15 наурыз күні еліміз бойынша жаңа Конституцияны қабылдау мәселесіне байланысты республикалық референдум өтіп жатыр. Бұл маңызды саяси науқанға Алматы облысының тұрғындары да белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауда. Өңір халқы үшін бұл елдің болашағына қатысты маңызды қоғамдық-саяси оқиға саналады.

Алматы облысы Талғар ауданы, Талғар қаласындағы №860 референдум учаскесінде мәдениет саласының өкілдері де дауыс берді. Солардың бірі – Қазақстанның еңбек қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, актер, продюсер және драматург Сабит Абдықалыков.

Мәдениет қайраткері таңғы уақытта №860 учаскеге келіп, референдумға қатысып, өз дауысын берді. Оның айтуынша, мұндай маңызды тарихи кезеңде әрбір азаматтың белсенділік танытуы – ел болашағына деген жауапкершіліктің белгісі.

«Еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын кезеңде әр азаматтың өз көзқарасын білдіруі маңызды. Біз мәдениет саласында еңбек етсек те, ең алдымен осы елдің азаматымыз. Сондықтан бүгінгі референдумға қатысып, өз дауысымды беру – мен үшін азаматтық міндет», – деді Сабит Абдықалыков.

Оның пікірінше, референдум – халықтың өз пікірін білдіретін маңызды демократиялық тетік. Сондықтан қоғамдағы әрбір азамат, әсіресе шығармашылық және мәдениет саласының өкілдері ел өміріндегі маңызды оқиғалардан тыс қалмауы тиіс.

Жалпы Талғар ауданында дауыс беруге құқығы бар азаматтардың саны 178 516 адамды құрайды. Оның ішінде 6 372 азамат алғаш рет дауыс беруге қатысу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар өңірде 142 мүмкіндігі шектеулі азаматтың дауыс беруіне жағдай жасалған.

Референдум учаскелерінде дауыс беру барлық заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылған. Учаскелерде дауыс беру кабиналары, стационарлық және тасымалды жәшіктер орнатылып, комиссия мүшелері мен бақылаушылардың жұмысына қажетті жағдай жасалған. Азаматтарға дауыс беру тәртібі туралы ақпараттық материалдар ұсынылған.

Айта кетейік, дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталып, кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Учаскелер жабылғаннан кейін заң талаптарына сәйкес дауыстарды санау рәсімі жүргізіледі.