Қарасай ауданының өнеркәсіп және ауылшаруашылық саласы

Қарасай ауданының өнеркәсіп және ауылшаруашылық саласы

Қарасай ауданының өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылы 209 млрд 56 млн теңгені құрады. Алматы облысының өнеркәсіп өндіріс көлемінің 27,9%-дық үлесін құрады. Өнеркәсіптің дамуы бойынша ауданда 18 ірі өндірістік кәсіпорындар, ал сапа менеджменті және халықаралық стандарт ИСО жүйесі бойынша 16 өнеркәсіп мекемелері, сонымен қатар, 6 жүйе құраушы кәсіпорындар жұмыс істеуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қарасай ауданының әкімі Бигелдиев Махаббат баяндады, — деп хабарлайды Талғар-ақпарат.

Бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік өндірісті дамыту мақсатында, 2017 жылы ауылшаруашылығы саласында біршама тиімді шаралар қабылданды. Ауылшаруашылық өнімдері 45 млрд 218 млн теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 101,9 % болды.

«АгроИмпэксАлатау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2 гектар жерге, құны — 1 млрд 400 млн теңгеге заманауи технологиямен жылыжай кешенін салды. Осымен бірге, 377 млн теңгеге «Жетісу» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде 1 мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау кешені ашылды.

Ауылшаруашылық саласында, мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» және «Ырыс» бағдарламалары бойынша 240 бас ірі қара мал, 550 бас қой және 50 бас жылқы алынды. Жоспарланған 10 ауылшаруашылығы кооперативінің орнына, 894 өзіндік қосалқы шаруашылықтарын біріктіре отырып, 16 ауылшаруашылығы кооперативі құрылды.

«Өткен жылдың желтоқсан айында «Қарасай машина өндіру зауыты» іске қосылып, инвестиция көлемі 4 млрд 200 млн теңгені құрады, өндіріс қуаттылығы айына – 18 мың тонна металл конструкцияларын шығарумен қатар, 120 адамды жаңа жұмыс орындарымен қамтыды», — деп қосты М.Бигелдиев.

Ағымдағы жылы Қарасай ауданында бірнеше өндіріс орындарын іске қосу жоспарланып отыр. Атап айтсақ, «Хамле Компани ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оған инвестиция тартылып, ескі өндіріс желілері жаңартылып, осы жылы іске қосылады. Сонымен қатар, «Альта Профиль» құрылыс материалдарын шығару зауытына 150 миллион теңге инвестиция жұмсалып, қосымша қойма салу жоспарлануда.

Талғар-ақпарат