Жеңімпаздар анықталды

Жеңімпаздар анықталды

Ағымдағы жылдың 12-14 қаңтар аралығында Талғар ауданы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ушудан жастар және жасөспірімдер арасында Алматы облысының іріктеу чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде 2007-2009 жылдары туған білекті де жүректі жігіттер белдесті.

Аталған іс-шараға облысымыздан 10 командадан 250-ден аса спортшы қатысты. Аталған шараның ашылу салтанатына Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков, Спорт дамыту дерекциясының директоры Дархан Аширов, Конаев қаласы жекпе-жек спорт мектебінің директоры Ербол Бусырманов, Талғар бұқаралық спортты дамыту орталығының басшысы Жандос Бусурманов, Талғар аудандық №1 Балалар мен жассөпірімдер мектебінің директоры Асылжан Байзаков, Ушу федерациясының президенті Тилепжан Юсупов, Алматы облысының аға жаттықтырушысы Имаржан Идиллаев, Азия ойындарының қола жүлдегері Тұрсын Аян қатысты.
Шараның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков талантты да талапты жас спортшыларға сәттілік тілей отырып: «Біздің мақсатымыз – болашақта тәуелсіз еліміздің көк туын әлемдік аренада желбірететін майталман спортшыларды іріктеу. Талабы таудай, табанды жастар арасынан болашақ чемпионды тану. Еліміздің атағын аспандататын хас батырлар міне, сендердей ержүрек жігіттердің арасында. Оларды тани білу, баптай білу біздің міндет. Жанарлары жалын атып тұрған әр бала болашақ чемпион десем артық болмас. Алған беттеріңнен таймасаңдар көздеген мақсаттарыңнан айнымасаңдар алмайтын асу, бағындырмас белес болмайды. Мұнда сайдың тасындай сараланған спортшылар келіп отыр, баптарың мен бақтарың қаттар шауып, жеңіс тұғырынан көрінесіңдер деген үміттемін. Бір шетінен спортты насихаттай отырып, балаларды салауатты өмір салтын сақтауға баулуымыз керек. Осы мақсат төңірегінде біз, кәсіби спортшылар білгенімізбен бөлісіп, нағыз спортшыларға арналған қызықты мағлұматтар, іс- шаралар ұйымдастырдық. Жас ұрпақ – біздің ертеңіміз. Балалар қазірден спортты патриотизм деп түсініп, спортшылар сияқты ел намысын аброймен қорғауды мақсат тұтып жатса – мақсатымыздың межеге жеткені деп ойлаймын», – деп атап өтті.
Жарыс қортындысы бойынша 2007-2009 жылы туған ұлдар арасында ең жеңіл 36 келі салмақ дәрежесі бойынша Іле ауданының спортшысы Тасқын
Сабыр бірінші орын алса, Қонаевтан келген Дарын Чаймурат екінші орынды иеледі. Ал Қарасай ауданының қайсар ұлы Дінмухаммед Дилмуратов пен Ұйғыр ауданынан келген Фармен Мансуржанов үшінші орынға лайық деп танылды. Ал 39 келі салмақ бойынша Ұйғыр ауданының үмітті Важитов Исламға шақ келген елшкім болмады. Талғардың тумасы Мансуров Ильхам да екінші орынды қанжығалады.
Қонаевтан келген Сабир Сабиров мен Еңбекшіқазақ ауданының бетке ұстар ұлы Ерасыл Қасимов да жүлдесіз қалмады. 2 келі салмақ дәрежесінде Нұржігіт Абдилов топ жарса, Нұрсадық Нұр Ұйғыр ауданының намысын жібермей екінші орынға қол жеткізді. Жамбылдың қос жүйрігі Ернар Тұрсынғали мен Әбілмансур Сансызбай үшінші орынға тұрақтады. Осылайша 45 келіде Бақыт Ескендірдің бағы жанса, 48 келі салмақта Игамбадиев Рамиль талғарлықтардың намысын қолдан бермеді. 2007-2009 жылдары туылған қыздар да дәл осы салмақ бойынша бақ сынады. Жандары нәзік болса да рухының мықты екенін көрсеткен олар қазақ қыздарының ептілігі мен тектілігін паш етті. 42 келі салмақ дәрежесінде Талғардың талапты қызы Реханегүл Избекева ешкімге дес бермей, талғарлық жанкүйерлерін тәнті етті. Осылайша 2010-2012, 2013-2014 жылдары туған жүректі қыз-жігіттер түрлі салмақта белдесіп, кіл мықтының ішінде кім мықты екенін дәлелдеді. Жарыс жеңімпазрады мен жүлдегерлері грамота және медальдармен марапатталды.

Зорагүл Әбдіқадір