ӨНЕРІ ӨРІСТЕГЕН, ДӘСТҮРІ ДӘРІПТЕЛГЕН ТАЛҒАР
Туған жер – әр адамның жүрегіне ең жақын, көңіліне ыстық, қадірі ерекше қасиетті мекен. Оның тарихы мен тағылымы, өнері мен өрнегі, салт-дәстүрі мен мәдениеті – ұлт руханиятының ажырамас бөлігі. Ауылды алтын бесікке теңеген халқымыз қашанда туған жердің қадірін біліп, оның мәдениетін, ұлттық болмысын, өнері мен өнегесін ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді басты міндет санаған. Осы ізгі ұстанымның жарқын көрінісі ретінде Талғар ауданында «Ауылым – алтын бесігім» атты аудандық және қалалық мәдениет күндері байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, елдің рухани байлығын, ұлттық өнердің өрісін және шығармашылық әлеуетін танытқан тағылымды мерекеге айналды.
Әр ауданда дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл мәдени бастама туған өлкенің жетістіктерін көпшілікке таныстырумен қатар, ауыл мен қала мәдениетінің тыныс-тіршілігін бір арнаға тоғыстырады. Өнерпаздардың қабілетін шыңдап, қолөнер шеберлерінің еңбегін бағалауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, кейінгі буынның төл мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жолы да қасиетті Талғар топырағында өткен мереке осындай ізгі мақсаттарды сабақтастырып, жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады.
Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев, Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ануар Үмбеталиев, облыстық мониторинг, жоспарлау және мәдени іс-шаралар бөлімінің бас маманы Төлеужан Ғұмаров және мәдениет саласының өзге де өкілдері қатысты. Қонақтар мен аудан тұрғындары ұлттық өнердің сан алуан үлгісін тамашалап, шығармашылық ұжымдардың өнеріне куә болды.
Талғар – тарихы терең, табиғаты көркем, рухани мұрасы бай өлке. Көне Талхиз қалашығынан бастау алатын тарихи сабақтастық, ата-бабадан қалған дәстүрлер мен бүгінгі мәдени бастамалар өңірдің өзіндік болмысын айқындайды. Осындай қасиетті мекенде ұйымдастырылған мәдениет күндері туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, елдің рухани әлеуетін кеңінен танытуға жол ашты.

Ұлттық мұра ұлықталған мереке
Аудандық мәдениет үйінің алдындағы кең алаң мереке күні нағыз этноауылға айналды. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы бұйымдар қойылған көрме алаңдары безендірілді. Мәдениет саласының қызметкерлері, өнерпаздар, шығармашылық ұжымдар, кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындар бас қосқан мерекенің мазмұны да, көркі де ерекше болды.
Алдымен келушілер назарына талғарлық қолөнер шеберлерінің туындылары ұсынылды. Көрмеден түрлі-түсті көрпелер мен көрпешелерді, ұлттық киімдерді, тұрмыстық бұйымдарды, музыкалық аспаптарды, кәдесыйлар мен ойыншықтарды, зергерлік әшекейлерді тамашалауға мүмкіндік туды. Әр бұйымнан шебердің қолтаңбасы, ұлттық нақышқа деген талғамы мен дәстүрлі өнерге деген сүйіспеншілігі аңғарылды.
Қазақ халқы үшін қолөнер – тұрмыстық қажеттілікті өтеудің ғана емес, ұлттың дүниетанымы мен эстетикалық талғамын танытатын асыл мұра. Киіз басу, сырмақ сыру, кесте тігу, зергерлік бұйымдар жасау, ағаш пен теріні өңдеу секілді дәстүрлі өнер түрлері ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Олардың әрқайсысында халқымыздың өмір салты, табиғатпен үйлесімді тіршілігі мен көркемдік танымы көрініс тапқан.
Сондықтан мұндай көрмелердің маңызы айрықша. Олар қолөнер шеберлерінің еңбегін көпшілікке танытып қана қоймай, ұлттық бұйымдарға деген қызығушылықты арттырады. Әсіресе жас ұрпақтың ата-баба мұрасын танып, дәстүрлі өнердің қыр-сырын үйренуіне ықпал етеді. Мереке аясында қазақтың дәстүрлі саятшылық өнері де дәріптелді. Алаңда тазы мен қыран бүркіт баптаған саятшылардың өнері көрсетіліп, ұлттық аңшылықтың өзіндік ерекшелігі таныстырылды. Бабаларымыздан мирас болып қалған бұл өнер түрлері халқымыздың табиғатпен етене байланысын, өмір салты мен танымын айшықтайтын құндылықтардың бірі екені сөзсіз.
Алаңға тігілген киіз үйлерде ауданның этномәдени бірлестіктері өздерінің ұлттық тағамдары мен мәдени ерекшеліктерін таныстырды. Әрбір шаңырақтың безендірілуі, ұсынылған тағамдар мен ұлттық бұйымдар мерекенің мазмұнын байыта түсті. Әсіресе Талғар қаласы Аналар кеңесінің мүшелері әзірлеген мол дастарқан көпшіліктің көңілінен шықты. Ұлттық тағамдарға толы ақ дастарқан талғарлықтардың қонақжайлығын, дархан пейілі мен кеңдігін танытты.
Қонақтарды әсем әнмен қарсы алған «Ардагерлер хоры» мен «Әжелер шуағы» ансамбльдерінің өнері де мерекенің шырайын аша түсті. Халықтық дәстүр мен заманауи шығармашылықты ұштастырған бұл ұжымдар ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсетті. Облыстан келген делегация көрме алаңдарын аралап, қолөнер шеберлерінің туындыларымен танысты. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінде суретшілер мен бейнелеу өнері шеберлерінің шығармаларынан құралған көркемсурет көрмесі ұйымдастырылып, көрермендер назарына ұсынылды. Осылайша, мереке ұлттық қолөнерден бастап бейнелеу өнеріне дейінгі шығармашылықтың сан қырын қамтыды.

Тарих пен тағылым тоғысқан сахна
Мәдениет күндерінің негізгі бөлімі аудандық мәдениет үйінің акт залында жалғасты. Залға жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Салтанатты шараның шымылдығы халқымыздың рухани мұрасы мен ұлттық құндылықтарын ұрпаққа жеткізудің маңызын айшықтаған тағылымды сөздермен ашылды.
– Халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани қазынасын, салт-дәстүрін, бай мәдени мұрасы мен ұлттық құндылықтарын сақтау және оны келер ұрпаққа аманат ету – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Осы игі мақсат жолында бүгін қасиетті Талғар жерінде «Ауылым – алтын бесігім» атты мәдениет күндері өтуде, – деді жүргізушілер.
Бұдан кейін байқаудың әділқазылар алқасының мүшелері таныстырылды. Олардың қатарында Төлеужан Ғұмаров, Дәулет Дәркембайұлы, Ғазиза Әбдиева, Ержан Тоқтар, Мәншүк Тұрсынғазина және Бекназар Какалейов болды.
Мерекелік бағдарламаның мазмұнын байытқан ерекше қойылымдардың бірі – «Талхиз қалашағы» атты театрландырылған көрініс. Ата мен немеренің әңгімесі арқылы Талғардың терең тарихы, асқақ таулары мен көркем табиғаты суреттелді. Қойылымда өткен мен бүгінді сабақтастырып, тарихи мұраны келешек ұрпаққа аманат ету идеясы көркем бейнеленді.
«Талғардың биігінде қыранның қанаты талмасын, тұңғиығы аңызға толсын, көне тарихы келешекпен жалғассын!» деген мазмұндағы көркем сөздер көрермен жүрегіне жол тапты. Сонымен қатар ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың өмірі мен Қашқарияға жасаған сапарына арналған сахналық көрініс қойылып, қазақ ғылымы мен тарихында өзіндік орны бар тұлғаның тағылымды өмір жолы жаңғырды.
Мұндай қойылымдар тарихи сананы қалыптастыруға, туған өлкенің өткенімен тереңірек танысуға мүмкіндік береді. Тарихты сахна тілімен сөйлету арқылы көрерменге елдік мұратты, ұлттың рухани сабақтастығын ұғындыру – мәдениет пен өнердің маңызды міндеттерінің бірі.
Мерекелік жиында аудан әкімі Әнуар Әскербеков құттықтау сөз сөйлеп, мәдениет күндерінің қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.
– Мәдениет күндері – ән мен бидің, ұлттық киімдер мен жыр-терменің көрсетілімі ғана емес. Бұл – халқымыздың тарихына, ұлы өткеніне тағзым ету, ата-бабадан қалған салт-дәстүр мен мәдени мұраны сақтау жолындағы маңызды шара. Бүгінде ауданымызда бес мәдениет үйі, он кітапхана, бір музей, жеті халықтық ансамбль және 62 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Олардың таланты мен тынымсыз еңбегінің арқасында қасиетті Талғар жерінде мәдениет өркендеп, руханият дамып келеді.
Бүгінгі мереке мәдениеттің ешқашан өшпейтінін, қайта халықтың шығармашылығы арқылы жасампаздықпен жалғаса беретінін дәлелдесін. Ұлы рухани құндылықтарды қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп жүрген талғарлықтардың еңбегі жемісті болсын! – деді аудан әкімі.
Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ануар Умбеталиев те жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, мұндай мәдени бастамалардың ұлттық мұраны сақтаудағы маңызына тоқталды.
– Бүгінгі мереке қасиетті Талғар жерінде өтіп отыр. Бұл өлке талантты жандарға бай, тарихы мен мәдениеті тереңнен тамыр тартқан мекен. Осындай басқосулар халықтың көңіл күйін көтеріп қана қоймай, кейінгі ұрпаққа ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеуге жол ашады. Мәдениет күндері игі дәстүрге айналып, баршамыздың басымызды біріктіріп, жетістіктерімізді бірге атап өтетін мерекеге айнала берсін! – деді ол.
Ән мен күйден шашу шашқан өнерпаздар
Салтанатты бөлімнен кейін мерекелік концерт басталды. Сахна төрінде орындалған әрбір шығарма көрерменнің көңілінен шығып, ұлттық өнердің сан қырын танытты.
Өнер кешінің шымылдығын «Талхиз сарыны» фольклорлық ансамблі «Ақсауыт» күйімен ашты. Одан кейін Қымбат Жексенбаева «Ескі асыл зат» әнін орындап, тыңдарманға ерекше әсер сыйлады. Нұрдәулет Әбдікәдіров пен Жансая Темір «Кербез сұлу» күйін орындаса, «Шашу» ансамблі «Мереке» биін ұсынды.
«Ару» ансамблінің биші қыздары орындаған «Көшпенділер» биі де көпшіліктің ықыласына бөленді. Би арқылы халқымыздың көшпелі өмір салты, ұлттық болмысы мен рухани әлемі сахнада көрініс тапты. Ал Димаш Даулетов «Талғардың сұлу қыздары» әнімен көрерменнің көңілін көтеріп, залға ерекше серпін берді.

Сахнада халық әндерімен қатар, әлемдік опера өнерінің туындылары да шырқалды.
Концерттік бағдарламаның мазмұны бай, репертуары сан алуан болды. Ұлттық музыка, ән мен күй, би және вокалдық өнер бір арнада тоғысып, мерекенің көркемдік деңгейін көтерді. Өнерпаздар көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұзаққа созылған қошеметке бөленді.
Өнер – ұрпақтарды жалғастыратын, адамдарды жақындастыратын рухани көпір. Ән мен күй арқылы халықтың тарихы, арманы мен мұраты, туған жерге деген сүйіспеншілігі көрініс табады. Сондықтан осындай мәдени шаралардың жас таланттарды қолдаудағы, халық шығармашылығын дамытудағы және ұлттық өнерді дәріптеудегі орны ерекше.
Мерекелік концерттің қорытындысын жасаған облыстық мониторинг, жоспарлау және мәдени іс-шаралар бөлімінің бас маманы Төлеужан Ғұмаров шараның мазмұнды әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, мәдениет күндері арқылы жұртшылық қазақ халқының тарихи өткенімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татып, салт-дәстүрлерінің байлығын сезіне алды. Ал талғарлықтар өздерінің ұлттық құндылықтарды қастерлеп, мәдени мұраны көздің қарашығындай сақтап келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мәдениетке қызмет – ел руханиятына қызмет
Мәдени шараның жоғары деңгейде өтуі – көптеген адамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Сахнадағы әрбір қойылымның, көрмедегі әрбір бұйымның, мерекелік бағдарламаның әрбір сәтінің артында ұйымдастырушылардың жауапкершілігі, мәдениет қызметкерлерінің ізденісі мен шығармашылық ұжымдардың табанды еңбегі тұр.
Осы орайда «Ауылым – алтын бесігім» атты аудандық және қалалық мәдениет күндері байқауының мазмұнды әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Талғар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаеваның қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн.
Мәдени шараның жүйелі ұйымдастырылуы, ұлттық құндылықтардың кеңінен дәріптелуі, қолөнер шеберлері мен өнерпаздардың шығармашылық әлеуетінің лайықты таныстырылуы – мәдениет саласына деген жауапкершілік пен кәсіби біліктіліктің көрінісі. Көпшілікке ұсынылған мазмұнды бағдарлама, көрме мен концерттің өзара үйлесімі, тарихи мұра мен заманауи шығармашылықтың сабақтастығы ұйымдастырушылар тарапынан атқарылған жұмыстың ауқымын аңғартты.
Мәдениет саласының дамуы тек мерекелік концерттермен немесе сахнадағы көріністермен өлшенбейді. Оның негізінде күнделікті еңбек, шығармашылық ізденіс, ұлттық мұраға деген жанашырлық және халықтың рухани қажеттілігін түсіну жатыр. Мәдениет мекемелерінің қызметін жандандыру, өнерпаздарға қолдау көрсету, ауылдық жерлердегі шығармашылық ортаны дамыту – елдің рухани әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды міндеттер.
Талғар ауданында ұйымдастырылған бұл шара мәдениет саласындағы осындай жұмыстардың маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Байқау ауылдар мен қаланың шығармашылық мүмкіндіктерін таныстырып қана қоймай, мәдениет қызметкерлерінің еңбегіне назар аударып, ұлттық мұраға деген құрметті арттырды.
Дәстүр сабақтастығы – болашаққа бастар жол
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтау, төл мәдениетті жаңғырту және тарихи жадыны кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселесі ерекше маңызға ие. Ақпарат ағыны күшейіп, өмір салты өзгерген сайын ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық өнерімізді құрметтеу қажеттілігі арта түседі. Бұл – тек мәдениет мекемелерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру отбасынан басталып, білім беру ұйымдары мен мәдениет ошақтарында жалғасады. Туған жерінің тарихын білу, ата-бабаның мұрасын тану, ұлттық өнерге қызығу және үлкендердің өнегесін бойына сіңіру – жас буынның азаматтық болмысының қалыптасуына ықпал етеді.
Әр ауылдың өзіндік тарихы, елге еңбегі сіңген тұлғалары, мәдени дәстүрлері мен рухани мұрасы бар. Сол байлықты жинақтап, насихаттап, келер ұрпаққа жеткізу арқылы ұлттық жадымызды жаңғыртып, елдік санамызды нығайтамыз. Осы тұрғыдан алғанда, «Ауылым – алтын бесігім» секілді мәдени бастамалардың тәрбиелік әрі қоғамдық маңызы зор.
Талғардағы мәдениет күндері туған өлкенің өнері мен өрнегін, дәстүрі мен тағылымын бір арнаға тоғыстырды. Қолөнер шеберлерінің туындылары, этномәдени бірлестіктердің таныстырылымдары, тарихи қойылымдар мен концерттік бағдарлама – бәрі де ұлттық мұраны ұлықтауға бағытталды. Бұл шара халықтың рухани бірлігін нығайтып, өнер мен мәдениеттің қоғам өміріндегі орнын айқындай түсті.
Ауылды алтын бесікке теңеген халқымыздың даналығы ешқашан мәнін жоғалтпайды. Өйткені ауыл – ұлттық дәстүрдің қайнар көзі, елдік тәрбиенің бастауы, рухани құндылықтардың алтын арқауы. Сол бесікте тербелген ұрпақ туған жерін қадірлеп, елінің мәдениетін құрметтеп өссе, ұлттық мұрамыздың ғұмыры да ұзара бермек.
Талғар төрінде өткен «Ауылым – алтын бесігім» мәдениет күндері өнері өрістеген, дәстүрі дәріптелген, руханияты бай өңірдің мерейін асырды. Мереке туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, мәдениет саласында еңбек етіп жүрген жандардың маңызын танытты. Осындай игі бастамалар жалғасын тауып, ұлттық өнеріміздің өрісі кеңейіп, рухани құндылықтарымыз келер ұрпаққа аманат болып жете берсін!
Өйткені туған жердің өркендеуі – елдің өркендеуі, мәдениеттің дамуы – ұлт рухының жаңғыруы. Ал ауылын алтын бесігіне балаған халықтың рухани тамыры әрдайым терең, болашағы берік болмақ.
Гауһар Тұрсынқожа





