«Талхиз сарыны»

«Талхиз сарыны»

Жуырда ғана Бесағаш ауылдық мәдениет үйінде құрылған «Талхиз сарыны» ансамблі ел алдындағы алғашқы концертін беріп үлгерді. Бесағаш ауылдық мәдениет үйінің директоры Жадыра Нұрманбетованың ықпалымен құрылған ансамбль кілең өнер десе ішкен асын жерге қоятын жалынды жастардан құрам тапқан. Талғар аудандық мәдениет үйінде еңбек етіп келген Жадыра Нұрмамбетова – қобыз әуенімен елін тәнті еткен өнерпаз, мәдениет саласының үздігі. Өнерлі адамның өмірден алар орны басым деп сенетін ол ансамбль құрудағы басты мақсатымен бөлісті.

«Ансамбль құру менің көптен күткен арманым еді. Талғар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Фарида
Мамырбекқызының, Талғар аудандық мәдениет үйінің директоры Семейхан Даривханның қолдауымен «Талхиз сарыны» атты фольклорлы ансамбль құрылды. Ансамбльде жетекшілік етуге курстасым, халықаралық конкурстардың жеңімпазы қыл қобызшы Самат Қарабалаевты шақырдым. Топ құрамында жеті адам бар. Олар домбыра, бас добыра, баян, прима қобыз, қыл қобыз және ұрмалы аспаптарда ойнайды. Ансамбль мүшелері – өте талантты жастар. Бір адам бірнеше аспапты меңгерген. «Талхиз сарыны» фольклорлы ансамблінің алға қойған жоспары өте көп. Осы жылы наурыз айының алтыншы жұлдызында алғашқы концертімізді бердік. Әрине бір ай ғана дайындық болған соң сенімсіздік болды. Халық бізді қалай қабылдар екен деген ой қатты мазалады. Ұйымшылдығымыздың арқасында бәрі жақсы өтті. Алдағы уақытта Талғар аудандық мәдениет үйінде үлкен концертімізді берсек деген жоспарымыз бар», – деді Жадыра Тимурқызы.
Болашақта қазақ халқының ғана емес шетел композиторларының да шығармаларын ойнау ойымызда бар деген Жадыра жастардың сұранысына сай заманауй шығармаларды да ойнауға ниетті екендерін жеткізді. Репертуарда Сүгірдің, Нұрғиса Тілендиевтің, Құрманғазы Сағырбайұлының, Әбдімомын Желдібайовтың, Ермұрат Үсеновтың шығармалары бар.


Талғар аудандық мәдениет үйінің директоры Семейхан Даривхан талғаммен құрылған өнер ұжымы туралы: «Құрылғанына қысқа ғана уақыт болған ансамбльдің бүгінгі жетістігі көңіл қуантады. Өнерді шын сүйетін жастардың бірлестігінен үлкен үміт күтуге болады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Жадыраның бастамасын қуана құптап, мықты топ жасақтау үшін барымызды салдық. Өнерпаздардың кәсіби біліктілігіне сын таға алмаймын. Сүгірдің
«Бозінген» күйіндегі ботасынан айырылған бозінгенннің зарлы үнін ұлттық аспаптарымыз қыл қобыз және домбырамен үнімен жеткізе орындады. Құлақтан кіріп бойды алатын мұндай әуен көпке дейін санаңда сайрап тұрады. Жаңа ұжымның қадамына сәттілік тілеймін!» – деді.
Өнер – халық тарихының шежіресі. Өнер арқылы өмірдің кең тынысы, тіршілік құбылыстары, адамның әр түрлі сезімі бейнеленеді. Ұлттық музыка халқымыздың баға жетпес құндылығы. Ежелден бері атадан балаға мұра болып, сан ғасырлық тарих қойнауынан өтіп, бүгінде жоғалмай, өлмей осы күнге жеткен асыл қазынамызды, біз де ары қарай өсіп келе жатқан ұрпаққа мұра ғып жеткізуіміз керек. Бұл біздің жер бетінде қазақтай елдің өмір сүретінінің айқын дәлелі. Талғарлықтарды әсен әуенмен әлдилеген «Талхиз сарыны» аты затына сай болып, биік белестерді бағындырады деген сенімдеміз!
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы наурыз айында Бесағаш ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеу жұмыстарынан соң қайта жабдықталып, ел игілігіне берілген болатын.

Зорагүл Әбдіқадір