Ұйғыр ауданының құрылыс мәселесі

Ұйғыр ауданының құрылыс мәселесі

Өткен жылы аудандағы құрылыс жұмыстарының көлемі 18 миллиард 428 миллион теңгеге орындалып, 2016 жылмен салыстырғанда құрылыс жұмыстары 5 миллиард 696 миллион теңгеге азайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ұйғыр ауданының әкімі Нурахунов Шухрат баяндады, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникацияға сілтеме жасап. 

Әлеуметтік негізгі мәселелерінің бірі халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Ағымдағы жылы 10 жалгерлік үй салынып, олар  жетімдерге, аз қамтылған отбасыларға, бюджет саласында жұмыс жасайтын қызметкерлерге берілді. Ағымдағы  жылға 174 гектар жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік инфрақұрылымның құрылысын аяқтауға 100 миллион теңге, 12 елді мекендерде учаскелік полиция пунктерінің жаңа құрылыстарын жүргізуге 274 миллион тенге, Шарын мен Ақтам ауылдарында әкімшілік ғимараттарының жаңа құрылысына 173 миллион теңге қарастырылды.

Сонымен бірге жиында, аудандағы үлкен проблеманың бірі жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер теліміне ауданда 5338 адам кезекте тұрғаны айтылды. Ең көп кезекте тұрғандар Шонжы, Шарын, Үлкен Аксу, Тасқарасу ауылдарында. Осыған байланысты инженерлі-коммуникациялық желілерінің құрылысын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттарын жасатуға осы айтылған төрт ауылға 78,4 миллион теңгеге бюджеттік өтінім берілді.

«25 елді мекеннің 21-і  орталық су жүйесімен қамтамасыз етілген. 2017 жылы 2 елді мекенде Ардолайты және Кепебұлақ ауылдарында ауыз су құрылысы аяқталды. Ал Қырғызсай ауылында жұмыс 90 пайызға аяқталды деп айтсақ болады. Нысан үстіміздегі жылы беріледі», — дейді Ш.Нурахунов.

Сондай-ақ,  өткен жылы 16 миллион теңгеге ауданның 25 елді мекенінің жолдарын паспорттау жүргізілді. Бұл жолдардың ұзындығы 465 шақырымды құрап отыр.

Талғар-ақпарат