АЛКОГОЛЬГЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ – САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫНЫҢ НЕГІЗІ

Алкогольге тәуелділік – қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі. Ол адамның денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, отбасының берекесіне, қоғамның тұрақтылығына да кері әсер етеді. Сондықтан алкогольдің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу және салауатты өмір салтын насихаттау ерекше маңызға ие.

Алкогольді шамадан тыс пайдалану жүрек-қан тамырлары ауруларының, бауыр ауруларының және жүйке жүйесі бұзылыстарының пайда болуына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар ол еңбек өнімділігінің төмендеуіне, тұрмыстық жанжалдардың көбеюіне және түрлі құқық бұзушылықтарға алып келеді.

Осыған байланысты елімізде халық арасында профилактикалық іс-шаралар, ақпараттық кездесулер мен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай шаралардың мақсаты – азаматтарды денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға шақыру және зиянды әдеттердің алдын алу.

Әсіресе жастар арасында спортты дамыту, мәдени және қоғамдық іс-шараларға тарту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру маңызды. Отбасы мүшелерінің қолдауы мен дұрыс тәрбие де алкогольге тәуелділіктің алдын алуда үлкен рөл атқарады.

Салауатты өмір салтын таңдау – әр адамның өз қолында. Денсаулықты сақтау, отбасы құндылықтарын нығайту және қоғамның әл-ауқатын арттыру жолында алкогольден бас тарту маңызды қадам болып табылады.

«Салауатты өмір салты – жарқын болашақтың кепілі!»