылық еткен Талғар қаласы әкімінің орынбасары Серік Думчибаев, Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова, «Егіз лебіз» байқауының жеңімпазы Айгерім Туйгунбаева, аудандық Мәдениет үйінің әншісі Жомарт Құлбарақов, Қызыл-Қайрат ауылының Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Жадыра Нұрманбетовалар қатысушылардың сахналық мәдениетін, әнді айту шеберлігін, қойылған талаптардың орындалуын қатаң бақылады. Нәтижесінде 16 қатысушы ақтық сынға жолдама алды. «PARADOX» деп айдар тағылған ақтық сын тартысты да тартымды өтті. Алдын ала берілген 20 туындының ішінен жеребе арқылы таңдалынып алынған әнін нақышына келтіре орындауға тырысқан әр қатысушыдан жауапкершілік пен өнерге деген сыйластықты аңғаруға болады. Ақтық байқау қорытындысы бойынша I орынды Расима Құлыбекова (Талғар политехникалық колледждің студенті), II-орынды Аружан Жұмағали (№26 орта мектептің оқушысы), III орынды Анель Құдайберген (№ 26 орта мектеп оқушысы) иеленді. Жүлделі жеңімпазарды құттықтап, дипломдар мен атаулы Кубоктар табыстаған Талғар қаласы әкімінің орынбасары Серік Думчибаев пен Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова өнерпаздардың әлі талай биік белестерді бағындыруларына тілектестіктерін білдірді.
— Ауданымыздың мәдениет деңгейін арттыру мақсатында әрі Астанамыздың 20 жылдығына орай өткізілген шара негізінен жаңа таланттарды жарыққа шығару, жолын ашуды көздеді. Ән әлеміне қанат қағып келе жатқан жас өнерпаздардың болашақтағы жетістіктері – еліміздің абыройы, — дейді аталмыш орталықтың кеңесшісі әрі шараның басы-қасында жүрген Олжас Батырканов.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат