«Мына өлке, мына аймақ, бұл маңда,
Құлшылық етемін тұрғанға,
Құлшылық етемін құмдарға,
Тағзым жасаймын қырларға,
Шүкіршілік етемін қашан да,
Осы бір Отанда тұрғанға!» – деп, Мұқағали ақынның өзі жырлағандай, халқын шексіз сүйген ақынның туған күні – 9-ақпанды бүкіл қазақ жұрты тойлап жатыр. Өткен аптада Талғар медицина колледжінің спорт кешенінде М.Мақатаевтың 87 жылдығына орай қазақ күресінен жасөспірімдер арасында жарыс болып өтті. Оған облыстың Алматы, Талдықорған, Қапшағай қалалары мен Балқаш, Панфилов, Талғар, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Іле, Ақсу, Қарасай аудандары мен Райымбек ауданының Сарыжаз, Сарыбастау, Текес, Қайнар ауылдарынан екі жүзден астам балуандар жиналды. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Талғар ауданы спорт мектебі директорының орынбасары Светлана Рустемова, Іле ауданындағы жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасы бойынша «Қазақ күресінен» төрешілер алқасының мүшесі, спорт шебері Қаппар Рауанов, осы жарыстың ұйымдастырушысы, №2 қазақ орта мектебінің мұғалімі, қазақ күресінен «Спорт шебері»– Бегжан Үмбетбаев пен осы турнирдің демеушісі Дəулет Абылгазиев сынды ұлтжанды азаматтар жас балуандарға боз кілем үстінде сəттілік тіледі.
Екі күнге созылған қазақ күресі жанкүйерлерге жақсы əсер сыйлады. Жас спортшылар боз кілем үстінде шеберліктің əдемі үлгісін көрсете білді. 2001-2003 жылы туған балалардың бəсекесінде: Шакеров Мирас (51 келі, Алматы), Сейдахмет Сырым (57 келі, Балқаш), Асылхан Нұргелді (64 келі, Талғар), Қазыбек Алмас (72 келі, Есік қаласы), Тоқтар Бауыржан (81 келі, Талғар) деген жас күрес шеберлері өз салмақтарында қарсылас шақ келтірмей «Турнир жеңімпаздары» атанды. 2003-2006 жылы туған жасөспірімдер
сайысында кілем үстінде шеберлік танытқан: Бекарыс Сібебай (32 келі, Райымбек), Ерғанат Нишанов (35 келі, Қапшағай), Үсіпəлі Əлібек (38 келі, Талғар), Жандос Нартайұлы (50 келі, Балқаш), Тоқтар Сабырхан (55 келі, Талғар), Жамбыл Жəнібек (60 келі, Райымбек) сынды жас талапкерлер өз салмақтарында үздік шығып, жарыстың ең биік сатысынан орын тепті. Жарыс соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Кубок пен Мадақтама қағаздары жəне бағалы сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді. Сөйтіп, Талғар жерінде 10-рет тойланып өткен «М.Мақатаев турнирі» өз мəресіне жетті.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ
«Талғар-ақпарат»