Елбасы Қазақстанға ресми сапармен келген Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті

Елбасы Қазақстанға ресми сапармен келген Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті

Шағын құрамдағы келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін және оны әрі қарай нығайту перспективаларын талқылады, деп хабарлайды ТалғарАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастың сенімге негізделгенін атап өтіп, Қазақстан мен Тәжікстан халықтарының достығын нығайту жолында Эмомали Рахмонның айрықша рөл атқарғанын айтты.

– Сіз басшылық еткен жылдар ішінде біз зор сенімге, ынтымақтастыққа және достыққа негізделген қарым-қатынас орнаттық. Ешқашан арамызда шешімін таппаған мәселе болған емес. Біз әрдайым, әсіресе халықаралық деңгейде бір-бірімізді қолдап келеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге аяқ басқанын айтып, мемлекетаралық қарым-қатынастың өзекті мәселелерін талқылауға ниетті екенімізді жеткізді.

– Біз сіздермен кез келген мәселені талқылап, шешуге дайынбыз. Сонымен қатар көрші мемлекеттердің басшылары келе жатыр. Ертең біз үшін тағы бір мәрте кездесуге мүмкіндік туады. Биыл сіздерде су ресурстарын басқару жөніндегі конференция өтетінін білемін. Қазақстан бұл бастаманы қолдайды, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президентін «Парасат» орденімен марапаттады.

Э.Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға шақырғаны үшін және жоғары марапат табыс еткені үшін алғыс білдірді.

– Қазақстанға келген әр сапарымда Астананың келбеті жылдам өзгеріп келе жатқанын байқаймын. Бұл жетістік, ең алдымен, Сіздің дана әрі көреген саясатыңыздың жемісі болып саналады, – деді Тәжікстан Республикасының Президенті.

Э.Рахмон екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, оны әрі қарай ілгерілете түсуге ниетті екенін атап өтті.

– Тауар айналымының көлемі жөнінен Қазақстан Тәжікстанның жетекші экономикалық әріптестері арасында екінші орынға ие. Біз елдеріміздің кешенді әрі стратегиялық қарым-қатынастарын нығайтуға ниеттіміз, – деді Тәжікстан Республикасының Президенті.

Талғар-ақпарат