14 наурыз – Көрісу күні (Амал мерекесі) аталып өтті

Талғар қалалық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік іс-шараға Аналар кеңесінің мүшелері, Ақсақалдар кеңесі, қала тұрғындары мен жастар қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен салт-ғұрыптарын насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу болды.

Мереке барысында Көрісу күнінің тарихы сахналық қойылым түрінде көрсетіліп, қазақ халқының бай мұрасын танытатын бірқатар дәстүрлер ұсынылды. Атап айтқанда, аластау рәсімі, кимешек түрлері, жас келінге кимешек кигізу дәстүрі, жарапазан айту сияқты ұлттық салттар көрініс тапты. Сонымен қатар қазақтың ұлттық тағамдары таныстырылып, қонақтарға Наурыз көже таратылды.

Іс-шара барысында ұлттық рухты асқақтатқан ән мен күй орындалып, жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады. Осындай тағылымды шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға ықпал етеді.