Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек

Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек

Мұғалім — ұлы тұлға. Өмір теңіз болса, гаухары   – мұғалім. Өмір алтын болса, зергері – мұғалім. Өмір ақын болса, сөзі – мұғалім. Өмір жүзік болса, көзі – мұғалім. «Кел балалар оқылық» деп сахара төсінде шәкірттерін оқуға  шақырған дала педагогы Ыбырай Алтынсарин  «Өнер білім бар жұрттар, тастан сарай салғызған» деп жастайымыздан білім, өнер ғана алға жетелейтінін зердемізге салған Абай атамыз, қазақ әліппесінің негізін салған Ахмет Байтұрсынов аталарымыздың жолын болашаққа жалғаған мұғалімдерімізді қалай мадақтасақ та жарасымды.

Оқушының қандай да бір жеткен жетістігі болса, ол ең әуелі ұстазымен бірлесіп жасаған жұмысының арқасы.

Ұстаздарымыздың жолын жалғаушы, Талғар қаласындағы  Дарын инновациялық мектебінің  бастауыш сынып мұғалімі — Жұмажанова Жанна Анарбекқызы да ұстаздық жолында шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, әр баланың биіктен көрінуіне ерекше ден қойған. Жылдар бойы бастауыш сыныптар арасында болатын қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларға шәкірттер дайындауда еш аянып қалған емес. Оқушысының білім көкжиегінен көрінуі жолында бойындағы бар күш-жігерін сарпыған ұстаз еңбегі өлшеусіз ғой.
— Осындай дәрежеге жеткеніміз талмай ізденгенімізбен, үздіксіз еңбектенгеніміздің нәтижесі ,-дейді ұстаз.

Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Егер әр адамның жүрегінде ізгілік тамшысы мен бойында қарым-қабілеті болса, ол соны аша білген мұғалімнің еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің бойына дарыту үшін мұғалім қаншама тер төкті десеңізші. Дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә?!

 

Өз тілшіміз