Қазақстанда жаңа Конституцияның жобасы жарияланды

Бүгін «АIQYN» газетінің №17-18 (4704) санында Жаңа Конституцияның жобасы жарияланды. Келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз.

184
оқылды
Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жер­ін­де мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және кон­фессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құнды­лықтарын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен дос­тық­қа ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз.І бөлімКонституциялық құрылыс негіздері

1-бап

Қазақстан Республикасы – демократиялық, зай­ырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мем­лекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

2-бап

1. Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару үлгісі – президенттік республика.

2. Қазақстан Республикасының Егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұ­тас­тығын, қол сұғылмауын, бөлінбеуін қамтамасыз етеді.

3. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақ­тық құрылысы конституциялық заңда айқындалады.

4. Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласы. Елорда мәртебесі конституциялық заңда айқын­далады.

5. Қазақстан Республикасы мен Қазақстан атау­лары­ның мәні бірдей.

6. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы (ақша бірлігі) – теңге.

Теңгені эмиссиялау айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі.

7. Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуел­сіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді.

3-бап

1. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құрау­шы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адамның және азаматтың құқықтары мен бостан­дықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету; қоғамдық диалогты дамыту; еңбек­­сүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекі­ту; жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау.

2. Қазақстан Республикасы адам капиталын, білім­ді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қыз­метінің стратегиялық бағыты деп таниды.

4-бап

1. Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі.

2. Халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырады.

3. Қазақстан Республикасында билікті ешкім де ием­деніп кете алмайды. Билікті иемденіп кету заңмен қуда­ланады. Халық пен мемлекет атынан әрекет ету құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, сондай-ақ конституциялық өкілеттігі шегінде Қа­зақ­стан Республикасының Құрылтайына тиесілі. Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттік шегінде мемлекет атынан әрекет етеді.

4. Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік біртұтас, ол заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтары­на бөліну және өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәй­кес Конституция мен заңдар негізінде жүзеге асыры­лады.

5-бап

1. Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығы – Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Республикасының халықаралық шарт міндеттемелерінің нормалары.

2. Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылады.

3. Қазақстан Республикасының аумағында халық­аралық шарттарды қолдану тәртібі заңдарда айқын­далады.

4. Барлық заңдар мен Қазақстан Республикасы ра­тификациялаған халықаралық шарттар жарияла­на­ды. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық акті­лердің ресми жариялануы – оларды қолданудың мін­детті шарты.

5. Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.

Жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.

Жаңа заң бұрын жасалған құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жоятын немесе жеңілдететін болса, онда жаңа заң қолданылады.

6. Қазақстан Республикасының жекелеген өңір­лерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық ре­жимі конституциялық заңдарға сәйкес белгіленуі мүмкін. Осы арнаулы құқықтық режимдер мемлекеттік басқару, сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін көздеуі мүмкін.

6-бап

1. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әралуандық танылады.

2. Қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең. Мемле­кет­тің қоғамдық бірлестік ісіне, ал қоғамдық бір­лес­тік­тің мемлекет ісіне заңсыз араласуына және қо­ғам­дық бірлестікке мемлекеттік орган функциялар­ын жүк­теуге жол берілмейді. Мемлекеттік органда саяси партия ұйымын құруға жол берілмейді.

3. Мақсаты немесе әрекеті конституциялық құры­лыс негіздерін күштеп өзгертуге, Қазақстан Респуб­ли­касының тұтастығын және қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге, соғысты, әлеу­мет­тік, нәсілдік, ұлттық, діни араздықты қоздыруға бағыт­талған қоғамдық бірлестік құруға және оның қыз­метіне, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскери­лендірілген жасақ құруға тыйым салынады.

4. Басқа мемлекеттің саяси партиясы мен кәсіптік одағының, діни негіздегі саяси партияның қызметіне жол берілмейді, сондай-ақ саяси партия мен кәсіптік одақты шетелдік заңды тұлғаның, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамның, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаның, шет мемлекет пен халықаралық ұйымның қаржыландыруына жол берілмейді.

5. Коммерциялық емес ұйымның шет мемлекеттен, халықаралық және шетелдік заңды тұлғадан, шетел аза­маты мен азаматтығы жоқ адамнан алатын ақша қ­ара­­жатының қозғалысы және активтері туралы ақпа­рат Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ашық әрі қолжетімді болуға тиіс.

7-бап

1. Дін мемлекеттен бөлек.

2. Қазақстан аумағында діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және ол конститу­ция­лық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құ­қықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азамат­тар­дың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмы­сын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін.

8-бап

1. Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады.

2. Меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет мүдде­сіне сай келуге, қоршаған ортаны қорғау саласындағы белгіленген талаптар сақталып іске асырылуға тиіс, басқа тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиіс. Меншік субъек­тілері мен объектілері, меншік иелерінің құқық­тары­ның көлемі мен шегі, оларды қорғау кепілдіктері заңда айқындалады.

3. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар ха­лық­­қа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемле­кет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.

9-бап 

1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.

2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады.

3. Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қамқорлық көрсетеді.

10-бап 

Қазақстан Республикасы халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын құрметтейді, мүдделі мемлекеттермен бейбітшілік пен ынтымақтастықты, олардың ішкі ісіне араласпауды, халықаралық дауды бейбіт жолмен шешуді көздейтін сыртқы саясат жүр­гізеді.

11-бап

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміз­дері – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мем­лекеттік Әнұран. Олардың сипаттамасы және пайда­лану тәртібі конституциялық заңда белгіленеді.

II бөлім

Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер

12-бап

1. Әр адамның құқық субъектiсi ретiнде танылуға құқығы бар.

Әр адам құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлмен, оның ішінде қа­жетті қорғаныс арқылы қорғауға құқылы.

2. Әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.

3. Қазақстан Республикасында заңға сәйкес біліктi заң көмегін алу құқығы танылады.

13-бап

1. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес беріледі және тоқтатылады, ол берілген негізіне қарамастан бiрыңғай және тең.

2. Қазақстан Республикасының азаматын өз аза­мат­тығынан айыруға, азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерге аластатуға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыс жаса­ғаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлт­тық мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін сот­ шешімімен ғана жол беріледі.

3. Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады. Шет мемлекетте туғанына байланысты сол мемлекеттің азаматтығын алған кәмелетке толмаған балаға қатысты заңда көз­дел­ген ережелер қолданылады.

14-бап

1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарт­­тарында өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Респуб­ли­касының азаматы шет мемлекетке берілмейді.

2. Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ел аума­ғынан тыс жерде заңға сәйкес қорғауға кепiлдiк бередi.

15-бап

1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәй­кес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.

2. Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан тиесілі, олар ажыратуға және айыруға бол­май­тын деп танылады, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай айқындалады.

3. Қазақстан Республикасы азаматының өз азамат­ты­ғына орай құқықтары мен мiндеттері бар.

4. Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда көзделген жағдайда шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының азаматы үшін белгіленген құқықтар мен бостандық­тарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттерді атқарады.

5. Адамның және азаматтың құқықтары мен бос­тандықтарын іске асыру басқа тұлғаның құқықтарын бұзбауға және бостандықтарын шектемеуге тиiс, конс­титуциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азамат­тардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтiрмеуге тиiс.

6. Әр адамның мемлекеттік органның немесе оның лауазымды адамының заңсыз әрекетімен келтірілген зиянды мемлекеттен өтетіп алуға құқығы бар.

16-бап

1. Заң мен сот алдында бәрi тең.

2. Қазақстан Республикасының азаматын, Қа­зақстан Республикасының аумағында тұратын немесе уақытша жүрген шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсiтуге болмайды.

17-бап

1. Өмір сүру құқығы – әр адамның ажыратуға және айыруға болмайтын құқығы.

2. Ешкімнің өз бетімен адам өмірін қиюға құқығы жоқ.

3. Өлім жазасына тыйым салынған.

18-бап

1. Әр адамға жеке бас бостандығы мен жеке басына қол сұғылмау құқығына кепілдік беріледі.

2. Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзім­нен артық ұстауға болмайды.

Күзетпен ұстауға сот шешімімен ғана рұқсат етіледі және оған шағым жасау құқығы беріледі.

3. Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негіздері және оның құқықтары түсіндіріледі.

4. Ұсталған адамның, күдіктінің, айыпталушының тиісінше ұсталған, күдікті ретінде танылған немесе айып тағылған сәттен бастап адвокат (қорғаушы) көме­гiн пайдалануға құқығы бар.

19-бап

1. Заңды күшіне енген сот үкімімен адам кінәлі деп танылмайынша, ол жасалған қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі емес деп саналады.

2. Ешкім өз-өзіне, жұбайына (зайыбына) және заң­да айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес.

Діни қызметшілер өздеріне сеніп, сырын ашқан адамдарға қарсы куәлік етуге міндетті емес.

3. Адамды дәл сол құқық бұзушылық үшін қылмыс­тық немесе әкімшілік жауаптылыққа қайта тартуға тыйым салынады.

20-бап

1. Адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне қол сұғуға болмайды және олар заңмен қорғалады.

2. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгездiк көрсетіп немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлап жәбiрлеуге не жазалауға болмайды.

21-бап

1. Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отба­сы құпиясының болу құқығына, цифрлық техно­логияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайда­ланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі.

2. Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының және байланыс құралдары, оның ішінде цифрлық техноло­гияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабар­ламалардың құпиясы заңмен қорғалады. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен ғана жол беріледі.

3. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әр адамға өз құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжатпен, шешiммен және ақпарат көзiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

22-бап

1. Әр адам өзiнiң қай ұлтқа жататынын айқындауға, оны көрсетуге не көрсетпеуге құқылы.

2. Әр адамның ана тілі мен төл мәдениетiн қолда­ну­ға, қарым-қатынас жасау, тәрбие беру, оқу мен шығармашылық тілін еркiн таңдауға құқығы бар.

23-бап

1. Сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шы­ғармашылық еркіндігіне кепiлдiк берiледi.

2. Зияткерлік меншік заңмен қорғалады.

3. Мемлекеттік құпияларды қоспағанда, еркін ақпарат алу және тарату құқығы заңмен тыйым салын­баған кез келген тәсілмен іске асырылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтер тізбесі заңда айқындалады.

4. Сөз еркіндігі және ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азамат­тар­дың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік бол­мысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс.

5. Цензураға тыйым салынады.

6. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуді, аумағының тұтас­тығына, Егемендігі мен Тәуелсіздігіне қол сұғуды, қоғамдық тәртіпті бұзуды, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруді, соғысты, қарулы қақтығысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық, діни басымдықты немесе алауыздықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға, сондай-ақ осындай әрекеттерге шақыруға жол берілмейді.

24-бап 

1. Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жүрген әр адамның ел аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар.

2. Әр адамның Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығуға құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда бел­гі­ленген жағдайда және көзделген тәртіппен жол беріледі. Қа­зақстан Республикасы азаматтарының Қазақ­стан Республикасына кедергiсiз оралуға құқығы бар.

25-бап 

1. Әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар.

2. Ар-ождан бостандығы құқығын пайдалану жал­пыадамзат пен азамат құқықтарын, мемлекет алдын­дағы мiндеттерді шектемеуге тиіс.

26-бап 

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының бiрлестік құру бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бiрлестiк қызметi заңмен реттеледi.

2. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты, Жоғарғы Соты және өзге де соттары төрағалары мен судьяларының, Орталық сайлау комиссиясы, Жо­ғары аудиторлық палатасы төрағалары мен мүшелері­нің, құқық қорғау органы және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері мен жұмыскерлерінің, әскери қызметшілердің саяси партия мен кәсіптік одақта болуға, қандай да бір саяси партияға немесе қоғамдық-саяси қозғалысқа қолдау көрсетуге не сыни пікір білдіруге құқығы жоқ.

27-бап

1. Әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін ер­кін таңдауға құқығы бар. Еңбекке мәжбүрлеп тартуға қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жаса­ғаны үшін адамды кінәлі деп тану туралы сот актісінің негізінде, не төтенше жағдайда, не соғыс жағдайында жол беріледі.

2. Қазақстан Республикасы қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайлары құқығына, еңбегi үшiн қандай да бiр кемсiтусiз сыйақы алу, сондай-ақ әлеуметтiк қорғалу құқығына заңға сәйкес кепілдік береді.

3. Заңда белгіленген тәсiлдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылады.

4. Тынығу, жұмыс уақытының ұзақтығы, демалыс және мереке күндерi, ақы төленетін демалыс құқығына заңмен кепiлдiк беріледi.

28-бап 

1. Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны қарап-тексеруге, тiнтуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртiппен жол берiледi.

2. Қазақстан Республикасында өз азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Тұр­ғын үй соған мұқтаж азаматтардың заңда көрсетiл­ген санаттарына заңда белгіленген нормаларға сәйкес берiледi.

29-бап 

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды түрде алған кез келген мүлкіне жеке меншiк құқығы бар.

2. Меншiкке және мұрагерлiк құқыққа заңмен кепiл­дік беріледі.

3. Сот шешiмiнсiз ешкiмдi өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген айрықша жағдайда мем­лекет мұқтажы үшiн мүлiкті мәжбүрлеп иеліктен шы­ғару­ға оның тең құны өтелген кезде жол беріледі.

4. Қазақстан Республикасы кәсiпкерлiк қызмет бос­тан­дығы құқығына, өз мүлкiн кез келген заңды кә­сiп­керлiк қызмет үшiн еркiн пайдалану құқығына кепілдік береді. Монополистiк қызмет заңмен ретте­ледi немесе шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.

30-бап

1. Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады.

2. Неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы.

3. Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру – ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.

4. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.

31-бап 

1. Қазақстан Республикасының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне кепiлдiк берi­ледi, сондай-ақ жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты және өзге де заңды негiздер бойынша әлеуметтiк қамсыздан­дыру­ға кепiлдiк берiледi.

2. Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, өзге де әлеуметтік қамсыздандыру нысан­дары, волонтерлік қызмет пен қайырымдылық қолдау табады.

32-бап 

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының денсау­лығын сақтауға құқығы бар.

2. Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгiленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы.

3. Мемлекеттік және жекеменшiк емдеу мекеме­ле­рiнде, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысатын тұлғалардан ақылы медициналық көмек алу заңда белгiленген негiздерде және көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

33-бап

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей орта білім алуына кепiлдiк берiледi. Бастауыш және негізгі орта білім мiндеттi.

2. Қазақстан Республикасы азаматының заңға сәйкес жоғары оқу орындарында жоғары білім алуға құқығы бар.

3. Жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заңда белгiленген негiздерде және көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

4. Мемлекет жалпыға мiндеттi білім беру стандарт­тарын белгiлейдi. Барлық оқу орнының қызметi осы стандарттарға сәйкес келуге тиіс.

5. Рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие.

34-бап 

Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбiт жиналысқа құқығы бар. Бұл құқықты пайдалану кон-с­титуциялық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәр­тіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін.

35-бап 

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қа­тысуға, мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына өзі жүгiнуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтiнiш жолдауға құқығы бар.

2. Қазақстан Республикасы азаматтарының мем­лекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару орган­дарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар. Жалпыхалықтық референдум өткізу тәртібі конс­ти­туциялық заңда айқындалады.

3. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Рес­публикасы азаматтарының, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға, жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы жоқ.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Рес­публикасы азаматтарының, сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жем­қор­лық құқық бұзушылық жасауға қатысты кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған Қазақстан Рес­публикасы азаматтарының сайлануға құқығы жоқ.

4. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемле­кеттік қызметке кiруге тең құқығы бар. Мемлекеттік қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талап­тар заңға сәйкес лауазымдық мiндетінің сипатына ғана қатысты болады.

36-бап 

1. Әр адам Қазақстан Республикасының Консти­туциясы мен заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.

2. Әр адам Қазақстан Республикасының мемлекет­тік рәміздерін құрметтеуге мiндеттi.

37-бап 

1. Қазақстан Республикасының азаматтары та­биғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарау­ға міндетті.

2. Мемлекет адамның өмiр сүруiне және денсау­лығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.

3. Адам өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндiретiн фактілерді, мән-жайларды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауаптылыққа алып келеді.

38-бап

Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу – әр адамның боры­шы мен мiндетi.

39-бап

1. Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиеттi парызы мен мiндетi.

2. Қазақстан Республикасының азаматтары әскери қызметті заңда белгiленген түрде және көзделген тәртiппен өткереді.

40-бап

Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiне ұқыпты қарауға мiндеттi.

41-бап 

1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бос­тан­дықтары конституциялық құрылыс негіздерін, адам­­ның және азаматтың құқықтары мен бостан­дық­тарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қо­ғамдық тәртiптi, азаматтардың денсаулығы мен қоғам­ның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында тек заңмен және қажетті шамада ғана шектелуi мүмкiн.

2. Этносаралық және конфессияаралық татулықты бұзуға алып келетін әрекет конституциялық емес деп танылады.

3. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын саяси себептермен шектеуге жол берілмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12, 14, 16, 17, 20, 22, 25-баптарында көзделген құқықтар мен бостандық­тар ешбір жағдайда шектелмеуге тиіс.

III бөлім

Президент

42-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекет басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы сая­сатының негізгі бағыттарын айқындайтын, Қазақ­стан атынан ел ішінде және халықаралық қатынастарда өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.

2. Қазақстан Республикасының Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституция­ның мызғымастығының, адамның және Қазақстан Рес­публикасы азаматының құқықтары мен бостан­дық­т­арының нышаны әрі кепілі.

3. Қазақстан Республикасының Президенті мемле­кеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының біртұтас Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.

43-бап

1. Қазақстан Республикасының Президентін Қазақстан Республикасының кәмелетке толған аза­мат­тары конституциялық заңға сәйкес жалпыға бір­дей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзімге сайлайды.

Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Қазақстан Республикасының Президенті болып сай­ла­на алмайды.

2. Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын, жоғары білімі бар және мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымда кемінде бес жыл жұмыс істеген Қазақстан Респуб­ликасының азаматы сайлана алады.

3. Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізіледі және Қазақстан Республикасы Құрылтайының жаңа құрамын сайлау мерзімімен тұспа-тұс келмеуге тиіс.

4. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу пайызынан астам дауысын алған кандидат сайланды деп саналады. Кандидаттардың ешқайсысы елу пайыздан астам дауыс ала алмаса, ең көп дауыс санын алған екі кандидат қайта дауысқа салынады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауыс санын алған кандидат сайланды деп саналады.

5. Осы баптың 1-тармағының ережелері өзгермейді.

44-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті: «Қа­зақ­стан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақ­тауға, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіме жүктелген Қазақстан Республикасы Прези­дентінің мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», – деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі.

2. Ант беру рәсімі сайлау қорытындысы жария­лан­ған күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республика­сы Құрылтайы депутаттарының, Конституциялық Соты, Жоғарғы Соты судьяларының, экс-Президент­терінің, сондай-ақ қоғам өкілдері мен шақырылған шетел азаматтарының қатысуымен өткізіледі. Консти­туцияның 51-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде ант береді.

3. Жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен сәттен бастап, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз мін­дет­терін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына неме­се қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілет­тігі тоқтатылады. Қызметінен кетірілгендерден бас­қа, Қазақстан Республикасының барлық бұрынғы Президенттерінің Қазақстан Республикасының экс-Президенті атағы болады.

45-бап

1. Қазақстан Республикасы Президентінің өз өкілеттігі кезеңінде өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ саяси партияда болуға құқығы жоқ.

2. Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметші лауазымын­да, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшы лауазымында болуға құқығы жоқ.

46-бап

Қазақстан Республикасының Президенті:

1) Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жолдау жасайды;

2) депутаттардың жалпы санының көпшілік дауы­сы­мен берілген Құрылтай келісімімен Қазақстан Рес­пуб­ликасының Вице-Президентін тағайындайды; Вице-Президентті лауазымынан босатады, оның өкілеттігін айқындайды.

Конституцияның 62-бабының 3-тармағында көз­делген жағдайларды қоспағанда, Вице-Президентті тағай­ындауға келісім беруден қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы;

3) Қазақстан Республикасы Құрылтайының кезекті және кезектен тыс сайлауын тағайындайды; Құрылтай­дың бірінші сессиясын шақырады және оның депутат­тарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдай­ды; Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақырады; Құрылтай ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жариялайды немесе заңды не оның жекелеген баптарын қайта талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;

4) Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялар фрак­ция­ларымен консультациядан кейін Қазақстан Рес­пуб­ликасы Премьер-Министрінің кандидатурасын келісім беру үшін Құрылтайдың қарауына ұсынады; депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Премьер-Министрді тағайындайды; Премьер-Министрді лауазымынан босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Үкімет құрылымын айқындайды; Құрылтаймен консульта­ция­дан кейін Премьер-Министр ұсынған Үкімет мүше­л­ерін тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін дербес тағайындайды; Үкімет мүше­лерін лауазымынан босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; аса маңызды мәселелер бойынша Үкі­мет отырыстарына төрағалық етеді.

Конституцияның 62-бабының 3-тармағында көз­дел­ген жағдайларды қоспағанда, Премьер-Министрді тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған жағ­дайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы;

5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты­ның Төрағасын, Жоғарғы Сотының Төрағасын, Ұлт­тық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын, Жоғары аудиторлық пала­тасының Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төр­аға­сын, Мемлекеттік күзет қызметінің Бастығын, Қа­зақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындайды және оларды лауазы­мы­н­ан босатады;

6) Қазақстан Республикасының Президентіне тіке­лей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган­дарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын тағайындайды және лауазымынан боса­тады;

7) Қазақстан Республикасы дипломатиялық өкіл­діктерінің басшыларын тағайындайды және кері шақыр­ып алады;

8) депутаттардың жалпы санының көпшілік дауы­сы­мен берілген Құрылтай келісімімен Конституциялық Соттың он судьясын сегіз жыл мерзімге, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін бес жыл мерзім­г­е, Жоғары аудиторлық палатаның сегіз мүшесін бес жыл мерзімге тағайындайды; оларды лауазымынан босатады.

Конституцияның 62-бабының 3-тармағында көздел­ген жағдайларды қоспағанда, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жо­ғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған жағдайда Қазақ­стан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы;

9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жо­ғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығын тағайындайды және лауазымынан босатады;

10) жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылдайды;

11) адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің Егемендігі мен тұтас­ты­ғын қамтамасыз ету мүддесінде Конституциялық Сотқа күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы және Конс­титуцияның 93-бабында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы өтініш жібереді;

12) Қазақстан Республикасының атынан келіс­сөздер жүргізеді және халықаралық шарттарға қол қояды; ратификациялық грамоталарға қол қояды; шет мем­лекеттердің Қазақстан Республикасында аккредит­телген дипломатиялық өкілдіктері басшыларының, сондай-ақ халықаралық ұйым басшыларының сенім және кері шақырып алу грамоталарын қабылдайды;

13) мемлекеттік наградаларды, құрметті атақтарды белгілейді;

14) мемлекеттік наградалармен марапаттайды, құрметті атақтарды, жоғары әскери және өзге де атақ­тарды, сыныптық шендерді, дипломатиялық дәреже­лерді, біліктілік сыныптарын береді;

15) Қазақстан Республикасының азаматтығы мәсе­лесін, саяси баспана беру мәселесін шешеді;

16) кешірім беруді жүзеге асырады;

17) Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен аумағының тұтастығына, ішкі саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауіпсіздігіне тікелей қатер төнсе және бұл мемлекеттік конституциялық органдардың жұмыс істеуін бұзуға алып келсе, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен және Құрылтайы Төрағасымен ресми консультациядан кейін Қазақстан Республика­сының бүкіл аумағында немесе жекелеген аймақта-

р­ында төтенше жағдай енгізуді, Қазақстан Республи­ка­сының Қарулы Күштерін қолдануды қоса алғанда, осы мән-жайлар талап ететін шараларды қабылдайды;

18) Қазақстан Республикасына қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген аймақтарында соғыс жағдайын енгізеді, ішінара не жалпы жұмылдыру жариялайды, бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Құрылтайына дереу хабарлайды;

19) өзіне бағынатын Мемлекеттік күзет қызметін құрады;

20) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкім­шілігін құрады;

21) Қауіпсіздік Кеңесін, өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесін құрады;

22) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

47-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті Конс­титуция мен заңдар негізінде және олардың орындалуы үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мін­детті күші бар жарлықтар мен өкімдер шығарады.

2. Қазақстан Республикасының Президенті Құрыл­тай өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, ол уақытша болмаған кезеңде Қазақстан Республикасы­ның конституциялық заң күші немесе заң күші бар жар­лықтар шығарады.

3. Қазақстан Республикасының Президенті қол қой­ғанға дейін заңдарды Құрылтай Төрағасы мен Премьер-Министр алдын ала қол қойып бекемдейді және оларға заңдардың Конституция мен заңдарға сәйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.

Үкімет бастамасымен шығарылатын Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін Премьер-Министр

 

 алдын ала қол қойып бекемдейді және оған актілердің Конституция мен заңдарға сәйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.48-бап1. Қазақстан Республикасының Президентіне, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайды.

Мемлекетке опасыздық жасауды қоспағанда, Прези­дент өкілеттігін атқару кезіндегі әрекеті үшін Қазақстан Республикасының Президенті қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды.

2. Қазақстан Республикасының Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, қызмет көрсету және күзету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

3. Осы баптың ережелері Қазақстан Республи­касының экс-Президенттеріне қолданылады.

49-бап

1. Қазақстан Республикасының Вице-Президентін депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Қазақстан Республикасы Құрылтайының келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

2. Вице-Президенттің өз өкілеттігі кезеңінде өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ саяси партияда болуға құқы­ғы жоқ.

3. Вице-Президент Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкі­метпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік етеді, сондай-ақ Президент айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

50-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақ­стан Республикасының Конституциялық Сотына мәлімдеме беру арқылы өз еркімен орнынан түсуге құ­қылы. Конституциялық Сот Қазақстан Республи­ка­сы Президентінің орнынан түсу туралы мәлімдемені өзі  және өз еркімен бергенін растайды. Конституциялық Сот қорытынды берген сәттен бастап Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне байланысты лауазымынан босатылды деп саналады.

2. Қазақстан Республикасының Президенті денсау­лығына байланысты өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілеті болмаған жағдайда мерзімінен бұрын лауазы­мынан босатылуы мүмкін. Бұл жағдайда Құрылтай депутаттардан және тиісті медицина салаларының маман­дарынан тұратын комиссия құрады. Мерзімінен бұрын босату туралы шешім комиссияның қорытын­дысы негізінде және Конституциялық Соттың бел­гі­ленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны тура­лы қорытындысы негізінде Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үшінің дауысымен қабылданады.

3. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкіл­еттігін атқару кезіндегі әрекеті үшін мемлекетке опа­сыздық жасағанда ғана жауапты болады және бұл үшін Құрылтай оны қызметінен кетіруі мүмкін. Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекет­ке опасыздық жасады деп айып тағу және оны тергеп-тексеру туралы бастаманы Құрылтай депутаттары жал­пы санының кемінде үштен бірі көтереді. Бұл мә­се­ле бойынша шешім Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Құрылтай тағылған айыпты тергеп-тексеруді ұйымдас­тырады және оның нәтижелері Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай оты­ры­сының қарауына шығарылады. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім Жоғарғы Соттың айып тағудың не­гізділігі туралы қорытындысы және Конституциялық Сот­тың белгіленген конституциялық рәсімдердің сақ­тал­­ғаны туралы қорытындысы болған жағдайда Құ­рыл­тай отырысында депутаттардың жалпы саны­ның кемінде төрттен үшінің дауысымен қабылданады. Айып тағылған сәттен бастап екі ай ішінде түпкілікті шешім қабылданбаса, бұл Қазақстан Республикасының Президентіне қарсы айыпты қабылданбады деп тануға алып келеді. Қазақстан Республикасының Президен­тіне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айып­тың кез келген сатыда қабылданбауы осы мә­селе­ні қарауға бастамашы болған Құрылтай депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға алып келеді.

4. Қазақстан Республикасының Президентін қыз­метінен кетіру туралы мәселе Құрылтайдың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін қарау кезеңінде ұсынылмайды.

51-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына не­месе Қазақстан Республикасының Президенті қыз­метінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Вице-Президентке өтеді; Вице-Президенттің денсаулық жағдайына немесе жеке сипаттағы өзге де себептерге байланысты Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілет­тігі Құрылтай Төрағасына өтеді; Қазақстан Республи­касы Президентінің өкілеттігін Құрылтай Төрағасының қабылдауы мүмкін болмаған кезде Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің өкілеттігі Премьер-Министрге өтеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдаған тұл­ға Конституциялық Сотқа Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту тура­лы мәлімдеме береді. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту туралы мәлімдемені осы тұлғаның өзі және өз еркімен бергенін растайды және қорытынды береді.

Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға тиісінше Вице-Президент, Құрылтай Төрағасы, Премьер-Министр өкілеттігін доғарады. Бұл­ жағдайда бос мемлекеттік лауазымдарға орналасу Конс­титуцияда көзделген тәртіппен жүзеге асыры­лады.

2. Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе Қазақстан Республикасының Президенті қыз­метінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазы­мынан босатылған не қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде Құрылтай Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің сайлауын өткізу туралы жария­лайды. Сайлау Құрылтай тиісті шешім қабылдаған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.

3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлғаның Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастама жасауға, сондай-ақ Құрылтайды таратуға құқығы жоқ.

IV бөлім

Құрылтай

52-бап

1. Қазақстан Республикасының Құрылтайы – заң шығару билігiн жүзеге асыратын Қазақстан Респуб­ликасының жоғары өкiлдi органы.

2. Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және жаңадан шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясының жұмысы басталған кезде аяқталады.

3. Құрылтайдың өкілеттігі Конституцияда көз­делген жағдайда және белгіленген тәртіппен мерзі­мінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

4. Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы консти­ту­ция­лық заңда айқындалады.

53-бап

1. Құрылтай біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйе негізінде конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайлана­тын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады.

2. Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.

54-бап 

1. Құрылтай депутаттары жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқы­лы сайланады. Құрылтай депутаттарының кезекті сайлауы жұмыс істеп тұрған Құрылтай шақырылымы­ның өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізіледі.

2. Құрылтай депутаттарының кезектен тыс сайлауы Құрылтайдың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.

3. Жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республи­касының азаматтығы бар, оның аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан адам Құрылтай депутаты бола алады.

4. Құрылтай депутаттарының сайлауы конститу-

ция­лық заңмен реттеледі.

5. Құрылтай депутаттары Қазақстан халқына ант береді.

55-бап

1. Құрылтай депутаттары оның жұмысына қатысуға міндетті. Құрылтайда депутаттың жеке өзі дауыс бере­ді. Депутат Құрылтай мен оның органдарының оты­рыстарына дәлелді себепсіз үш реттен артық қа­тыспа­са, сол сияқты дауыс беру құқығын басқаға берсе, бұл заңда белгіленген жазалау шараларын қолдануға алып келеді.

2. Құрылтай депутатының басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми, шығарма­шы­лық қызметтен басқа ақы төленетін лауазымды ат­қару­ға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, коммерциялық ұйым­ның басшы органының немесе байқаушы кеңесі­нің құрамына кіруге құқығы жоқ. Осы талаптарды бұзу депутаттың өкілеттігін тоқтатуға алып келеді.

3. Құрылтай депутатын қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдай­ла­­рын қоспағанда, оны өз өкілеттігі мерзімі ішінде Құрыл­­тайдың келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күш­теп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкім­ші­­лік жаза­лауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға бол­майды.

4. Құрылтай депутатының өкілеттігі депутат ор­ны­нан түскен, қайтыс болған, заңды күшіне енген сот ше­шімімен әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе ха­барсыз кеткен деп танылған және Кон­ституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайда тоқтатылады.

Құрылтай депутаты:

1) Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

2) өзіне қатысты соттың айыптау үкімі заңды кү­шіне енген;

3) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқ­татылған;

4) сайланған саяси партиясынан шыққан немесе шығарылған;

5) сайланған саяси партиясы қызметін тоқтатқан кезде мандатынан айырылады.

Құрылтай депутаттарының өкілеттігі Құрылтай таратылған жағдайда тоқтатылады.

5. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы баптың 2-тармағының талаптарын және депутаттық әдеп қағидаларын сақтауына, сондай-ақ депутаттардың өкілеттігін тоқтатуға, оларды өкілет­тігінен және қол сұғылмау кепілдігінен айыруға бай­ланысты мәселелерді дайындау Қазақ­стан Респуб­ликасының Орталық сайлау комис­сиясына жүктеледі.

56-бап

Құрылтай: 

1) конституциялық заңдарды және заңдарды қа­былдайды;

2) Қазақстан Республикасының Президенті қарсылық білдірген заңдарды немесе заң баптарын қарсылық жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайта талқылап, дауысқа салады. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылығының қабылдан-

ғанын білдіреді. Егер Құрылтай конституциялық заңдар немесе конституциялық заң баптары бойынша депутаттардың жалпы санының төрттен үшінің дауысымен, ал заңдар немесе заң баптары бойынша депутаттардың жалпы санының үштен екісінің дауысымен Президенттің қарсылығын еңсерсе, Президент бір ай ішінде конституциялық заңға немесе заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығы еңсерілмесе, конституциялық заң немесе заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп саналады;

3) соғыс және бітім мәселелерін шешеді;

4) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану туралы шешім қабылдайды;

5) Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын жариялайды;

6) жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді;

7) Қазақстан Республикасының Президентіне Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындауға келісім береді;

8) Қазақстан Республикасының Президентіне Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін тағайындауға келісім береді;

9) Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауына Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен келісім береді;

10) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсы­нуымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлайды және лауазымынан босатады, олардың антын қабылдайды;

11) Конституциялық Сот судьяларын, Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмау кепілдігінен айырады;

12) Құрылтай депутатының өкілеттігін тоқтатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры­ның ұсынуымен Құрылтай депутатын қол сұғылмау кепілдігінен айыру мәселесін шешеді;

13) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруге құқылы;

14) Конституциялық Соттың Қазақстан Респуб­ликасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;

15) жылына екі рет Жоғары аудиторлық палата Төрағасының есебін тыңдайды;

16) Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылайды және бекітеді. Құрылтайдың республика­лық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін бекітпеуі Құрылтайдың Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруі деп саналады;

17) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің өз қызметі жөніндегі есептерін тыңдауға құқылы. Үкімет мүшесі Қазақстан Респуб­ликасының заңдарын орындамаған жағдайда, есепті тыңдау қорытындысы бойынша Құрылтай депутат-

тары жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен Қазақстан Республикасының Президентіне оны ла­уазымынан босату туралы өтініш білдіру жөнінде ше­шім қабылдауға құқылы. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Үкімет мүшесін лауазы­мынан босатады;

18) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша тыңдау өткізеді;

19) өз қызметінің регламентін қабылдайды және Құ­рылтайдың жұмысын ұйымдастыруға, ішкі тәртібіне байланысты мәселелер бойынша өзге де шешім қа­былдайды;

20) Құрылтайдың үйлестіру органын және жұмыс органдарын құрады;

21) Құрылтай комиссияларын құрады, төрағаларын сайлайды және лауазымынан босатады, комиссиялар­дың қызметі туралы есепті тыңдайды;

22) Құрылтайға Конституциямен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

57-бап

1. Құрылтайды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған Төраға басқарады. Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады.

Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы.

2. Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда Құрылтай Төрағасы лауазымынан кері шақырып алынуы, сондай-ақ орнынан түсуі мүмкін.

3. Құрылтай Төрағасы:

1) Құрылтай отырысын шақырады және оған төрағалық етеді;

2) Құрылтайдың қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауға жалпы басшылық етеді;

3) Құрылтай Төрағасының орынбасарларын лауазымға сайлау үшін Құрылтайға кандидатуралар ұсынады;

4) Құрылтайдың қызметінде регламенттің сақ­талуын қамтамасыз етеді;

5) Құрылтайдың үйлестіру органының қызметіне басшылық етеді;

6) Құрылтай шығаратын актіге қол қояды;

7) өзіне Құрылтай регламентімен жүктелетін басқа да міндеттерді атқарады.

4. Конституцияда өзгеше көзделмесе, Құрылтай Төрағасы Құрылтай сессиясын ашады.

5. Құрылтай Төрағасы өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкім шығарады.

58-бап

1. Құрылтай сессиясы отырыс түрінде өткізіледі.

2. Құрылтайдың бірінші сессиясын Қазақстан Республикасының Президенті сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей шақырады.

3. Құрылтайдың кезекті сессиясы жылына бір рет, қыркүйектің бірінші жұмыс күні мен маусымның соңғы жұмыс күні аралығында өткізіледі.

4. Сессия Құрылтай отырысында ашылады және жабылады. Құрылтай сессиясын, әдетте, Қазақстан Республикасының Президенті ашады. Құрылтай сессиялары арасындағы кезеңде Қазақстан Рес­публикасының Президенті өз бастамасымен, Құрылтай Төрағасының немесе Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралуы мүмкін.

5. Құрылтай отырысы Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағ­дайда өткізіледі.

6. Құрылтай отырысы ашық түрде өтеді. Регламентте көзделген жағдайда отырыс жабық түрде өткізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Прези­дентінің, Вице-Президенттің, Премьер-Министрдің және Үкімет мүшелерінің, Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төраға­сының кез келген отырысқа қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар.

59-бап

1. Құрылтай конституциялық заңда саны айқын­далатын тұрақты комитеттер, сондай-ақ комиссиялар құрады.

2. Комитеттер мен комиссиялар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулы шығарады.

60-бап

1. Заң шығаруға бастама жасау құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Құрылтай депу­таттарына, Үкіметке, Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі және тек қана Құрылтайда іске асырылады.

2. Қазақстан Республикасының Президенті заң жобаларын қараудың басымдығын айқындауға құқылы, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезекте екі ай ішінде қабылдануға тиіс дегенді бiлдiредi.

3. Құрылтай:

1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектісі болуына, азаматтық құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттемелері мен жауаптылығына;

2) меншік режиміне және өзге де заттық құқықтарға;

3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастырудың және олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне;

4) салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге немесе олардың күшін жоюға;

5) республикалық бюджет, мемлекеттік қарыз, Қазақстан Республикасының экономикалық және өзге де көмек көрсету мәселелеріне;

6) сот құрылысы мен сот ісін жүргізу мәселелеріне;

7) рақымшылық жасау мәселелеріне;

8) білімге, ғылымға, мәдениетке, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға;

9) кәсіпорындарды және олардың мүлкін жекешелендіруге;

10) қоршаған ортаны қорғауға;

11) Қазақстан Республикаcының әкімшілік-аумақ­тық құрылысына;

12) мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге;

13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне;

14) халықаралық шарттарды ратификациялауға және денонсациялауға;

15) мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтарға;

16) Конституцияға сәйкес өзге де мәселелерге қатысты аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттей­тін, негіз құраушы қағидаттар мен нормаларды бел­гілейтін заң шығаруға құқылы.

4. Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституция­лық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің сақталуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі заң шығару бастамасымен енгізген заң жобаларын Құрылтай дереу қарауға тиіс.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген заң жобалары Құрылтайға енгізілген жағдайда Үкімет өзіне жауапкершілік ала отырып, осы баптың 3-тар­мағында көрсетілген мәселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық акт қабылдауға құ­қылы. Мұндай акт Құрылтай қабылдаған заң күшіне енгенге дейін немесе Құрылтай заң жобаларын қа­былдамай тастағанға дейін қолданыста болады.

5. Құрылтай қабылдаған заң он күн ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға ұсынылады.

Құрылтай заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен тұтастай қабылдамай тастауға құқылы. Мұндай жағдайда заң жобасы қабыл­данбады деп саналады және бастамашыға қайтарылады.

6. Мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мем­лекеттік шығысты ұлғайтуды көздейтін заң жобалары Үкіметтің оң қорытындысы болған кезде ғана енгізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасымен Құрылтайға енгізілетін заң жобалары үшін мұндай қорытынды талап етілмейді.

7. Үкімет енгізген заң жобасы қабылданбаса, Премьер-Министр Құрылтай отырысында Үкіметке сенім білдіру мәселесін қоюға құқылы. Бұл мәселе сенім білдіру мәселесі қойылғаннан бастап қырық сегіз сағаттан кейін ғана дауысқа салынады. Егер сенімсіздік вотумы туралы ұсыныс Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысын алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп саналады. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пай­далана алмайды.

61-бап 

1. Құрылтай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар заң және қаулы қабылдайды.

2. Заң Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғаннан кейін күшіне енеді.

3. Конституциялық заң Қазақстан Республика­сының Конституциясында көзделген мәселелер бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен қабылданады.

4. Конституцияда өзгеше көзделмесе, Құрылтай депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен заңды қабылдайды.

Конституцияда өзгеше көзделмесе, Құрылтай қаулысы депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

5. Заңдар, Құрылтай қаулылары Конституцияға қайшы келмеуге тиіс. Құрылтай қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиіс.

6. Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қолданысқа енгізу және жариялау тәртібі заңмен және Құрылтай регламентімен реттеледі.

62-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай Төрағасымен және Премьер-Министрмен консультациядан кейін Құрылтайды таратуға құқылы.

2. Құрылтай келісімімен тағайындалатын лауа­зымға Президент ұсынған кандидатураны тағайын-

дауға келісім беруден қайта бас тартылған, сондай-ақ Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы.

3. Құрылтайды төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы кезінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ алдыңғы таратудан кейінгі бір жыл ішінде немесе Конституцияның 51-ба­бының 3-тармағында белгіленген жағдайда таратуға болмайды.

V бөлім

Үкімет

63-бап 

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдар жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық етеді.

2. Үкімет – алқалы орган, ол өз қызметінде Қазақстан Республикасының Президенті мен Құрылтай алдында жауапты.

3. Үкімет мүшелері Конституцияның 56-бабының 17) тармақшасында көзделген жағдайда Құрылтайға есеп береді.

4. Үкіметтің құзыреті, ұйымдастырылу және қызмет тәртібі конституциялық заңда айқындалады.

64-бап

1. Үкіметті Қазақстан Республикасының Прези­денті Конституцияда көзделген тәртіппен құрады.

2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қазақстан Республикасының Президентіне Премьер-Министр тағайындалғаннан кейін он күн ішінде Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы ұсыныс енгізеді.

3. Үкімет мүшелері Қазақстан Республикасының халқы мен Президентіне ант береді.

65-бап 

Үкімет:

1) мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясаты­ның, қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету ісінің негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйым­дастырады;

2) Құрылтайға республикалық бюджетті және

оның атқарылуы туралы есепті ұсынады, бюджеттің атқа­рылуын қамтамасыз етеді;

3) Құрылтайға заң жобаларын енгізеді және заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді;

4) мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады;

5) Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын жүргізу шараларын әзірлейді;

6) министрліктердің, өзге де орталық және жер­гілікті атқарушы органдардың қызметіне басшылық етеді;

7) Қазақстан Республикасының министрліктері, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдары актілерінің толық немесе бір бөлігінде күшін жояды не қолданысын тоқтата тұрады;

8) мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын бар­лық орган үшін қаржыландырудың және қызмет­керлерге еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін Қазақ­стан Республикасы Президентiнің келісімімен бекітеді;

9) өзіне Конституциямен, заңдармен және Қазақ­стан Республикасы Президентiнің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

66-бап 

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

1) Үкімет қызметін ұйымдастырады және бас­қарады, оның жұмысы үшін дербес жауап береді;

2) Үкімет қаулысына қол қояды;

3) Үкімет қызметінің негізгі бағыттары жөнінде және оның барлық аса маңызды шешімдері туралы Президент пен Құрылтайға баяндайды;

4) Үкімет қызметін ұйымдастыруға және басқаруға байланысты басқа да функцияларды орындайды.

67-бап 

1. Үкімет мүшелері өз құзыреті шегінде дербес шешім қабылдайды және өзіне бағынысты мемлекет-

тік органдардың жұмысы үшін Премьер-Министр алдында дербес жауап береді. Үкімет жүргізіп отырған саясатпен келіспейтін немесе оны іске асырмайтын Үкімет мүшесі орнынан түсуге өтініш береді не лауазымынан босатылуға тиіс.

2. Үкімет мүшелерінің өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзінің лауазымдық міндеті болатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басқарушы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ.

68-бап

1. Үкімет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар қаулы шығарады.

2. Премьер-Министр Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар өкім шығарады.

3. Үкімет қаулылары мен Премьер-Министрдің өкім­дері Конституцияға, заңдарға, Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің актілеріне қайшы келмеуге тиіс.

69-бап 

1. Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін доғарады.

2. Үкімет және оның кез келген мүшесі өздеріне жүктелген функцияларды одан әрі орындау мүмкін емес деп есептесе, Қазақстан Республикасының Президентіне орнынан түсу туралы мәлімдеме беруге құқылы.

3. Құрылтай Үкіметке сенімсіздік вотумын білдір­ген жағдайда Үкімет Қазақстан Республикасының Президентіне орнынан түсу туралы мәлімдейді.

4. Орнынан түсуді қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселені Қазақстан Республикасының Президенті он күн ішінде қарайды.

5. Орнынан түсуді қабылдау Үкіметтің не оның тиісті мүшесінің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді. Премьер-Министрдің орнынан түсуін қабылдау бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді.

6. Үкіметтің немесе оның мүшесінің орнынан түсуі қабылданбаған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті оған міндеттерін одан әрі атқаруды тапсырады.

7. Қазақстан Республикасының Президенті өз бастамасымен Үкіметтің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауға және оның кез келген мүшесін лауазымынан босатуға құқылы. Премьер-Министрді лауазымынан босату бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді.

VI бөлім

Қазақстан Халық Кеңесі

70-бап

1. Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан Респуб­лика­сы халқының мүддесін білдіретін жоғары консуль­тативтік орган.

2. Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан Респуб­ликасының азаматтарынан құралады.

3. Қазақстан Халық Кеңесін құру, оның құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттігі және қызметінің ұйым­дастырылуы конституциялық заңда айқын­далады.

71-бап

Қазақстан Халық Кеңесі:

1) мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынты­мақты нығайту, Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді;

2) Құрылтайға заң жобаларын енгізеді;

3) жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді;

4) конституциялық заңға сәйкес өзге де өкі­леттіктерді жүзеге асырады.

VII бөлім

Конституциялық Сот

72-бап

1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты – конституциялық бақылауды жүзеге асыратын және бүкіл ел аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган.

2. Конституциялық Сот Төраға мен он судьядан тұрады. Олардың өкілеттік мерзімі – сегіз жыл.

Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Кон­ституциялық Сот судьясы болып тағайындалмайды.

3. Конституциялық Сот Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды және ол өкілеттік мерзімі ішінде Конституциялық Сот судьясы да болады.

Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Конституциялық Сот Төрағасы болып тағайындал­майды.

4. Конституциялық Сот судьяларын депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот Төрағасының ұсынуымен Конституциялық Сот судьялары арасынан Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

5. Конституциялық Сот судьясының депутат мандатын қатар алып жүруіне, оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін лауазымды атқаруына, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына, сондай-ақ коммерциялық ұйымның басқарушы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруіне болмайды.

6. Конституциялық Сот Төрағасы мен судьяларын қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оларды өз өкілеттігі мерзімі ішінде тиісінше Қазақстан Рес­публикасы Президентінің не Құрылтайдың келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәр­тібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыс­тық жауаптылыққа тартуға болмайды.

7. Конституциялық Соттың ұйымдастырылуы және қызметі конституциялық заңмен реттеледі.

73-бап

1. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің, Құрылтай Төрағасының, Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің, Премьер-Министрдің өтініші бойынша:

1) дау туындаған жағдайда Президенттің, Құрылтай депутаттарының сайлауын және жалпыхалықтық референдумды өткізудің дұрыстығы мәселесін шешеді;

2) Президент қол қойғанға дейін Құрылтай қабыл-

даған заңдардың Конституцияға сәйкестігін қарайды;

3) Құрылтай қабылдаған қаулылардың Консти­туцияға сәйкестігін қарайды;

4) халықаралық шарттарды ратификациялағанға дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарайды;

5) халықаралық ұйымдар мен олардың органдары шешімдерінің орындалуының Конституцияға сәйкестігін қарайды;

6) Конституция нормаларына ресми түсіндірме береді;

7) Конституцияның 50-бабының 2 және 3-тар­мақтарында белгіленген жағдайларда қорытынды береді.

2. Конституциялық Сот Конституцияның 46-ба­бының 11) тармақшасында көзделген жағдайда – Президенттің өтiнiшiн, сондай-ақ Конституцияның 79-бабында белгiленген жағдайда соттың өтiнiшiн қарайды.

3. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы азаматтарының Конституцияда көзделген құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Конституцияға сәйкестігін олардың өтініштері бойын­ша қарайды.

Қазақстан Республикасы азаматтарының Консти­туциялық Сотқа жүгіну тәртібі мен шарттары консти­туциялық заңда айқындалады.

4. Конституциялық Сот осы баптың 1-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген мәсе­лелерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нор­мативтік құқықтық актілерінің Конституцияға сәйкестігін Бас Прокурордың өтініші бойынша қарайды.

5. Конституциялық Сот адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандық­тарына қатысты Қазақстан Республикасының норма­тивтік құқықтық актілерінің Конституцияға сәйкес­тігін Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өтініші бойынша қарайды.

6. Конституциялық Сот Конституцияның 50-бабы­ның 1-тармағында және 51-бабының 1-тармағында белгіленген жағдайларда қорытынды береді.

 

 

74-бап1. Конституцияның 73-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша Конституциялық Сотқа өтініш берілген жағдайда тиісінше Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуі, Құрылтайдың сайланған депутат­тарын тіркеу, жалпыхалықтық референдум қорытын­дысын шығару тоқтатыла тұрады.2. Конституцияның 73-бабы 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша Конституциялық Сотқа өтініш берілген жағдайда тиісті актілерге қол қою не оларды ратификациялау мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады.

3. Конституциялық Сот өз шешімін конституция­лық заңда белгіленген мерзімде шығарады.

75-бап

1. Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не ратификацияланбайды және олар қолданысқа енгізілмейді.

2. Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер, олардың жекелеген ережелері Конституциялық Сот шешім қабылдаған күннен немесе ол белгілеген күннен бастап қолданысын тоқтатады және қолданылмауға тиіс.

Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Консти­туцияға сәйкес келеді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер, олардың жеке­леген ережелері осы түсіндірмедегідей қолданылуға тиіс.

3. Конституциялық Сот орындалуы Конституцияға сәйкес келмейді деп таныған халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдері, оның ішінде жекелеген ережелері орындалмауға тиіс.

4. Конституциялық Сот шешімдері қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Респуб­ликасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болады және оларға шағым жасалмайды.

VIII бөлім

Сот төрелiгi. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері

76-бап 

1. Қазақстан Республикасында сот төрелігін сот қана жүзеге асырады.

2. Сот билігі сот ісін жүргізудің заңда белгіленген азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және өзге де нысан­дары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен өтеді.

3. Қазақстан Республикасының соттары – Жоғарғы Сот, заңмен құрылған жергілікті және басқа да соттар.

4. Қазақстан Республикасының сот жүйесі Консти­туцияда және конституциялық заңда белгіленеді. Қандай да бір атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берілмейді.

77-бап 

1. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады, ол адамның, азаматтың, ұйымдар­дың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдде­лерін қорғауды, сондай-ақ Конституцияның, заңдар­дың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Қазақ­стан Республикасы халықаралық шарттарының орындалуын мақсат етеді.

2. Сот билігі Конституцияның, заңдардың, өзге де нор­мативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Респуб­ликасы халықаралық шарттарының нормаларын қолдануға байланысты туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады.

3. Сот шешімінің, үкімі мен өзге де қаулысының Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар.

78-бап 

1. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз болады және Конституция мен заңға ғана бағынады.

2. Сот төрелігін іске асырған кезде соттың қыз­метіне мүлдем араласуға болмайды және бұл заң бойынша жауаптылыққа алып келеді. Судьялар нақты істер бойынша есеп бермейді.

3. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде мына қағидаттарды басшылыққа алуға тиіс:

1) ешкімнің өзіне заңда көзделген соттылығын оның келісімінсіз өзгертуге болмайды;

2) сотта әр адамның өз сөзін тыңдатуға құқығы бар;

3) айыпталушы өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге міндетті емес;

4) адамның кінәлі екеніне қатысты кез келген күмән айыпталушының пайдасына қарастырылады;

5) заңсыз жолмен алынған дәлелдемелердің заңды күші жоқ. Ешкімді өзінің жеке мойындауы негізінде ғана соттауға болмайды;

6) қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берілмейді.

4. Конституцияда белгіленген сот төрелігі қағидат­тары Қазақстан Республикасының барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай.

79-бап 

Соттардың адам мен азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан кел­тіретін заңдарды және өзге де нормативтік құ­қықтық актілерді қолдануға құқығы жоқ.

Егер сот қолданылуға тиіс заң немесе өзге де норма­тивтік құқықтық акт адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостан­дықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, ол іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсынумен Конституциялық Сотқа жүгінуге міндетті.

80-бап 

1. Соттар тұрақты судьялардан тұрады, олардың тәуелсіздігі Конституциямен және заңмен қорғалады. Судьяның өкілеттігі тек қана заңда белгіленген негіздермен тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін.

2. Судьяны қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, тиісінше Жоғары Сот Кеңесінің қоры­тын­дысына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз не Құрылтайдың келі­сімінсіз оны ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жа­за­лауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға бол­майды.

3. Қазақстан Республикасы соттарының судья­ларына қойылатын талаптар конституциялық заңда айқындалады.

4. Судьяның депутат мандатын қатар алып жүруіне, оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қыз­меттен басқа ақы төленетін лауазымды атқа­руына, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына, ком­мерциялық ұйымның басқарушы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруіне болмайды.

81-бап

Соттарды қаржыландыру, судьяларды тұрғын үй­мен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі және сот төрелігін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.

82-бап 

Жоғарғы Сот – жергілікті және басқа да соттардың қарауына жататын азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және өзге де істер бойынша жоғары сот органы, ол заңда көзделген жағдайда өзінің қарауына жататын сот істерін қарайды және сот практикасы мәселелерi бойынша түсiндіру береді.

83-бап

1. Жоғарғы Сот Төрағасын Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Жоғары Сот Кеңесінің ұсы­нымымен тағайындайды және ол өз өкілеттігі мерзімі ішінде Жоғарғы Сот судьясы да болады. Жоғарғы Сот Төрағасының өкілеттік мерзімі – алты жыл.

Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Жоғарғы Сот Төрағасы болып тағайындалмайды.

Жоғарғы Сот судьяларын Құрылтай Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен сайлайды.

2. Жергілікті және басқа да сот судьяларын Қазақстан Республикасының Президенті Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымымен тағайындайды.

3. Соттарда конституциялық заңға сәйкес сот алқалары құрылуы мүмкін.

4. Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

5. Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі, құрамын қалыптастыру тәртібі және жұмысын ұйымдастыру заңда айқындалады.

84-бап 

1. Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Рес­пуб­ликасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды заңда белгіленген шекте және нысанда жүзеге асырады, сотта мемлекет мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасының прокуратурасы орталықтандырылған бірыңғай жүйені құрайды, төмен тұрған прокурорлар жоғары тұрған прокурорларға және Бас Прокурорға бағынады. Ол өз өкілеттігін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады және Қазақстан Респуб­ликасының Президентіне ғана есеп береді.

3. Бас Прокурорды Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды. Бас Прокурордың өкілеттік мерзімі – алты жыл.

Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Бас Прокурор болып тағайындалмайды.

4. Бас Прокурорды қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оны өз өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қол­данылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауап­тылыққа тартуға болмайды.

5. Прокуратураның құзыреті, қызметінің ұйымдас­тырылуы мен тәртібі конституциялық заңда айқын­далады.

85-бап

1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал етеді.

2. Адам құқықтары жөніндегі уәкілді Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

3. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болады және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді.

4. Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оны өз өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

5. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен қызметін ұйымдастыру конституциялық заңда айқындалады.

86-бап

1. Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның мемлекет кепілдік берген сот арқылы қорғалу құқығын және заң көмегін алу құқығын іске асыруға жәрдемдеседі. Заң көмегін адвокаттар мен өзге тұл­ғалар заңға сәйкес көрсетеді.

2. Адвокат қызметін жүзеге асыру тәртібі, адвокат құ­қықтары, міндеттері мен жауаптылығы заңда айқындалады.

IX бөлім

Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару

87-бап

Жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы ахуалдың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асырады.

88-бап

1. Жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының ерік-мүддесін білдіреді және жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды айқындайды, олардың жүзеге асырылуын бақылайды.

2. Мәслихаттарды халық жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды.

3. Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Қазақстан Республикасының азаматы бір ғана мәслихаттың депутаты бола алады.

4. Мәслихаттардың қарауына:

1) аумақты дамытудың жоспарларын, эко­номикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жер­гілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту;

2) өз қарауына жатқызылған жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу;

3) заңмен мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жергілікті атқарушы орган басшыларының есебін қарау;

4) мәслихаттың тұрақты комиссияларын және өзге де жұмыс органдарын құру, олардың қызметі туралы есепті тыңдау, мәслихат жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;

5) заңға сәйкес Қазақстан Республикасы азамат­тарының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.

5. Мәслихаттың өкілеттігін Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Премьер-Министрмен және Құрылтай Төрағасымен консультациядан кейін мерзімінен бұрын тоқтатады, сондай-ақ оның өкі­леттігі мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қа­былдаған жағдайда мерзімінен бұрын тоқтатылады.

6. Мәслихаттардың құзыреті, ұйымдастырылу және қызмет тәртібі, депутаттардың құқықтық жағдайы заңда белгіленеді.

89-бап

1. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Рес­публикасы атқарушы органдарының біртұтас жүйесіне кіреді, атқарушы биліктің жалпымемлекеттік саясатын тиісті аумақты дамыту мүддесімен және қажеттілігімен үйлестіре жүргізуді қамтамасыз етеді.

2. Жергілікті атқарушы органдардың қарауына:

1) аумақты дамытудың жоспарларын, экономика­лық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті әзірлеу мен олардың атқарылуын қамтамасыз ету;

2) коммуналдық меншікті басқару;

3) жергілікті атқарушы орган басшыларын тағайын­дау және лауазымынан босату, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;

4) жергілікті атқарушы органдарға заңмен жүк­телетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асыру жатады.

3. Жергілікті атқарушы органды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі басқарады, ол Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің өкілі болып табылады.

4. Астана, облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдерін Қазақстан Республикасының Президенті тиісінше астана мәслихаты, облыс аумағындағы мә­слихаттар, республикалық маңызы бар қала мәслихаты депутаттарының келісімімен тағайындайды.

Қазақстан Республикасының Президенті кемінде екі кандидатураны ұсынады, олар дауысқа салынады. Дауыс беруге қатысқан мәслихат депутаттарының көпшілік дауысын алған кандидат келісім алды деп саналады.

Өзге әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдері заңда айқындалатын тәртіппен тағайындалады немесе сай­ланады, сондай-ақ лауазымынан босатылады. Қазақ­стан Республикасының Президенті өз ұйғаруымен астана, облыс, республикалық маңызы бар қала әкім­дерін лауазымынан босатуға құқылы.

5. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасымен әкімге сенімсіздік вотумын білдіру мәселесі қойылуы мүмкін. Бұл жағ­дайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен әкімге сенімсіздік білдіруге және оны лауазымынан босату мәселесін тиісінше астана, облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдеріне қатысты – Қазақстан Республикасы Президентінің алдына не өзге де әкімшілік-аумақтық бірлік әкім­деріне қатысты – жоғары тұрған әкімнің алдына қоюға құқылы. Астана, облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдерінің өкілеттігі жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті өз қызметіне кіріскен кезде тоқтатылады.

6. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті, ұйымдастырылу және қызмет тәртібі заңда белгіленеді.

90-бап

1. Мәслихаттар өз құзыретіндегі мәселелер бо­йын­ша – шешім, ал әкімдер шешім мен өкім қабылдайды, бұлар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында орындалуға міндетті.

2. Жергілікті бюджет кірісін қысқартуды немесе жергілікті бюджет шығысын ұлғайтуды көздейтін мәслихат шешімінің жобалары әкімнің оң қоры­тын­дысы болған кезде ғана қарауға енгізілуі мүмкін.

3. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына сәйкес келмейтін мәслихат ше­шімінің күші сот тәртібімен жойылуы мүмкін.

4. Әкімдердің шешімдері мен өкімдерінің күшін тиісінше Қазақстан Республикасының Үкіметі не жоғары тұрған әкім жоя алады, олардың күші сот тәр­тібімен де жойылуы мүмкін.

91-бап

1. Қазақстан Республикасында жергілікті маңызы бар мәселелерді тұрғын халықтың өзі шешуін қам­тамасыз ететін жергілікті өзін-өзі басқару танылады.

2. Жергілікті өзін-өзі басқаруды халық тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ ол мәслихаттар арқылы және тұрғын саны шағын аумақтарды қамтитын жергілікті қоғамдастықтарда өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылады.

Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына заңға сәйкес мемлекеттік функциялар берілуі мүмкін.

3. Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру және оның қызметі заңмен реттеледі.

4. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігіне заңда белгіленген өкілеттігі шегінде кепілдік беріледі.

X бөлім

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу

92-бап

1. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республика­сының Президенті өз бастамасы бойынша, Құрылтай­дың, Үкіметтің, Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасы бойынша қабылдаған шешіммен өткізілетін жалпы­халықтық референдумда енгізіледі.

2. Жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жарты­сынан астамы дауыс беруге қатысса, жалпыхалықтық референдум өткізілді деп саналады.

3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан Қазақстан Республикасы азаматтарының жартысынан астамы жалпыхалықтық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды жақтап дауыс берсе, олар қабылданды деп саналады.

93-бап 

Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулардың Конституцияның 2-бабы 7-тармағының және 43-бабы 5-тармағының талаптарына сәйкестігі туралы Конституциялық Сот қорытындысы болған жағдайда олар жалпыхалықтық референдумға шығарылады.

XI бөлім

Қорытынды және өтпелі ережелер

94-бап

1. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жыл­ғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституция­сының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады.

2. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жария­ланады.

95-бап

1. 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республика­сы­ның Конституциясына сәйкес қалыптастырылған Қазақстан Республикасының Парламенті өз өкілеттігін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтатады.

Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сайлауын жариялауға тиіс және ол  екі ай ішінде өткізілуге тиіс.

2. Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Қазақ­стан Республикасының Президенті Құрылтайдың келісімімен Вице-Президентті тағайындауға тиіс.

3.  Конституциялық Сот Төрағасы мен судья­лары бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сес­сиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде тағайын­далуға тиіс.

1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Респуб­лика­сының Конституциясына сәйкес тағайындалған Конституциялық Сот Төрағасы мен судьялары Кон­сти­­туциялық Соттың жаңа құрамы қалыптастырылғанға дейін өз өкілеттігін сақтайды.

4. Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде тағайындалуға тиіс.

1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясына сәйкес тағайындалған Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның жаңа құрамы қалыптастырылғанға дейін өз өкілеттігін сақтайды.

5. Жоғарғы Сот Төрағасы, Ұлттық Банк Төрағасы, Бас Прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституция күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде тағайындалуға тиіс.

6. 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Респуб­лика­сының Конституциясына сәйкес сайланған (тағайындалған) Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттың судьялары, мәслихат депутаттары, өзге де лауазымды адамдар өз өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген негіздер бойынша өкілеттігі тоқтатылғанға дейін сақтайды.

96-бап

1. Конституция күшіне енген күні қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.

2. Үкімет, орталық және жергілікті мемлекеттік ор­гандар нормативтік құқықтық актілерді Консти­туцияға сәйкес келтіру жөнінде қажетті шаралар қабылдайды.

3.  Конституция күшіне енген күні қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданған Конституциялық Кеңестің және Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде заңды күшін сақтайды.