
15 наурыз 2026 жылы Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау мәселесіне арналған республикалық референдум өтті. Бұл тарихи оқиғаға тек жеке азаматтар ғана емес, ірі кәсіпорындар мен ұжымдар да белсенді қатысып, өз азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Солардың бірі – Алматы облысындағы ірі агрохолдинг «Байсерке-Агро» ЖШС ұжымы.
Түстен кейін сағат 16:00 шамасында кәсіпорын қызметкерлері ұйымдасқан түрде №878 референдум учаскесіне келіп, дауыс берді. Ұжым мүшелері бірыңғай жұмыс киімімен қатысып, мемлекет болашағына бейжай қарамайтынын, ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті.
«Байсерке-Агро» – ауыл шаруашылығының бірнеше саласын қамтитын заманауи агрохолдинг. Кәсіпорында егін шаруашылығы, асыл тұқымды ірі қара, қой мен жылқы өсіру, омарташылық, сондай-ақ сүт және ет өндірісі дамыған. Компания заманауи технологияларды енгізіп, өндіріс көлемін арттыруда, тұрақты даму көрсеткіштері кәсіпорынның табысты жұмыс істеп келе жатқанын дәлелдейді.
Қызметкерлер алдымен тіркеуден өтіп, бюллетень алып, дауыс беру кабиналарына кіріп өз таңдауларын жасады. Дауыс беруден кейін ұжым мүшелері қысқаша пікір білдіріп, референдумға қатысу әрбір азаматтың ел болашағына қосқан нақты үлесі екенін атап өтті.
– Бүгінгі референдумға қатысу арқылы біз өзіміздің азаматтық міндетімізді орындадық. Ел болашағы әрбір азаматтың белсенділігіне тікелей байланысты, – деді кәсіпорын қызметкерлерінің бірі.
Референдум учаскесінде дауыс беру барлық заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылған. Кез келген қатысушы өз таңдауын еркін және қауіпсіз түрде жасай алды, ал комиссия мүшелері мен бақылаушылардың жұмысына барлық жағдай жасалды.
«Байсерке-Агро» ұжымының ұйымдасқан түрде референдумға қатысуы – ел болашағына бейжай қарамайтын еңбек адамдарының азаматтық жауапкершілігінің, ұжымдық бірліктің және қоғамдық белсенділіктің нақты дәлелі болып табылады. Бұл тәжірибе басқа кәсіпорындар мен ұжымдарға да үлгі боларлық оқиға.

