Алматы облысы кәсіпкерлерінің 900 млн теңге сомадағы мүліктік құқығы қорғалды

Алматы облысы кәсіпкерлерінің 900 млн теңге сомадағы мүліктік құқығы қорғалды

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов мәлімдеді, — дейді alatau-zhuldyzy.kz сайты.

«Шағымдардың 80%-ы оң нәтижемен шешілді. Мысалы, «Сарыөзек мұнай өнімдері» компаниясына құжаттарда қате басылған жазу үшін 5 миллиондық айыппұл салына жаздады. Біздің қолдауымыздан кейін қаулы алынып тасталынды. Жыл қорытындысы бойынша Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің 900 миллионға жуық сомадағы мүліктік құқығын қорғады», — деді Н.Әбілшайықов.

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының бизнеске сервистік қолдау мен ақпараттық қамтамасыз ету бағыты бойынша жұмыс қорытындысы шығарылды. Осы желі бойынша «Атамекен» ҰКП бағдарлама операторы болып табылады. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталықтарында 6 437 кәсіпкерге 8086 сервистік қызмет көрсетілген. 17 884 бизнес өкіліне 22 838 ақпараттық қызмет берілген. Сомасы 5 миллиард теңгеден астам болатын 432 бизнес-жоспар әзірленіп, оның ішінде 68 жоба 217,1 миллион теңгеге қаржыландырылған.

«Біз мемлекеттік бағдарлама аясында «Бизнес мектеп» компонентін жүзеге асырамыз. Оның аясында «Бизнес кеңесші», «Бизнес Өсу», ««Тәлімгерлік қағидаларын қолданатын Жобалық оқыту» жобалары бойынша кәсіпкерлікке негіздеріне оқытамыз. «Бизнес кеңесші» екі күндік оқыту жобасы аясында 1 393 адам біліп алып, кәсіпкер ретінде 197 қатысушы тіркеліп, 260 жұмыс орнын ашқан. 120-сы жалпы сомасы 340,4 миллион теңге болатын қаржыландыруға қол жеткізген», — деп атап өтті облыстық Палата басшысы.

Н.Әбілшайықов пилоттық режимде 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған кәсіпкерлікке оқытуға бағытталған «Бастау Бизнес» жобасының нәтижелерімен таныстарды. Өткен жылы «Бастау Бизнес» бойынша 1312 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қатысып, 285 қатысушы өз ісін ашқан. Олардың жобасы 1 милиард теңгеден астам сомаға қаржыландырылды.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Атамекеннің» бизнесті оқыту жөніндегі жұмысын жоғары бағалады. «Бастау Бизнес» осы жылы барлық аудандарда, Қапшағайдан басқа Талдықорған және Текелі қалаларында өткізіледі. Бағдарлама бойынша оқып шыққан азаматтарды бизнес ашқан соң бір жыл бойы сүйемелдейміз, барлық операциялық сұрақтар бойынша кеңестер береміз», — деп қосты Нариман Әбілшайықов.

Жиын соңында ағымдағы  жылы бірнеше ауданда «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет атқаратын толықформатты Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылатыны айтылды.

Талғар-ақпарат