Елбасы Жолдауына қолдау көрсетті

Елбасы Жолдауына қолдау көрсетті

Өткен аптада аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында Мемлекет басшысының 2018 жылдың 10 қаңтарындағы «Төртінші өнеркәсіптік жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын мемлекеттік қызметкерлер арасында насихаттау мақсатында жиын болып өтті. Аталмыш жиынға аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, аудандық мәслихаттың депутаты Дархан Абдихамитов, аудандық Әділет басқармасының басшысы Айдар Нұрмұханбет қатысып, жиынды  аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының бастығы Марлан Нұрбеков жүргізіп отырды. Ол алдымен Жолдауда айтылған негізгі мәселелер – реформалар мен Елбасының үкіметке қойып отырған талаптарын, Қазақстан халқына жүктелген тапсырмаларын ұжымға түсінікті етіп жеткізді. Содан кейін сөзді аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Сағынжанқызына берді.

Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарының алдында тұщымды баяндамасын жасаған партиясы басшылығы мемлекетіміз жаңа әлемге, яғни  Төртінші өнеркәсіптік революция   әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу керектігін  тайға таңба басқандай айқындап берген Жолдаудағы   еліміздің қарқынды дамуын ілгерілету үшін маңызы орасан зор Елбасы белгілеп берген он бағытқа, әсіресе, осы салаға қатысты жетінші бағыттағы  «Адами капитал-жаңғыру негізіне» тоқталып, ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды дамыту керектігімізді алға тартып,  мемлекеттік қызметкерлерді осы көрсетілген міндеттердің жүзеге асыруылуына өз үлестерін қосуға шақырды. Кейінгі кезекте сөз сөйлеген  аудандық мәслихаттың депутаты Дархан Абдихамитов пен аудандық Әділет басқармасының басшысы Айдар Нұрмұханбет те Жолдау аясында өз ойларын ортаға салып, Елбасының жүктеген міндеттерін жүзеге асыру мақсатында жұмыла жұмыс жасау керектігін, орталықтың міндеті халыққа адал қызмет көрсету болғандықтан қоғамды ішінен ірітіп жатқан жемқорлыққа жол бермей, жаңа заманға сай білімді, білікті маман ғана іс тетігін шеше алатынын жеткізді. Өз кезегінде сөз алған орталықтың HR менеджері Жамал Мырзахметова Жолдауда көрсетілген «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан тұрғындарына «Электронды Үкімет» порталымен жұмыс жасауды үйретіп жатқандықтарын алға тартып, бұл мақсаттағы игі істердің әлі де жалғасын таба беретінін айтты. Жиын соңында еліміздің бас партиясының өкілі Мейрамгүл Сағынжанқызы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының бірқатар қызметкерлерін партияның «Алғыс хатымен» марапаттады. Атап айтқанда, халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Марлан Нұрбеков, орталық қызметкерлері Лейла Ходжахметова, Бақытжан Мансуров, Гүлзада Байжановалар марапатқа ие болып, мәртебелері асқақтады.

Перизат НҰРҚАЕВА

Талғар-ақпарат