
Қарабекова Әмина Алпысбайқызы «Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалы, Бартоғай өрдірістік учаскесінің басшысы, «Құрмет» орденінің иегері. Өмірде нәзік әйел, ана болғанымен, қызметте ер азаматқа бергісіз мықты жетекші. Маусымдық суару науқанында ұйқы көрмейтін ұжым жетекшісімен Су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында әңгімелесіп қайттық.
- Алдымен оқырманға өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
- Мен 1965 жылы 24 желтоқсанда өмірге келдім. Түркістан облысы, Отырар ауданының тумасымын. Мектепті бітіргеннен кейін 1983 жылы Жамбыл Гидромелеорация институтына Су шаруашылығы факультетіне оқуға түстім. Жолдасым екеуміз бір оқу орнын бітірдік. Ол да осы саланың маманы. Екеуміз қол ұстасып Шелекке бірге келдік. Отбасын құрып, бала-шағалы болдық. 1999 жылдан бастап су шаруашылығындамын. Алдымен филиалға диспетчер боп орналастым, гидротехникалық қызмет жасадым. 15 жылдай учаске басшысының орынбасары болып, өндірістік бөлімшесінің басшысы деңгейіне көтерілдім.
- Отбасыңызда сізден басқа сушы бар ма?
- Балаларымды су саласына баулып келе жатырмын. Әкелері де осы мамандық бойынша ұзақ жыл еңбек етті. Балам Молдасанов Мейіржанды жөндеуші слесарь, күзетші етіп бірте-бірте мекемеге жақындаттым. Бартоғай су қоймасында да жөндеуші слесарь болып жұмыс істеді. Арнайы білім алғаннан кейін, техник, гидротехник болды. Қазір Бартоғай бөлімшесінде инженер гидротехник болып қызмет атқарып жүр. Қызым Молдасан Құралай Үшқоңыр колледжіне су шаруашылығы мамандығы бойынша оқуға құжат тапсырды. Өзімнің білгенімді балаларыма үйретіп жатырмын. Өйткені бұл өте маңызды сала. Мұнда халыққа қызмет ету – біздің әулеттің басты ұстанымы.
- Еңбек жолыңызда қиындықтар кездесті ме?
- Жалпы жоғары оқу орынын бітіргенімізбен, алдымда не күтіп тұрғанын түсінбедім. Сырттай қарағанда бұл саланың үлкен қиындықтары бірден көріне қоймайды. Суды реттеу кезінде үлкен құрылғылармен жұмыс істейміз. Күнделікті суды ашып-жапқанда көп күш жұмсаймыз. Суды жинаған кезде қауіпсізідк шараларын қатаң сақтау керек. Халықтың қауіпсіздігі мен амандығы басты назарда. Осы жауапкершілікті көтеру әйел адамға өте қиын. Бұл ауыртпалық ұжымға ортақ. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып атқаратын жұмыс. Солардың бәріне бас-көз болып қасында жүремін. Кеңседе отырсам, суқойма жақты ойлап алаңдаймын.
- Сумен жұмыс істеудің өзіндік қауіпті жақтары да бар. Сізде қорқыныш болды ма?
- Қорқыныш бар. Десе де өзіміз таңдаған мамандық болғаннан кейін біліктілігімізге қарай шамамыз жеткенше берілген тапсырмаларды орындап жатырмыз. Су шаруашылығы қауіпті сала болғандықтан, жауапкершілік үнемі алда тұрады. Мамандығым — өмірімнің бір бөлшегі. Бар ойым су болғандықтан кейде тіпті түсіме кіреді. Бірде Бартағайға су толып, ең жоғарғы шегіне жетіп жатқан. Ұйықтап кетсем, гүр еткен дауыс шықты. Аяқ-қолым дірілдеп атып тұрдым. Су арнасынан асып кетті ме деп қатты қорқып терезеге жетіп бардым. Сөйтсем ұшып бара жатқан ұшақтың даусы екен.
Суару маусымы аяқталғаннан кейін келесі вегетацияға дайындаламыз. Қыста құрылғыларға мұз қатып қалмауын қадағалап, тазалап тұрамыз. Тасқынның алдын алу шараларын да ұйымдастырамыз. Келер жылға жоспар жасаймыз. Биыл биллинг жүйесі енгізіліп, шаруалармен қыстан бастап электрондық келісімшартқа отырдық. Көктемде каналдарды қолмен де, техникамен де тазалаймыз. Сондай кезде жіті қадағалау керек. Жауын-шашын мөлшері көп болса, немесе, мүлде жаумай қалса, ол су ағынына қатты әсер етеді. Біз Қазгидрометпен байланыс жасап, ауа райын да назарда ұстап отырамыз.
- Отбасы мен қауіпті жұмысты қатар алып жүрудің қиыншылығы бар шығар?
- Оңай емес. Сонда да бірге алып келе жатырмын. Аллаға шүкір, балаларым, немерелерім бар. Жұмысыма байланысты ең қиын оқиға Бартоғай су қоймасында сүзгілеу кезінде болады. Оның жауапкершілі мен қорқынышы қатар жүреді. Судың мәліметін алып, бас кеңсеге жіберу үшін таңғы бестен тұрып, түнімен ұйықтамаймыз. Каналдар бойынша тәулігіне 3 уақыт судың деңгейі туралы мәлімет жібереміз. Арасында өзіміз 2 сағат сайын суөлшегіштерді бақылап тұрамыз. Түнгі кезекте кірпігіміз айқаспайды. Тіпті қыстың күні Бартоғайды ойлап отырам. Бұл нағыз су жиналатын уақыт қой. Сол өз деңгейінде жиналып, вегетация кезеңі қауіп-қатерсіз өтсе екен деп тілеймін. Біз халықпен тікелей жұмыс істегендіктен олардың ойынан шығуға тырысамыз.
- Болашақ мамандарға не айтар едіңіз?
- Мистрлік тарапынан жағдай жасалып, айлығымыз көтеріліп жатыр. Енді біздің салаға жастар қызығушылық танытып, сушы мамандардың саны артуы мүмкін. Олар бұл мамандыққа шын көңілімен, адал еңбек етем деген ниетпен өзін дайындап келуі керек. Соны жете түсінбей келсе, жұмыстағы жолы ұзаққа бармайды.
- Мұнайшыларда «қара алтын», мақташыларда «ақ алтын» деген теңеу бар? Суды неге теңейсіз?
- Су – нағыз тіршіліктің көзі. Ол алтыннан да ардақты. Себебі, қай жағынан алсаңыз да сусыз өмір жоқ қой.
Әңгімелескен Елгүл НҰҒМАН,
«Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының
Бсапасөз-хатшысы


