Павлодарда көшеге Назарбаевтың есімін беру ұсынылды

Павлодарда көшеге Назарбаевтың есімін беру ұсынылды

Павлодарда орыс қолбасшысы Михаил Кутузов атындағы көшеге Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімін беруді ұсынды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Азаттық берген мәліметке сүйенсек, ұсынысты 16 ақпан күні Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың тұрғындарға есеп беру жиынында қоғамдық кеңес төрағасы, Павлодардың бұрынғы әкімі Александр Рюмкин білдірді. Жергілікті ақпараттық сайттардың хабарлауынша, кездесу Естай атындағы қалалық мәденит үйінде өткен.

— Соңғы уақытта қаламыздың көркін кіргізу үшін көп нәрсе істелді, әсіресе Кутузов көшесі өзгертілді. Қаланы көркейтуге көңіл бөліп жатқаныңыз үшін көп рахмет. Алматыда Фурманов атындағы көшенің атын өзгертті. Шымкентте де мұндай мәселе көтерілді. Павлодарда да көрікті көшелердің біріне Қазақстан президентінің есімі берілуі тиіс деп ойлаймын, — деді Александр Рюмкин. Облыс әкімі бұл ұсынысқа ойланатынын айтқан.

Қазақстанда көше және нысанға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі бұған дейін де берілген.

Былтыр Павлодарда жергілікті тұрғындар әкімге Ленин көшесін Астана деп өзгертуді ұсынған. Кейбір тұрғындар қаланың орталығындағы үлкен көшелердің бірі Кутузов көшесін Астана деп атауды ұсынған. Бірақ қалалық мәслихат ақырында Ленин көшесін Астана деп атауды қолдаған.

Бірер күн бұрын Оралда жаңа салынған алаңға Назарбаевтың атын беру ұсынысы айтылғаны хабарланған.

Өткен айда Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының депутаттары Шымкенттегі Астана алаңының атын президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы алаң деп өзгерту туралы ұсынысты қолдағаны хабарланған.

Былтыр қарашаның соңында Алматының орталығындағы совет кезеңінен бері өзгертілмеген Фурманов көшесі Назарбаев даңғылы деп өзгертілген. Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш президент күні қарсаңында қабылданған бұл шешімді «көптеген тұрғыннан түскен ұсыныс» деп түсіндірген.

Талғар-ақпарат