Талғарда «Алатау жастары» аудандық жастар ұйымы құрылды

Талғарда  «Алатау жастары»  аудандық жастар ұйымы құрылды

Сәуірдің 29 күні мәдениет үйінде Талғар ауданы бойынша ардагерлер кеңесі жанынан «Алатау жастары» аудандық жастар ұйымын құру мәселесіне арналған форум өтті. Аталған жиынға Алматы облысы бойынша «Алатау жастары» жастар ұйымының төрағасы, мәслихат депутаты Нұрсұлтан Орынбасаров , қалалық және ауылдық округтердің жастары, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының, БАҚ өкілдері қатысты.

Форумды Талғар ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов ашты. « Облыс әкімінің қолдауымен облыстық ардагерлер ұйымының жанынан «Алатау жастары» ұйымы құрылды. Ұйымның мақсаты – патриоттық, парасаттылық, қайырымдылық тәрбие беру жолындағы белсенділікті арттыру, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын қарастыру, мемлекет тарапынан жастарға көрсетілетін қолдау мен бағдарламаларды кеңінен насихаттау»,– деді төраға.
Жиында Талғар қаласының әкімі Б. Күрішбеков сөз сөйлеп, аталған іс шараның маңыздылығына тоқталды: «Ұлттық құндылықты дәріптеуде, оның ішінде қариялардың жас ұрпақты тәрбиелеудегі өлшеусіз үлес көрсетуде аудандық ардагерлер Кеңесінің атқаратын рөлі үлкен екенін айта кеткен жөн. Ардагерлер ұйымы тарапынан жастарға назар аударып, ауданда жастар саясатын жүзеге асыру, олардың келешегіне үңіліп, бүгінгі тірліктеріне бағыт-бағдар беру.
Қазіргі таңда «Жастар – қоғамның қозғаушы күші» екені белгілі. Расында, ел ертеңі бүгінгі жастардың қолында екені даусыз. Сондықтан мемлекетіміз жастардың білім алуына, білікті маман болуына әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Бұл бағытта ауданымыздың жастарын қолдау, оларға бағыт-бағдар беру, белсенділігін арттыру біздің мақсатымыз деп білеміз. Тәуелсіз ел мәртебесіне сәйкес, мемлекетімізде тегін білім алып, ғылыммен шұғылданып, тың идеяларды жүзеге асыруға толық мүмкіндік жасалған. Терең білім шексіз мүмкіндіктер ашады. Алайда ұлы ғалым әл-Фараби «Адамға білімнен бұрын тәрбие керек. Тәрбиесіз алған білім – адамзаттың қас жауы» деген аталы сөз қалдырған. Тәрбиелі де талапты жастарды қалыптастыруда алдыңғы буын ардагерлердің орны бөлек. Міне, бұл өзегі үзілмеген ұрпақ сабақтастығы.
Ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу — өлшеуі жоқ қазына, қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастырумен пара–пар. Елін сүйген, жерін сүйген жастарымыздың қатары мол болсын. Сол жастарға ақыл-кеңесін айтып жүрген қарттарымыздың қатары сиремесін!».
Форумда Талғар ауданы бойынша «Алатау жастары» ұйымының төрағасы болып Жаслан Айтқалиев сайланды. Сондай-ақ президиум төрағасы мен мүшелері сайланып, 35 адам қала және ауылдық округтері жастар кеңесінің мүшелері болып бекітілді.

Сәуле Құрмантаева