ЖАТ АҒЫММЕН КҮРЕС – ӨЗЕКТІЛІГІН ЖОЙМАЙДЫ

ЖАТ АҒЫММЕН КҮРЕС – ӨЗЕКТІЛІГІН ЖОЙМАЙДЫ

Жат ағымның жетегінде кетіп, арты өкінішке әкелетін жағдайға ұшырап жатқандардың бар екенін естіп, көріп, оқып жүрміз. Осы орайда, олармен күрес, қарапайым халықтың діни сауаттылығын арттыру, дін қызметкерлерінің біліктілігін көтеру мәселесі өзектілігін жойған емес. Бұл бағытта түрлі профилактикалық шаралар, сауат ашу курстары, семинарлар ұйымдастырылып, баспа өнімдері де жарық көріп, алдын -алу шаралары өткізіліп келеді.

Осы бағытта Талғар аудандық «Әбу Бәкір ас – Сыддық» мешітінде «Жат діни ағымдардан сақтандыру» атты семинар өтті. Семинарды «IHSAN» ғылым және мәдениет орталығының төрағасы, РАТТ мүшесі, теолог Тимур Нүсіпханұлы жүргізді. Шараны аудан имамы Ерқанат Серікұлы ашып, аталмыш семинардың қатысушы имамдар үшін маңыздылығын түсіндірді.

Бүгінгі таңда осы жат ағымда жетегінде кеткен жастармен әсіресе мешіт имамдары бетпе-бет келіп, сұхбатқа барып, қызмет барысында кездесіп жатады. Осы себепті имамдардың сауаттылығы өз деңгейінде болуы шарт екендігін атап өткен Тимур Нүсіпханұлы басты міндет – оларға рухани құндылықты, Ислам дінінің құндылығын ұғындыру екендігін баса айтты. Сондай-ақ, теріс ағым өкілдерімен жұмыс барысында қолданылатын әдіс-тәсілдерге тоқталып, өз тәжірибесімен бөлісті.

«Біз дәстүрлі діни бағыт – Ханафи мәзһабын ұстанамыз. Бұл жол – бабаларымыздың ұстанған жолы. Ең әуелі біз осы бағытта сауаттанып, білімді болуымыз шарт. Діни сауаты төмен адамның жат ағымнан сақтану иммунитеті төмен болады. Тез арбанады. Тура жолдан адасу – діни сауаттылықтың жоқтығынан. Жат ағым мүшелерінің психологиясын ұғыну, жүріс – тұрысын түсіну, санасына әсер ету үшін ең алдымен өзіміз сауатты болуымыз – шарт»  — деп мешіт имамдарына жеткізді.

Семинар барысында елімізде осы бағытта жүргізіліп жатқан шараларға да тоқталып, дін қызметкерлерінің еңбегінің сауапты болуын тілек етті. Семинар соңында қатысқан мешіт имамдарына «IHSAN» ғылым және мәдениет орталығы арқылы жарық көрген «Ислам ғылымхалы» және «Тағдыр» атты екі кітапты тарту етті.

Айнұр МАХАНБЕТҚЫЗЫ,

журналист