2026 жылғы 15 наурыз күні еліміз бойынша жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өтуде. Аудан тұрғындары саяси науқанға белсенді қатысып, өз азаматтық борыштарын орындауда.

Таңғы сағат 09:00-де Белбұлақ ауылындағы №854 референдум учаскесінде әлем чемпионы, спорт шебері Жасұлан Қыдырбаев өз дауысын берді. Ол алғаш рет дауыс берушілер қатарында да белсенділік танытты. Жасұлан Қыдырбаев – Алматы облысының Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылында дүниеге келген, балалық шағы Талғар қаласында өткен. Ол әлемдік деңгейдегі спорт додаларының қола жүлдегері, еліміздің мақтанышы саналады.

Спортшы өзінің білім алған Қаркен Ахметов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында бұрын директордың орынбасары қызметін атқарған. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы спорт клубтарының бірінде жаттықтырушы болып жұмыс істеп, жас спортшыларды тәрбиелеуде.

Жасұлан Қыдырбаев жастарға үлгі бола отырып, қоғамдағы маңызды оқиғаларға белсенді қатысудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір азамат елдің дамуына өз үлесін қосуы тиіс, ал дауыс беру – азаматтық жауапкершілікті көрсету мүмкіндігі.

Спортшы ұйымдастырушылармен және сайлаушылармен амандасып, дауыс беру күнінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде: «Әрбір адамның таңдауы ел болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан әр азамат өз позициясын білдіріп, қоғамдағы маңызды шешімдерге қатысуы керек», – деді.

Әлем чемпионының белсенді қатысуы аудан тұрғындарына үлгі болып, әрбір азаматтың елдің бірлігі мен тұрақтылығына қосатын үлесін көрсетеді. Дауыс беру – азаматтық борыш пен қоғамдағы ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі.