Іс-шараға мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар және еліміздегі азаматтық қоғамдастық өкілдері қатысты, деп хабарлайды ТалғарАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конгресс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет мәселесі бойынша мемлекет пен қоғамды жұмылдыратын бірегей алаңға айналды.
Оның негізгі міндеті – барлық деңгейде, әрбір елді мекенде және ауылдық округтерде жүргізіліп жатқан қоғамдық бақылаудың басты қағидаттарын орнықтыру.
Мемлекеттік хатшы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдаудың негізгі басымдығының бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және заң үстемдігі екенін атап өтті.
Г.Әбдіқалықова 2014 жылы Қазақстан Президенті «мүлде төзбеушілік» ахуалын қалыптастыру арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тартуға бағытталған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны бекіткенін айтты. Осы уақыт ішінде 64 шара атқарылып, әкімшілік кедергіні азайтуға, тұрмыстық жемқорлық деңгейін төмендетуге елеулі септігін тигізді. Мәселен, қазір барлық өңірде азаматтарға бюджет қаражатының игерілуін, мақсатқа сай қолданылуын, әлеуметтік нысандар құрылысының сапасы мен мерзімін бақылауға мүмкіндік беретін Қоғамдық бақылау картасы іске қосылды. Елде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа деген жұртшылықтың сенімі күшейді.
Кезекті заңнамалық өзгерістер сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесін жетілдірудің құқықтық негіздерін қалыптастырды.
Қазақстан БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын; Ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы конвенцияны; Еуропа кеңесінің қылмыстық әрекеттерден түскен кірістерді жымқыру, анықтау, тартып алу және тәркілеу туралы конвенцияларын ратификациялады.
– Бүгінде біз «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстанбұл жоспары» мониторингінің өзара баға беруге арналған субөңірлік бағдарламасына белсенді түрде атсалысып отырмыз, – деді Мемлекеттік хатшы.
Соңында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова сындарлы ой-пікірлердің ортаға салынып, тиімді диалог орнайтынына ниеттестік білдіріп, Конгреске қатысушыларға зор табыс тіледі.
Талғар-ақпарат