Жуырда Талғар ауданы Панфилов ауылы №17 мектепте «Ер есімі ел есінде» атты шара өтті. Аталған шараны «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ Талғар аудандық бөлімі, «Элефтерия» Алматы облысының гректер қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Айтулы жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік және қалалық этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, ғылыми және шығармашылық қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, Алматы қаласының «Жастар Ассамблеясы» және БАҚ өкілдері қатысты.
Панфилов ауылы №17 орта мектеп директорының орынбасары, Талғар ауданының грек этномәдени бірлестігінің төрағасы Наталья Алексеевна шараны жүргізді. Мектеп директоры Эльмира Баймолдаева қатысушыларды шын жүректен құттықтап, басқосудың мәні мен маңызына тоқталды. Өзі басқарып отырған білім ордасына атағы Алатаудай ғалымдардың келіп отырғанын мақтаныш ететінін жеткізді. Сондай-ақ өскелең ұрпаққа батыр бабаларының ерлігін насихаттаудың бала тәрбиесіндегі аса маңызды тұстарына тоқаталды әрі шараға қатысып отырған мектеп оқушыларын елі мен жері үшін еңбек етер азамат болуға шақырды.
Айтулы шараның арнайы шақырылған қонағы – кеңестік және қазақстандық ғалым, профессор, жазушы, қоғам және саясат қайраткері, Ұлы Отан соғысына қатысушы, жазушы Сейсембек Ахметовтің қызы Лайла Ахметова. Ол соғысының сұрапыл жылдарында хабар-ошарсыз кеткен 14000-ға жуық кеңес әскери қызметшілерін табуға көмектескені туралы баяндады. 1961-1971 жылдары Алматы қаласындағы № 36 орта мектепте оқып жүргенде 5-сыныптан бастап соғыста қаза тапқан мектептің бұрынғы оқушылары туралы материалдар жинаған. 1972 жылы осы материалдар негізінде мектептің жауынгерлік даңқ мұражайы ашылғанын айта келе: «Қазіргі кезде кейбір жастар бұл біздің соғыс емес десе қатты қиналамын. Біз әлі күнге дейін жауынгерлердің деректерін, жатқан жерін іздеудеміз. Олардың барлығы толықтай жерленген жоқ, ит пен құсқа жем болып далада қалғандар аз емес. Мыңдаған фамилиялар еш хабарсыз жоғалғандар тізімінде қалды. Көптеген отбасылар соғыстан оралмаған аталарының дерегін таба алмай, шарқ ұрып іздеуде. Із-түзсіз кеткен жауыргерлердің ұрпақтары аталарына өздері іздеу салу керек. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Осы бастама аясында көптеген шындықтың беті ашылып, бейтаныс батырлардың аты аталары сөзсіз!» – деп атап өтті. Сонымен қатар Л. Ахметова мектеп оқушыларын еркіп пікір таласқа және ойын ашық білдіруге шақырды. Жеткіншектер
Л. Сейсембекқызына көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, өз көзқарастарын ашып айтты. Көздерінен үміт оты ұшқындаған жеткіншектердің бұл тақырыпқа аса қызығушылық танытқаны байқалады.
Аталған шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Алматы облысы КММ «Қоғамдық келісім және даму орталығы» Талғар ауданындағы бөлімнің басшысы Жұмағыз Бутабаева шараның басты мақсатына тоқталып: «Келесі жылы Ұлы Отан соғысының 80 жылдығын атап өтеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баршамызға үлкен міндет жүктеді. Атап айтсақ, біз өзіміздің ата-бабамызды, тарихымызды зерттеуіміз, толық білуіміз, әрі оны өскелең ұрпаққа жеткізуіміз керек. Осы мақсатта ауданымызда өте ауқымды жоба басталды. Бүгінгі шара – сол жобаның бастамасы. Осы жоба аясында Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен қазақстандықтарды іздеп тауып, оларды ерлікпен құрбан болған қаһармандардың тізіміне қосамыз деген сенімдеміз. Олардың қайда, қалай шайқасқаны, қай жерде қаза болғаны тайға таңба басқандай анық болуы тиіс. Осы бастаманың арқасында көптеген із-түзсіз кеткен жауынгерлердің дерегі шығатынына сенемін», – деп атап өтті.
Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай қолға алып отырған игі бастама өз жемісін береді деген үміттеміз. Ал ата-бабаларының ерлігімен сусындаған жас ұрпақ елі үшін еңбек етер азамат болары сөзсіз!
Зорагүл Әбдіқадір