«Тәртіпке бағынған құл болмайды»

«Тәртіпке бағынған құл болмайды»

Адамзат баласы қауымдасып өмір сүруге бейім жаратылған. Қоғамдық тәртіп орнаған қауым қашанда өркениет көшінен қалмаған. Бауыржан Момышұлы бабамыздың: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды»-деген ұлағатты сөзі көп жайтты ұғындырса керек.

30-тамыз – мемлекетіміз бен еліміздің әрбір азаматы үшін елеулі күн. Бұл күн баршаға ортақ айтулы мереке — Конституция күні. Әр азамат үшін өз елінің заңы, мемлекетінің нышаны мен рәміздері аса қасиетті де ардақты. Ата Заңымыз адамға жауапкершілік жүктеумен қатар, оның құқықтарын да қорғайды.

Қазақстан Республикасы Ата Заңының 1-бөлімі, жалпы ережелердің 1-бабында:

«Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», — деп көрсетілген. Ата заңымыз, өз азаматтарын ешқашан далада қалдырмақ емес. Отанымыздың табиғатын да аялап, өсімдіктер мен жануарларын да қамқорлығына алады (1-бөлім, 6-бап).

Алланың қалауы, тағдырдың жазуы айдап келген көп ұлттар мен ұлыстардың өкілдеріне дейін қараусыз қалдырмай, олардың өз тілдері мен дәстүрлерін үйренуіне жағдай жасайды, ешкімді қумайды (1-бөлім, 7-бап, 2-бөлім, 10-бап).

Қару мен жойғыш заттардың шектен тыс дамып, бір түймешеге басу арқылы миллиондаған өмірдің ойранын шығаруға болатын мына заманда әлемдік деңгейдегі мәселелердің барлығын бейбіт жолмен шешуге, ешкімнің ішкі мәселесіне араласпауға, қарулы күшті бірінші болып қолданбауға шақырады (1-бөлім, 8-бап).

Ата Заңымыз әр адамның сенім бостандығына құрметпен қарап, діни сенімін таңдауға еркіндік құқығын береді (2-бөлім, 19-бап).

Қасиетті кітабымыз Құранда да: Алла Тағала «Бақара» сүресінің 256 аятында:

«Дінде зорлық жоқ» деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жұмысшының еңбегін тері құрғамай тұрып беріңдер!».

«Біреуге жұмыс істетіп алып, ақысын бермей қойған кісімен Қиямет күні мен есептесемін» деп Пайғамбарымыз еңбек еткен адамға міндетті түрде ақы төленуі керектігін ескертеді.

Біздің Конституциямыз да бұл мәселені айналып өтпей, азаматтарымыздың өз қалауы бойынша еңбек етуіне және еткен еңбегі үшін еңбекақы алуына да кепілдік береді (2-бөлім, 24-бап).

Ата Заңымыздың ізгілігін осылай санамалап кете беруге болады. Мәселен, біз мән бере бермейтін тегін орта білім алу, медициналық қызмет, жалақы, зейнетақы, еңбек демалысы, шетелге барып білім алу немесе саяхаттау құқығымыз және т.б. дүниелердің бәрі де Ата заңымыздың негізінде жүзеге асырылып жатыр. Еліміздің тәуелсіздігін сақтап, әлемде өзіндік орнын иеленуі де – осы Ата Заңымыздың жемісі.

Тоқ етерін айтар болсақ, «Халқымыз – мемлекеттің ең басты байлығы болса, Конституциямыз – халқымыздың ең басты байлығы». Сол үшін Ата Заңымыздың қадірін біліп, еліміздің әр азаматы Ата Заңын жетік білсе, бабалар аманатына адал болғанындай Ата Заңға да адал болса, заң талаптарын сақтаса, еліміз тек биіктерден көрінері сөзсіз.

Биыл Ата Заңымыз Конституция күніне 30 жыл толып отыр құтты болсын.

Алла елімізге амандық, жерімізге тыныштық берсін!

 

 

Бахтияр Жақсылықұлы,

AMANAT партиясы ТАЛҒАР БПҰ  төрағасы