Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі аясында Астана қаласындағы «Жастар» саябағында экобелсенділермен бірге ағаш екті.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
– Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тазалықтың мәні мен мағынасы жайындағы пікірімен бөлісіп, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші деп баға берді. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет екенін үнемі айтып келе жатқанын еске салды.
– Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы, – деді Президент.
Айта кетелік, «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясы аясында ел бойынша соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егіліп, орман алқабымызды толтырды.