ГОЛОВКИН МЕН АЛЬВАРЕСТІҢ ЖЕКПЕ–ЖЕГІ ӨТПЕЙ ҚАЛУЫ МҮМКІН

ГОЛОВКИН МЕН АЛЬВАРЕСТІҢ ЖЕКПЕ–ЖЕГІ ӨТПЕЙ ҚАЛУЫ МҮМКІН

Кешелі–бері бүкіләлемдік сайт қазақстандық Геннадий Головкинмен жекпе жекке дайындалып жатқан мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альвареске қатысты күдікті ақпараттарды сүйінші сұрағандай жария етуде, деп хабарлайды ТалғарАқпарат Айқын сайтына сілтеме жасап.  
Мәлім болған деректерге сенсек, қазіргі кезде Альвареске «допинг қолданды» деген айып тағылып отыр. Бұл қаншалықты ақиқат? Ол жағы әлі нақтыланған жоқ. Бірақ әлемді шарлап кеткен ақпаратқа қатысты барлық тиісті орындар әліптің артын бағып, тыныш отырған сыңайлы.
Қазақстандық Vesti.kz ақпарат агенттігі мәлім еткендей, дерек көзі ең алдымен Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының өкілдерінен шыққан. Оған қоса BoxingScene басылымы да осындай анықталмаған ақпаратты жұртшылыққа жария етіп жіберді. Дәлірек айтсақ,
Альварестің допинг сынамасынан кленбутерол табылған. Бұл препарат адамға бұлшық ет массасын өсіруге және майды жоюға көмектесетін көрінеді.
Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының өкілдері таратқан мәлімдеме бойынша Альварестің ағзасына бұл препарат зақымдалған ет арқылы еніп кеткен болуы мүмкін екендігі айтылады. Бұл болжам расқа айналуы да ықтимал. Өйткені дәл осындай жолмен соңғы кездері ондаған спортшының ағзасына кленбутерол еніп кеткен. Бұл болжамды Солт-Лейк-Ситидегі SMRTL зертханасының директоры Дэниэль Айкнер де қуаттап отырғанға ұқсайды.
Сонымен 5 мамыр күні Лас-Вегастағы T-Mobile Arena алаңында бүкіл әлем жұртшылығының назарын аударатын жекпе жек кеші өтпей қалуы мүмкін бе? Бұған қатысты Альварестің өзі не дейді? Жақын уақытта Мексиканың жаттығу лагерінен АҚШ-қа аттанайын деп отырған Головкиннің қарсыласына бұл жайт төбеден түскендей оқыс оқиға болды ма?
–Мен спортты құрметтейтін боксшымын. Орын алған оқиға мені алаңдатады және қатты мазасыздандырып отыр. Өмір бойы бокста келе жатқан адаммын. Сондықтан менің спорттық жолымда мұндай жағдай орын алған жоқ. Қолайсыз жағдайда қалмас үшін және өзімді толық ақтау үшін барлық тиісті тесті тапсырамын. Ақырында барлық қиын жағдай артқа қалады деп ойлаймын. Бұл тосын жайттан да кедергі болмай өтемін деп сендіремін, – деді мексикалық Сауль «Канело» Альварес.
Бұған қатысты қазақстандық Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлердің де өз пікірі бар. Ол «жария болған ақпарат нақтыланбай тұрып, Альваресті алдын ала кінәлаудың қажеті жоқ» екенін айтты. Неге?
–Допингке ерікті түрде тексерілу қауымдастығынан (VADA), сонымен қатар Атлеттер комиссиясынан толығырақ мәлімет алмайынша, бұл жағдайға қатысты біз ешқандай пікір білдіруге асықпаймыз. Головкин әрдайым әрбір жекпе-жегінде VADA сынағынан өтуді өзіне міндет санаған. Оның соққысы қатты, сондықтан Головкиннің бапкері «оның дайындығына ешкімнің күмәні болмауы керек» деп отыр. Геннадий таза спорт мәселесіне және қарсыластардың тең мүмкіндікте болуына аса қатты назар аударады. Ал аталған оқиғаның мән-жайы әлі нақты жария етілген жоқ, сондықтан біз алдын ала ештеңе айта алмаймыз, – деді Геннадийдің промоутері Том Леффлер.

Талғар-ақпарат