ИСЛАМДАҒЫ ӘЙЕЛ ӘДЕБІ

ИСЛАМДАҒЫ ӘЙЕЛ ӘДЕБІ

Ислам діні әйел адамның дәрежесін көтеріп қойған. Әйелге деген құрмет, сыйластық жөнінде дінімізде анық, айқын айтылған. Бүгінгі қоғамдағы орын алып отырған түрлі жағдайлар, жат ағымдардың ұстанымы әйел адамның қоғамдағы орнын төмендетіп, дініміз айқындаған шекарадан шығып жатқандар да баршылық. Осы орайда насихаттың, алдын-алу шараларының маңызы зор.

Талғар ауданында облыстық әйелдер-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Исламдағы әйел әдебі» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді.  Семинар-тренингке республикалық деңгейде танымал ислам шеңберіндегі психолог, коуч-тренер Мәрзия Бекайдар шақырылды. Алматы облыстық әйелдер-қыздар секторының бас маманы Назерке Әкішқызы әйелдер үшін аталмыш шараның өте маңызды екендігін және жалғасын табатынын атап өтті. Шара басында сөз алған Талғар ауданының бас имамы Ерқанат Серікұлы алдағы уақытта осы бағыттағы шаралар қолға алынып, көбірек ұйымдастырылатынын сөзге тиек етті. Семинар-тренинг қасиетті Құранмен ашылды. Демалыс күнгі тіршіліктеріне қарамастан балаларын қоса ертіп келген әйелдер қауымы шарадан рухани сусындап, дін шеңберінде кеңес алып, алғыстарын білдірді. «Әйел адамның ерімен қатынасы», «Ер азаматтың алдындағы жарының міндеті», «Ислам дініндегі отбасы қарым-қатынасы» секілді тақырыптар кеңінен қозғалып, әйел-келіншектер сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды. Шараға ауданға қарасты мешіт ұстаздары да толығымен қатысып, керекті ақпараттарын ала білді. Семинар-тренинг соңында арнайы дастархан жайылып, бата берілді. Дастархан басында Мәуліт айының құрметіне Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтылып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірілді.

 

Айнұр МАХАНБЕТҚЫЗЫ,

журналист