«АСЫЛ АНА» -НЫҢ МАҚСАТЫ НЕ?

«АСЫЛ АНА» -НЫҢ МАҚСАТЫ НЕ?

Қазіргі қоғамда әйел – тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өмірге және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрді жаңғырту – бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отырғандықтан ақ кимешекті әжелеріміз де білек сыбана кірісуде. Зейнеткерлікке шықса да қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ұйымның бірі «Алматы облысы ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі.

Бірлестіктің Талғар аудандық филиалы «Өнеге жақсы болса өріс кеңейеді» деген қанатты сөзбес өзектес жұмыс істеп келеді. «Болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» жобасы бойынша «Ұлт болам десең — бесігіңді түзе», «Атадан өсиет, анадан қасиет», «Ел болашағы жастар» атты танымдық іс-шараларды өз деңгейінде өткізіп келеді. Өңірдегі ұлтаралық татулық пен келісімге қылау түсірмеуге де ықпал етуде.  Аудандық «Қоғамдық келісім және даму орталығының» басшысы Бұтабаева  Жұмағыз Әшімбекқызымен бірлесе ел игілігі жолында береке мен бірлікті насихаттап, татулықтың туын жықпай келеді.

Жуырда әкімдік залында өткен жиында «Алматы облысы ардагерлер ұйымы» РҚБ жанынан  Талғар ауданында «Асыл ана» қоғамдық бірлестігін құру туралы мәселе көтерілді. Басқосуда сөз алған аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Матан Бекбосынов, аудандық қоғамдық келісім ұйымының басшысы Жұмағыз Бұтабаева, Семей полигон ұйымының жетекші басшысы Мұрат Мұсапиров, аудандық ішкі істер бөлімінің өкілі Айгүл Қанатқызы қоғамдық бірлестіктің қоғамдағы рөлін, ұлт болашағы үшін ілкімді істерін тілге тиек етті.  Ұлт болашағын кеңінен ойлап, оған ұлттық сипат беру керектігін білетін азаматтар аудандық «Асыл ана» қоғамдық бірлестігі құрылса, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлесін қосары анық екенін айтты. Бірлестік төрайымына үміткерлердің ішінен Айтуғанова Азат Жұмаханқызы лайық деп танылды.  Бірлестік мүшелігіне 25 адам кірді. Жаңа тағайындалған төрайым сөз алып:

  • Қазір уақыттың ағымы мен технологияның дамуына қарай тәрбие ұстыны өзгеріске ұшырып жатқаны жасырын емес. Орын алып жатқан олқылықтардың орнын толтыру мақсатында осындай идеясы айқын, мақсаты нық ұйымның болғаны артық емес. Ұлттық тәрбиенің айшықты үлгілерімен үйлесе өскен ұрпақ адамгершілік қасиеттермен – сыпайы, кішіпейіл, ақылды, ұлтжанды, бауырмал болып өседі. Осы жолда «Асыл ана» қоғамдық бірлестігі де ата-баба дәстүрін ұрпаққа ұлағат еткен қариялардың тәлімді тәрбиесі арқылы алдағы уақытта да өз деңгейінде қызметін атқарады, — деді.

М.Бөлек