2025 жылдың 20 ақпанында Әл—Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дінтану және мәдениеттану кафедраласының з.ғ.к. профессор Бишманов К.М. және Дінтану мамандығының 1курс докторанты Калякбар Ұ. бастамасымен «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» тұрақты даму мақсаты аясында «Ізгілік нұры: қамқорлық пен мейірім» атты қайырымдылық және тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шара жас ұрпаққа адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, қоғамдағы өзара көмек пен мейірімділікті насихаттауға бағытталды.
Шара барысында докторанттар,студенттер «Мейірімді жанұя» қарттар үйіне арнайы барып, ондағы ақсақалдармен жүздесті.
Кездесу барысында студенттер қарттармен емен-жарқын әңгімелесіп, олардың өмірлік тәжірибесінен сыр шертетін әсерлі оқиғаларын тыңдады. Ақылгөй аталар мен ақ жаулықты әжелер өз бастарынан өткен қызықты сәттері мен өнегелі өмір жолдары туралы айтып, жастарға парасаттылық пен адамгершіліктің маңыздылығын жеткізді. Шара барысында студенттер халық әндерін шырқап, қазақтың дәстүрлі күйлерін орындап, қариялардың көңілін сергітті.
Күй тартылып, ән айтылғаннан кейін, профессор сөз алып, қариялармен еркін сұхбат құрды. Ол мұндай игі шаралардың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтіп, жастарға үлкендердің ақыл-кеңестерін тыңдаудың, олардың өмір жолынан тағылым алудың маңызын түсіндірді.
Жылы сұхбаттан кейін дастарқан жайылып, қонақтар мен қарттар бірге отырып шай ішті. Кеш соңында жасы үлкен қария жастарға ақ батасын беріп, олардың өміріне сәттілік тіледі.
Қазақ халқында «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» деген нақыл сөз бар. Бұл шара жастарға қарттарға құрмет көрсетудің, оларға жанашырлық танытудың маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар, үлкендерден тәлім алып, олардың өмір жолынан сабақ алу –адамгершілік пен рухани дамудың ажырамас бөлігі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осындай қайырымдылық шаралары тек қарттарға ғана емес, жастарға да үлкен рухани азық береді. Ол ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, жастардың бойында мейірімділік, ізгілік, адамгершілік қасиеттерін дамытуға ықпал етеді. Қоғамдағы өзара көмек пен жанашырлық мәдениетін қалыптастыру үшін мұндай іс-шаралардың маңыздылығы зор. Осы кездесуден кейін студенттер үлкен әсер алып, қарияларға қамқорлық көрсету – әрбір адамның парызы екенін жүректеріне түйді.
Бишманов К.М.
Калякбар Ұ.Н.