Жемқорлық фактілерін әшкерелегендер қанша сыйақы алды

Жемқорлық фактілерін әшкерелегендер қанша сыйақы алды

2017 жылы жемқорлық фактілерін  жария еткен азаматтарға 31 млн теңге көлемінде сыйақы берілді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Салауат Мұқсымов айтты, — деп хабарлайды alatau-zhuldyzy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдері одан жемқорлық фактілерін жария еткен азаматтарға қанша сыйақы берілгендігін сұраған болатын.

«Қазіргі уақытта көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында әр өңірде жемқорлыққа қарсы ұтқыр  топтар жұмыс жасап жатыр. Осы  топтар жұмысының нәтижесінде біздің агенттіктің Call-орталығына түсетін азаматтардың шағым ұлғайды. Мәселен, 2016 жылы 2 мың шағым түссе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 12 пайызға артты. Жалпы өткен жылы 226 адам 31  млн теңге көлемінде сыйақы алды», — деді  Салауат Мұқсымов. Дегенмен оның айтуынша, өткен жылы жемқорлық фактілерінің тіркелуі біршама төмендеген. «Мысалы 2016 жылы 2933, ал 2017 жылы 2473 факті тіркелді. Яғни, өткен жылы жемқорлық фактілерін тіркеу 18 пайызға төмендеп отыр», — деді департамент директоры.

Талғар-ақпарат