АҚШ ҚЫТАЙҒА ҚАРСЫ СОҒЫСҚА ДАЙЫНДАЛЫП ЖАТЫР

АҚШ ҚЫТАЙҒА ҚАРСЫ СОҒЫСҚА ДАЙЫНДАЛЫП ЖАТЫР

АҚШ-тың Австралия еліндегі жаңа елшісі болып тағайындалған адмирал Гарри Харрис конгрессте Вашингтонның Қытаймен арадағы соғысқа белсенді дайындалуы керектігін айтты. Бұл туралы The Guardian басылымы тарқатады. Адмиралдың айтуынша, Қытай өзінің әскери қарқынын сәт сайын дамытып, үдетіп жатыр. Бұған қарап жақын арада Қытай армиясы Оңтүстік-Қытай теңізінде АҚШ әскерилерінен де артық күшке ие болуы мүмкін екен. Харристің ойынша, Америка бұған мән бермей, көңіл аудармай өте шыққысы келеді. Адмиралдың пікіріне сүйенсек, АҚШ бірінші кезекте бұл соғыстан құтылудың амал-айласын қарастыруы тиіс. Бұл ретте қарсы соғысқа дайындалуды да ұмытпағаны жөн. Аспанасты елінен төнетін қауіп факторларының ішінде Харрис, Қытайдың Оңтүстік-Қытай теңізіндегі даулы аралдарда жеті әскери нысан салып жатқанын да атап өткен. Бұған дейін 15 ақпанда Америка Құрама Штаттарындағы Қытай елшісі Цуй Тянькай Қытайды үнемі қорқынышты етіп көрсете берудің соңы жайсыздыққа ұрындыруы мүмкін деп мәлімдеді.

– Өз даму жолымен келе жатқан Қытайдан қорқу – ақылға қонымсыз. Керісінше, екі мемлекеттің байланысы жауласуға емес, өзара ынтымақтастық пен достыққа негізделуі керек, – дейді елші. Бұған жауап берген Конгресс сенаторы Шелли Капито «Вашингтонның қытайлық инвестицияны асыға күтетінін, сол қаражат негізінде көптеген жұмыс орындарын ашып, өңірді гүлдендіруге болатынын» айтқан.

14 ақпанда АҚШ Федералды барлау бюросының директоры Кристофер Рэй америкалық білім мекемелеріне Қытай өз агенттерін енгізіп жатқанын хабарлаған еді. Кристофер Рэйдің сөзінше, қытайлық барлаушылар студент және профессор бейнесінде америкалық ірі білім мекемелері мен университеттерінде белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте оқу орындарының басшылары оларды байқай бермейді. Қазіргі таңда АҚШ-та оқитын қытайлық студенттер жалпы шетелдік студенттердің 35 пайызын құрайды екен. Қазіргі таңда Конфуций институттары америкалықтарға қытай тілін үйретуге күш салып, Бейжіңге деген жылы көзқарас қалыптастыруға тырысып жатыр. Бұл да өз кезегінде америкалық арнайы қызмет өкілдерінің алаңдаушылығын туғызуда. Сенатор Джон Корниннің айтуынша, Қытай Америкаға инвестиция салу арқылы Вашингтонның алдыңғы қатарлы қорғаныс технологияларына қол сұқпақ. Сенатордың сөзіне сүйенсек, Қытай осылайша әскери салада көшбасшылық тізгінін ұстауға ұмтылуда. Айтуынша, қытайлықтар квантты технология саласында жетістікке жетсе, жаһандық көшбасшылыққа қол жеткізбек. Олар қарсыластың шифрланған кодын бұзып, спутниктің жаңа түрлерін құруына мүмкіндік жасайды дейді сенатор.

Бұған дейін South China Morning Post басылымы Қытайдың жасанды интеллект және квантты технологиялар саласында елеулі қызмет атқара алатын 120 ғалымды таңдап алып, жаңа қару түрлерін жасап шығару бойынша іске кіріскенін хабарлаған еді. Осылайша, Қытай халықты азат ету армиясы жақын уақытта әскери мүмкіндік деңгейі бойынша АҚШ-ты қуып жетуге ұмтылып отыр екен. Таңдап алынған мамандардың 95 пайызының ғалым дәрежесі бар және жауынгерлік жұмыс басқармасы саласы бойынша жақсы тәжірибеге ие. 2017 жылдың шілде айында Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин елдің әскери ғылым академиясында сөйлеген сөзінде әскери қарулану саласында әлемдік державаға айналуға шақырған еді.

– Қытай халықты азат ету армиясы кез келген жаулап алу әрекеті тұрғысынан сөзсіз жеңіске жету мүмкіндігіне ие. Өзіне сенімді. Ұлттық қызығушылықты, қауіпсіздікті толыққанды қорғай алады, – деген еді Си Цзиньпин.

Қаңтар айының аяғында АҚШ президенті Дональд Трамп та Қытайды басты бәсекелес деп санайтынын айтты. Алайда мемлекет басшысы бұл сөзін әскери және жауластық мазмұнда емес, экономика және құндылықтар тұрғысынан қарайтынын жеткізген. RAND Corporation аналитикалық компаниясы АҚШ пен Қытай арасында болуы мүмкін соғыстың сценарийінде жариялап қойған. Эксперттердің болжауынша, қытайлық әскерилер америкалық жауынгерлермен бетпе-бет айқасудан қашады. Негізгі екпін кибер шабуыл тұрғысынан бағытталуы ықтимал.

АҚШ арнайы қызметі америкалықтарды қытайлық Huawei смартфонын пайдаланбауға шақырған. Бұл ретте АҚШ-тың бүкіл қауіпсіздік қызметтері теллекоммуникация және гаджеттер өндірумен айналысатын ZTE компаниясы  ҚХР үкіметінің нұсқауымен жұмыс істейді деп қауіптенеді. «Бұл (қытайлық смартфондарды пайдалану) біздің телекоммуникациялық инфрақұрылымына деген қысымды күшейте түседі» дейді Рэй. Қаңтар айында қытайлық компания АҚШ-тың ірі ұялы байланыс операторы AT&T компаниясымен келісім жасасып, америка нарығына шығуды көздеген болатын. Алайда келісім бұзылып, компания қытайлық смартфондарды сатылымға шығарудан бас тартты. Шетелдік басылымдардың мәліметінше, бұл АҚШ Федералды комиссиясы тарапынан AT&T -ға жасалған қысымнан болуы мүмкін.

Біраз уақыт бұрын америкалық National Interest басылымы қызық ақпаратты жария етті. Онда қытайлықтардың 2500 жыл бұрын жазылған әскери стратегияны қайта жаңғыртып жатқандары айтылған. Оның негізі «шайқасқа араласпай-ақ соғысты жеңіп шығу» деген ұранға негізделген.  Автордың жазуынша, Қытай АҚШ-пен соғысқан жағдайда америкалықтардың құрлық, теңіз, әуе күштерінің жұмыс істеу қабілетін төмендетіп тастауға ұмтылады. Қытай армиясы негізгі күшті америкалық мәліметтерді өңдеу жүйесіне жұмсап, оны істен шығарып тастауға тырыспақ.

Мақала Айқын сайтынан алынды

Талғар-ақпарат