Рамазан айындағы тағылымды ауызашар кеші

Рамазан айындағы тағылымды ауызашар кеші

Қасиетті Рамазан айында Талғар ауданында «Алғысым шексіз» атты  тағылымы терең кеш ұйымдастырылып, ауызашар дастарханы жайылып берекелі басқосу өтті. Үш сағатқа созылған рухани-мәдени іс-шара тек ауыз ашу рәсімі ғана емес, ел ішінде кәсіпте табысқа жеткен азаматтар мен олардың артындағы тірегі – отбасын ұлықтауға арналған ерекше кеш болды.

Кеш қонақтарды қарсы алудан басталды. Қазақы күй ойнап, арнайы фото-аймақта естелік суреттер түсірілді. Жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлаған бұл сәттер мерекелік атмосфераны айқындай түсті. Кеш жүргізушісі тамаша шараның шымылдығын түріп, жиналған қауымды қасиетті аймен құттықтады. Ол өз сөзінде:

«Бүгінгі кеш – тек ауызашар емес. Бұл – кәсіпте табысқа жеткен азаматтарды ғана емес, сол азаматтардың артындағы тірегі болған отбасын ұлықтайтын кеш», – деп атап өтті.

Азан шақырылып, жамағат зәм-зәм суымен ауыз ашты. Достық ауылы мешітінің имамы Махамбетов Ербол Серікбайұлы уағыз айтып, Рамазан айының рухани тазалыққа, сабыр мен шүкіршілікке үндейтін қасиеттеріне тоқталды. Оның мазмұнды насихаты кештің мәнін тереңдете түсті.

Дастархан – берекенің белгісі

Ауызашар дастарханы қазақы дәстүрге сай жайылып, наурыз көже ұсынылды. 150-ден аса жанға рухани мәні зор, көңілі шуақты кеш сыйланды.
«Ассалаумағалейкум!» әні орындалып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады. Кештің ұйымдастырушысы, дастархан иесі Батырбекова Кулянда Уалиханқызы қонақтарға игі тілегін арнады.  «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері – Матан Бекбосынов, Бексұлтан Көлбаев және Айданғали Нұрмұхамбетов үш кітаптың тұсауын кесіп, көпшілікке таныстырды. Келесі кезекте жарапазан айтылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Басқосуда жүректен шыққан алғыстар айтылды, игі істер дәріптелді, өнеге мен тәлімге толы нағыз рухани шеберлік сағатына айналды. Рухани кештің басты мақсаты — отбасы құндылығын ұлықтап, алғыс айту мәдениетін дәріптеу, ізгілікке бастар жолды бірге жаңғырту болды.

Талғар ауданының «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің ардақты аналары қатысып, батасын берді. Бұл – кештің тәрбиелік мазмұнын айқындаған ерекше сәттердің бірі болды.

Марапат – еңбекті бағалау

Кештің ең әсерлі бөлігі – марапаттау рәсімі болды. Бұл салтанат Талғар ауданы әкімдігінің қолдауымен және «Асыл Ұрпақ», «BilimInvest», «ReWomen» қауымдастықтарының қатысуымен өтті. Алғаш болып Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Марапат тек табысты кәсіпкерлерге ғана емес, олардың ата-аналарына, жарларына, отбасына берілді. Бұл – «табысты бизнес – мықты отбасының жемісі» деген қағиданың нақты көрінісі болды.

Келесі кезекте Батырбекова Кулянда Уалиханқызы бірқатар қонақтарды аналарымен бірге марапаттады. Анаға деген құрмет – қазақ қоғамының ең асыл құндылықтарының бірі екені тағы бір мәрте дәлелденді. Талғар ауданының кәсіпкерлік бөлімі де белсенді кәсіпкерлерді марапаттап, олардың еңбегіне ризашылық білдірді.  «ReWomen» әйелдер қауымдастығы табысты нәзікжандылар мен олардың отбасы мүшелерін ұлықтады. Осы орайда ReWomen әйелдер қауымдастығының Талғар ауданы бойынша төрайымы Кенжебекова Каракоз Жоланкызының еңбегін ерекше атап өткен жөн.  «Асыл Ұрпақ» қауымдастығы да өнегелі отбасыларды сахна төріне шығарып, көпшілік алдында құрмет көрсетті.

Кеш барысында әсем әндер орындалып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл кеште кәсіпкерді емес, отбасының берекесін көрдік. Отбасы мықты болса – кәсіп мықты. Отбасы тату болса – қоғам мықты болмақ. Шара соңында қонақтар тік тұрып, қол соғып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

«Алғысым шексіз» атты ауызашар кеші – рухани құндылықтарды, отбасы бірлігін, ата-анаға деген құрметті дәріптеген тағылымды басқосу болды. Рамазан айының мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін қасиеті кештің әр сәтінен сезілді. Осындай игі шаралар қоғамдағы ынтымақты арттырып, ұрпақ санасына отбасының маңызын сіңіруге зор ықпал етеді. Алғыс айту, еңбекті бағалау және отбасылық құндылықтарды ұлықтау – берекелі қоғамның негізі екені тағы бір мәрте айқындалды.

Г.Тұрсынқожақызы