Елімізде сән үшін салынған мешіттер көбейіп, біразы қаңырап қалған. Дін істері министрі Нұрлан Ермекбаев имамы жоқ, адам көп бармайтын бұл ғимараттарды қожайындары саудаға қойып жатқанын айтады. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарының мәліметіне сүйеніп жазады.
Министрдің айтуынша, кей мешіттер тіпті жамағат санына сәйкес келмейді. Оның үстіне, халық көп жүретін көшенің бойына салынған мешіттер мен шіркеулердің кейбірінде көлік қоятын орындары болмайды. Дауысы қатты шығып, қоңыраулары айналадағы тұрғындардың мазасын алады . Осыны бұлдап министрлікке шағымданатындар көбейген. Сондықтан ғибадатханалардың, әсіресе мешіттердің құрылысын тәртіпке келтіретін уақыт жетті дейді Ермекбаев.
— Бүгінде елімізде 3601 мешіттің 84-і қаңырап бос тұр. Бұл процесті жүйеге келтіру үшін діни ғибадатханалар салуға рұқсат беретін айқын стандарттар болуы қажет. Соның ішінде, жаңадан құрылыс салуға ниетті азаматтарға қосымша талаптар қойылуы мүмкін. Мысалы, ғибадатхана салудың жаңа үлгілі ережелерін енгізу керек, — деді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев.
Талғар-ақпарат