ҚАРИЯСЫ БАР ЕЛДІҢ – САРҚЫЛМАС ДАРИЯСЫ БАР

ҚАРИЯСЫ БАР ЕЛДІҢ – САРҚЫЛМАС ДАРИЯСЫ БАР

Қарттар күнінің құрметіне 27 қыркүйек күні Талғар ауданы Еламан ауылындағы №41 жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Айтбаева Зергуль Егинбаевна мектептің бірнеше ұстаздары мен өзін-өзі басқару ұйымының белсенді оқушыларын ертіп Қонаев қаласында орналасқан «Шарапат» атты қарттар үйіне барып қарияларды мерекелерімен құттықтап қайтты.

Қарттарға арнап өзін-өзі басқару ұйымының оқушылары мерекелік концет қойып берді, концерттік бағдарлама Жақсылық есімді ақсақалдың  ақ батасымен басталды. Шараның шымылдығы мектеп оркестрінің орындауындағы «Ерке сылқым» күйінің күмбірімен ашылды. 9 «Б» сынып оқушысы Сенбай Камила орындаған «Жақсы адамдарым»әні қариялардың көңілін бір көтеріп тастады. 9 «Б» сынып оқушысы Нұрым Сағатбек оқыған Мұқағали Мақатаевтың «Мен қарапайым қарттарды сүйем», «Пай, пай өмір!» өлеңдері қарияларға ерекше әсер силады. 7 «Ә» сынып оқушысы Жеңісбек Сұлтан орындаған «Сәулем-ай» әніне қариялар да қосыла әндетіп отырды. Концерттің өн бойынан оқушылардың осы бір маңызды күнге тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұрды.  Мерекелік бағдарламаның соңында мектебіміздің директоры Айтбаева Зергуль Егинбаевна қарияларды мейрамдарымен  құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейтінін айта келіп, қарттар үйінің кітапхана қорына кітаптар силады, сонымен қатар жұмамен тұспа тұс келгендіктен қарттарға арнап арнайы пісіртіп әкелген ыстық бауырсақ пен шелпекті, тәттілер мен жеміс-жидектерді түскі аста жеңіздер деп ұсынды. Бұдан соң ұстаздар мен оқушылар қарттармен бірге суретке түсіп, естелік қалдырды. Концерттен соң қазақ тілі пәнінің мұғалімі Уалихан Жұлдыз қарттармен сырлы сұхбат өткізді, бұл кезде қарттар өздерінің бұрын қайда кім болып жұмыс жасағандары туралы, қандай хоббилары болғанын айтты, Абдулла есімді қария өзінің гидротехник боп қызмет атқарғанын, сонымен қоса Ілияс Есенберлиннің тарихи романдарын көп оқығандығын айта келіп жастарды білімді болуға шақырды, оқушыларға бата-тілегін білдіріп, мектеп ұжымына алғысын айтты.

Жасөспірімдердің бойындағы ата-анаға, ата-әжеге, отбасыға деген сүйіспеншілік   сезімді оята түсетін, үлкенге құрмет, отбасы мүшелеріне деген жауапкершілікті сезіндіретін осындай іс-шаралар еліміздің барлық мектептерінде жиі ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді. Өскелең ұрпақ бойында  мейірім мен махаббат , ата-анаға деген сүйіспеншілік  сезімдері  күн санап арта берсін! «Қариясы бар елдің – сарқылмас дариясы бар» демекші қарттарымыз аман болсын, дариямыз ешқашан да сарқылмасын!

 

                                                     Жұлдыз   Уалихан,

       Талғар ауданы, Еламан ауылы

  №41ЖББ орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі