Коалиция өкілдері №4 орта мектеп ұстаздарымен кездесті

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері Талғар ауданындағы №4 орта мектеп педагогикалық ұжымымен кездесіп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға шығарылған жаңа Конституция жобасын талқылады.

Кездесу барысында коалиция мүшелері жаңа Ата Заңның ең басты ерекшелігі – адамды, оның өмірі мен құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту екенін атап өтті. Бұл қағидат Преамбулада және 1-бапта нақты көрсетілген.

«Білім саласының қызметкерлері үшін жаңа Конституцияда маңызды кепілдіктер қарастырылған. 33-бапта мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей орта білім алуға кепілдік беріледі. Бастауыш және негізгі орта білім міндетті. Бұл – әрбір қазақстандық баланың мектеп табалдырығын аттауына мемлекет кепілдік береді деген сөз», – деді коалиция мүшесі Сембаев Аманкелді Тілеубердіұлы.

Мұғалімдер өз сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптар алды. Кездесу соңында ұжым өкілдері референдумға белсене қатысып, ел болашағына өз үлестерін қосатындарын жеткізді.