«AMANAT» партиясы атынан Талғар аудандық мәслихат депутаттығына ұсынылған Болатжан Алпысбайұлы №12 орта мектептің ұстаздар қауымымен кездесу өткізіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. «Бәріміз де бала болдық, мұғалімдер қауымының ортасына келгенде сабақ айтқан баладай толқып тұрғанымыз рас», — деген үміткер «сөздің емес, істің адамы» екенін айтты.
Партияның сайлауалды бағдарламасының әр тармағына жекеше тоқталып, әсіресе білім саласына қатысты тұсын кеңінен баяндап берді. Оқу ордасына бас сұққан белсенді топ тарапынан партияның ел игілігі үшін күні бүгінге дейін атқарған жұмыстары туралы ақпарат берілді. Кандидат мектеп балаларға тек білім ғана емес, тәрбие беретін де мекеме екенін айта келіп, бүгінгі оқушылардың ертең мемлекетті басқару ісіне келетінін, олардың қалай болмағы мұғалімдер қауымының бүгінгі еңбегіне байланысты екенін жеткізді. Одан бөлек, мектепте мүмкіндігі шектеулі жандардың да білім алуына ыңғайлы жағдай жасалып жатқанын айтты. Мемлекет «Кедергісіз болашақ» бағдарламасы аясында бұл бағытта қадау-қадау істер атқарып жатқанын тілге тиек етті. Жиын соңында ұстаздар қауымы үміткерлерге алдағы саяси додада жеңіс тілеп, «AMANAT»-тың ел игілігі үшін көптеген жобаларды жүзеге асырып жатқанын, оның халық өмірін жақсартуға оңтайлы ықпал ететінін айтып, ұйымның өзге партиялардан басты артықшылығының өзі осында екенін мәлім етті.
Одан әрі еркін форматқа ұласқан жиында ұстаздар қауымынан бірқатар ұсыныстар, сауалдар жолданып, әрқайсысына толыққанды жауаптар берілді.