Танымал журналист Әділбек Қаба ҚР Парламенті Сенаты баспасөз қызметінің жетекшісі болып тағайындалды, — деп хабарлайды ТалғарАқпарат.
Әділбек Күнесханұлы Қаба 1963 жылы 14 ақпанда Алматы облысы Нарынқол ауданы (қазіргі Райымбек ауданы) Сарыбастау ауылында дүниеге келген. Орта мектепті 1980 жылы тамамдап, еңбек жолын аталған ауданның Ленин ұжымшарында бастаған. КазГУ-дің журналистика факультетін бітіргеннен соң «Арай-Заря» журналында тілші болды. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің жауапты хатшысы, бас редактор орынбасары, «Айқын» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Тіл және қоғам» журналының редакторы, ҚР Бас прокуратурасы Баспасөз қызметінің басқарма басшысы, Баспасөз қызметінің жетекшісі қызметтерін атқарған. «2012 жылдан бері Әділбек Қаба Парламент Сенат баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары қызметін атқарып келді», — делінген баспасөз баянында.
Өзін мұнда да ісіне мығым, табанды, білікті маман, қарымды қаламгер ретінде танытып, Президенттің Жарлығымен «Тәуелсіздікке 20 жыл» мемлекеттік наградасымен және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасының алғыс хатымен марапатталды.
ҚАБА Әділбек Күнесханұлы тек қоғамдық пікірдің қормалы, жүздеген ғылыми, публицистикалық мақалалардың авторы, аты мәшһүр журналист ғана емес, бірнеше кітабымен оқырманын қуантқан қаламгер.
Қарапайым отбасында дүниеге келіп, өзінің талмас талабы мен талантының, білім-білігінің, азаматтық парасатының арқасында биіктерді бағындырған Әділбек Күнесханұлы мен зайыбы Ботанбекова Жақсыгүл Нышанәліқызы екеуі төрт баласына үлгілі тәрбие берген ата-ана. Үлкен қызы Қабаева Айгерім Әділбекқызы (08.05.1985 ж.) тұрмыста, Екі жоғары оқу орнын бітірген. Үлкен ұлы Азамат қаржыгер, программист, үйленген зайыбы Тұңғышбаева Мөлдір Сайлаубайқызы филолог-журналист, диктор, үшінші ұлы Дидар Алматы қаласы, Бостандық ауданы прокурорының көмекшісі, үйленген, кіші ұлы Бекарыс заң академиясын бітірген.
Әріптесімізге жаңа қызметінде таудай табыс тілейміз! Бастаған істері сәтті болсын!
Талғар-ақпарат