Алматы қаласында автобус пен троллейбус жолақысы көтерілмейді. Бұл туралы Бауыржан Байбек халықпен кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды ТалғарАқпарат Baq.kz-ке сілтеме жасап.
«Тұрғындар тарапынан компенсациялар, субсидиялар бөлініп жатыр, олардың 30 пайызына автобус парктері жаңартылды. Алматылықтардың өтінішімен 24 маршрут алмастырылды, 10 маршрут жаңартылды. Бірақ жеке тасымалдаушылар қызмет көрсету сапасын жақсартпаса да, жолақы тарифін 150 теңгеге дейін көтеруді талап етіп отыр. Олар өздерін жолақысы 100 теңге болып тұрған Қостанаймен салыстыруда. Алматы қаласында тариф 2012 жылы ғана 80 теңгеге көтерілді. Сол кезде бұл Қазақстан бойынша ең жоғарғы жолақысы еді. 20 жыл ішінде автобус парктері ақшаны «күректеп» жинады. Субсидия мен өзге де көмектер алып отырды. Бұл ақшалар қайда кетті? (…) Кейбіреуі қоқаң-лоқы көрсетіп жатыр. Мұндайларға қатысты қатаң шаралар қолданатын боламыз», — дейді Байбек.
Мұнымен қатар, қала әкімі қызмет сапасы жақсармайынша тарифтердің де көтерілмейтінін айтып өтті.
Талғар-ақпарат