Арайлы таңдай – сұлу Астана!

Арайлы таңдай – сұлу Астана!

Астанаға 20 жыл

Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, еліміз үшін жаңа тарихтың басталды. Еліміздің болашақ тағдырын айқындайтын тағы тарихи кезеңдері болады. Сондай кезеңдердің бірі – астанамыздың Сарыарқа төсіне қоныстануы болды. Міне, сол қазақ елінің тәуелсіздігінің нышаны іспеттес әсем қаламыз Астананың бой көтергеніне де 20 жыл толып отыр. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен осынау аз ғана жылдың ішінде елордамыз дәулеті тасып, сәулеті асқан жер жаһандағы сұлу шаһарлардың біріне айналды.

Сәрсенбінің сәтті күнінде қаламыздағы Талғар қалалық балалар кітапхасында «Арайлы таңдай-сұлу Астана!» атты тақырыпта мерекелік кеш болып өтті. мемлекетіміздің символы, асқақ абыройымыздың айғағы болған Астанамыздың мерейлі тойына орай өткен игі шараға кітапхананың жас оқырмандары мен ата-аналар көптеп жиналды. Кешті ашып, алғы сөз сөйлеген кітапхана меңгерушісі Гүлбаршын Шурабекова Астананың тарихына тоқтала келіп:

— Жиырма жылдың ішінде әсем қала ретінде әлемге танылған Астана Қазақстанды да дүниежүзіне әйгілі етті. Астана бүгінде еліміздің мақтанышына, даламыздың көркіне айналып отыр. Астанамыз біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамыз,- дей келе арнайы оқырмандар үшін әзірлеген фотокөрмесімен таныстырды. Көрмеге Астана қаласының әсем келбеті суреттелген фотолар мен Астана туралы жазылған кітаптар мен газет-журналдар қойылыпты. Келесі кезекте қаламыздағы №1 орта мектептің бастауыш сынып оқушылары Астана қаласына арналып жазылған ақын ағаларының өлеңдерін мәнеріне келтіре оқыды. Атап айтқанда, Айым Сағынышқызы, Мәди Исаев, Мағжан Қуатұлы, Нұрәли Баянғожин, Шұғыла Буканова, Аружан Жақсыбай, Нұрай Бекарыстан, Нұрдәулет Әскербек, Балғын Тастан, Дидар Досандар Несіпбек Айтов, Хасен Көптілеу, Күләш Ахметова, Махмұтбай Әміреұлы сынды ақындардың өлеңдерін нақышына келтіре, мәнерлеп оқып берді. Ал, өнерлі жастар Рамазан Біржанұлы, Бейбарыс Нұрлан, Аян Чайбатайлар «Келіншек», «Қос алқа» күйлерін күмбірлете ойнап, «Желбіржекен» әнін тамылжыта шырқап берді. Содан кейін жиылған қауым сахна төріне қойылған экраннан Астана қаласы туралы түсірілген бейнефильмді тамашалады. №1 орта мектептің ұстазы Меңтай Есенғалиева да өз кезегінде балаларға еліміздің басқаласы туралы әңгімелеп берді. Жас ақын Айбек Бестенқұлов балаларға жүрегін жарып шыққан «Туған жерге» атты өлеңін тарту етсе, ата-аналар атынан сөз алған Алма Исаева мен Бақытхан Рахымжановалар өскелең ұрпақты білімге жетелеп, олардың рухани жандүниесін байытуға зор үлесін қосып отырған кітапхана меңгерушісі мен ұстаздарға алғыстарын білдірді. Мағынасы терең мазмұнды кешті аудандық кітапхананың әдіскері Ризвангүл Токарзаева қорытындылап, рухаият ордасы саналатын кітапханаға үзбей келіп, білім нәрімен сусындап жүрген балаларға ризашылығын білдіріп, игі шараны ұйымдастыруға қолдау көрсетіп жүрген №1 орта мектептің басшылығы мен ұстаздарына алғысын жеткізіп, аудандық кітапхана директорының «Алғыс хаттарын» табыс етті.

Перизат НҰРҚАЕВА

Талғар-ақпарат