
2026 жылғы 15 наурыз күні еліміз бойынша жаңа Конституцияны қабылдау мәселесіне арналған республикалық референдум өтіп жатыр. Бұл маңызды саяси науқанға Алматы облысы, Талғар ауданының тұрғындары да белсенді қатысып, өз азаматтық ұстанымдарын білдіруде.
Осы күні Талғар қаласындағы №838 сайлау учаскесіне мәдениет саласының өкілі Құдайберген Бекіш келіп, референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Мәдениет қайраткері бұл маңызды күнде ел болашағына бейжай қарамай, азаматтық борышын орындау әрбір қазақстандық үшін маңызды екенін атап өтті.
Құдайберген Бекіштің айтуынша, қоғам өміріндегі маңызды шешімдерге қатысу – әр азаматтың жауапкершілігі. Сондықтан мұндай саяси науқандарда белсенділік таныту елдің дамуына және болашақтың қалыптасуына ықпал етеді.
– Әрбір азаматтың пікірі мен таңдауы маңызды. Референдум – халықтың өз ойын білдіріп, ел болашағына қатысты шешімдерге қатысуының бір көрінісі. Сондықтан бүгінгі күні әрқайсымыз өз азаматтық ұстанымымызды білдіріп, қоғам өміріне бейжай қарамауымыз керек, – деді ол.
Сайлау учаскесінде дауыс беру процесі барлық заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылған. Комиссия мүшелері азаматтардың еркін таңдау жасауына қажетті жағдайларды қамтамасыз етіп, дауыс беру тәртібін түсіндіріп отыр.
Талғар ауданында мәдениет, спорт және түрлі сала өкілдерінің референдумға белсенді қатысуы қоғамдағы азаматтық жауапкершілік пен бірліктің көрінісі ретінде бағалануда.

