Ұлан ғайыр еліміздің бас қаласы, әлем таныған жас қаласы – Астанамыз биыл 20 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Тәуелсіздік алған, өзге жұртпен терезесі теңелген еліміз өзінің астанасын, бас қаласын, мемлекетінің жүрегін ежелгі ел қорғаны болған Сарыарқаның төсіне әкеліп орнатып, Астана деген ардақты атқа ие етті. Осындай азғантай ғана уақытта жаңа астана – әлемдегі жаңа қоғамдық құрылысқа құлшына қосылып отырған жаңарған еліміздің әкімшілік орталығы болып, тәуелсіздіктің асыл тілегін, халқымыздың алтын арманын арқалаған ардақты қала атанып үлгерді. Есілдің жағасында, Сарыарқаның төсінде, Інжу – маржандай Ақ Орда мен Бәйтеректі ұлықтаған Астанамыз «Әлем қаласы» атанып, көркімен де, көлемімен де, келбетімен де төрткүл дүниені мойындатты. Бүгінгі еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін Астанаға мақтанышпен қарайды, оны елдігіміздің, мемлекеттігіміздің нышанындай қабылдайды.
Әсем Астанамыздың 20 жылдық мерекесіне орай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Астана – елімнің жүрегі» атты патриоттық әндер байқауы болып өтті. Аталмыш ән байқауына ауданымыздың барлық елді мекендерінен елуден аса өнерлі жастар жиналды. Тартысты додада жас таланттардың өнерін бағалап, әділ шешімін шығаратын қазылар алқасы да құрылды. Оның құрамында мәдениет майталманы Ғайса Рамазанов, кәсіби вокал маманы Жомарт Құлбарақов, қобызшылар Жадыра Нұрманбетова мен Гүлзира Шаяхметовалар болды. Байқаудың бірінші іріктеу бөлімінде қазылар алқасы барлық қатысушыларды тыңдап, өнерпаздардың дауыс ырғағына, сахналық келбетіне, таңдаған әндерін тыңдарманына шебер жеткізуіне ерекше назар аударды. Байқаудың негізгі бөліміне жиырма сегіз өнерпаз жолдама алды. Олардың барлығы да Отан, туған жер, Астана тақырыптарында рухты өрлетер әсем әндерін тамылжыта шырқап, көптің көңілінен шықты. Қазылар алқасына үздікті анықтау қиынға соқты. Өйткені сайдың тасындай бірі-бірінен өткен өнерпаз жастардың ән орындау шеберліктері мен дауыс ырғақтары тыңдарманды таң-тамаша етті. Дегенмен, байқау болған соң жеңімпаз да біреу болуы тиіс. Қорытынды есеп бойынша қазылар алқасынан ең жоғарғы бал жинаған №36 орта мектептің кішкентай әншісі Азель Абдубай байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Ал, бірінші орынды №44 мектептің оқушысы Ақарыс Мырзахан мен №2 мектептің оқушысы Диана Асылбекова иеленсе, екінші орынды №26 орта мектептің оқушысы Адемай Жуманова мен №37 мектептің оқушысы Бақнұр Беделхандар бөлісті. Үшінші орынға №8 мектеп-гимназиясының оқушысы Айым Қабыл және №24 мектептің оқушылары Анель Ақылбай мен Ақылбек Орынбасардың дуэті лайық деп танылды. Байқауды қорытындылаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Фарида Бегенбаева барлық жеңімпаздарды «Дипломдармен» марапаттап, бағалы сыйлықтарын табыс етті. Бұл күнгі байқауға қатысқан өнерлі жастар мен олардың бойындағы талантын танып, өнерге жетелеген ұстаздары да бөлім бастығының «Алғыс хатына» ие болды.
Перизат Нұрқаева
Талғар-ақпарат