Текелі қаласында кенді қайта өңдеу кешенінде «Bapy Mining» ЖШС «Зәкірлі» жобасын іске асыруды жалғастыруда. Ол инновациалық технологиялар бойынша темір кенін шығару және өңдеу арқылы шойын өндіреді. Жоба іске асырылғаннан бастап 7 млрд. 523 млн. теңге, оның ішінде өткен жылы 1 миллиард 264 миллион теңге игерілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Текелі қаласының әкімі Өнербаев Бахтияр баяндады, — деп хабарлайды alatau-zhuldyzy.kz.
Текелі қаласындағы өнеркәсіп өнімінің өндіріс көлемі 14,6 миллиард теңгені, ал физикалық көлем индексі 104,5% құрап отыр.
Сонымен қатар, 2017 жылы мәрмәр ұнын шығарумен айналысатын «Artek-Stone» ЖШС, «Алақай» сауда белгісімен кондитерлік пряник шығаратын өндіріс көлемін ұлғайту сынды инвестициялық жобалар жүзеге асырылды.
Мемлекет басшысының Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы Жолдауында қойылған міндеттерді орындау мақсатында 2018 жылы жиһаз жасайтын кәсіпорын «Текелі-Орталық Азия жиһаз компаниясы» ЖШС филиалы ашылады. Оған 100 миллион теңге инвестиция тартылып, 25 жұмыс орнын құру жоспарланған. Осымен бірге, жобалық қуаттылығы 25,8 МВт Шажа-2 ГЭС-ң құрылысы басталады. Іске асыру кезеңі 2018-2021 жылдар аралығында жоспарланып, 9 миллиард теңге инвестиция тартылмақшы. Ол 25 жаңа жұмыс орнымен тұрғындарды қамтамасыз етпек.
«Текелі Алматы облысының жалғыз моноқаласы болғандықтан, оның инвестициялық және кәсіпкерлік белсенділігін арттыру басты мақсат болып отыр. Осы арқылы жұмыссыз жүрген азаматтар мен азаматшаларға тұрақты жұмыс орны пайда болады. Ол үшін сапалы әрі пайдалы жобалардың көп болуы қажет. Соның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 49,3 миллион теңге 4 жобаға шағын несие ретінде берілді. Атап айтар болсақ, «Алимбеков» ЖК мәрмәрді қайта өңдеуге, «Абдрахманов» ЖК туризмді дамытуға, «Шенгелбаев» бизнесін кеңейтуге, «Сымбат» ЖК жабдықтар сатып алуына», — дейді Бахтияр Әлтайұлы.
Сондай-ақ, баспасөз-мәслихатында кәсіпкерлік белсенділігін арттыру бағытында «Достық» өндірістік алаңын құру жұмысы жалғасып жатқаны айтылды. Жоба бойынша автокөлік жолы салынып, электр желілері, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері, байланыс желілері тартылады.
Айта кету керек, кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға Текелі қалалық кәсіпкерік палатасы оң ықпалын тигізіп отыр. Палата жанындағы ақпараттық-кеңестік қызмет көрсету орталығы өткен жылы 1790 азаматқа кеңес беріп, 119 азаматты кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытты.
— Осындай бизнес кеңестер кәсіпкерлерге Текелі моноқалашығын одан әрі дамытуына және көркейтуіне нық сенімдімін, — деп қорытындылады Б.Өнербаев.
Талғар-ақпарат