Ұлттық ойынның үздіктері марапатталды

Ұлттық ойынның үздіктері марапатталды

Қазақ «Жылқы – ер қанаты» деп оны жеті қазынаның біріне, жан серігіне балаған. Қазақ халқының ұлттық ойындарының ерекше сипатқа ие болуының басты себебі де сол текті жануармен тығыз байланысты болуында екені даусыз. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне, күнкөріс шаруашылығына, ұлттық ерекшелігіне, табиғи орналасу жағдайына байланысты болып келетін ойындарымыз өр рухымыз бен мәдениетіміздің мәйегі саналады. Сондықтан да ұлттық ойындарымызда еңбекке баулу, елді қорғау, аңшылық көріністері айқын байқалады.

Жуырда Талғар аудандық мәдениет үйінде «Алатау тұғыры» атты ат үсті ойындарының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Ат үстінде күн кешкен, көшпенді елдің ұрпағы саналатын қазақ халқының рухын көтеріп, әлемдік додаларда абройын асқақтатып жүрген спортшылар мен бапкерлер, үздік федерациялар мен спорт жанашырлары марапатталды. Айтулы шарада облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұлттық, бұқаралық спорт және инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы Ұлықбек Медетбеков жиналған қауымды және спортшыларды шын жүректен құттықтап: «Бүгін мұнда ұлттық спорт дегенде ішкен асын жерге қоятын нағыз жанкүйерлер жиналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Ұлттық спорт дегеніміз – жауынгерлік жаттығу. Қазақ халқы ежелден барлық мерекелерде жарыс ұйымдастырған. Елімізде ұлттық спорт түрлері тез танымал болып, үлкен қызығушылық тудыруда. Сонымен бірге бұл байқауларды көрген жұрт қазақ халқының әдет-ғұрып, салт- дәстүрімен де таныса алады. Қазақ аттан түспеу керек! Біріншіден, атқа міну – сүннет, екіншіден – ата-бабадан қалған мұра. Қазақ пен жылқы – егіз ұғым. Көшпелі халқымызды жылқы малынсыз елестету мүмкін емес. Мақсат – атқа міну мәдениетін қалыптастыру. Балаларымызға атқа мінуді үйретсек, ат спортының болашағына сеніммен қадам жасай аламыз. Еліміздің еңсесін көтеруде, мемлекетіміздің өркендеуі жолында биік
белестерді бағындыруларыңызға, дүбірлі додаларда жеңістерге жетулеріңізге, ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруларыңызға шын жүректен тілектеспін», – деп атап өтті. Бекзат өнеріміз көкпардың дамуына ерекше үлес қосып жүрген, осы өнердің жанашыры Сейдәзім Шегебаев атқа міну, атта шабу өнерінің ұлт үшін ерекше маңызы туралы: «Ат спорты деген – қазақта бабадан атаға, атадан балаға дәстүр болып келе жатқан асыл қазына. Бұл – ұлттық спортымыздың ішіндегі ең биік шың. Атқа мініп тізгінін ұстаған, атты еркіне көндірген әр бала ертең отбасын, Отанын басқара алатын нағыз ер азамат болып қалыптасарына күмән жоқ! Бүгінгі күнде көптеген жас жеткіншектеріміз ат спортын меңгеріп, аттың құлағында ойнайтын деңгейге жетті. Осы жерде отырған Илхамдай, Аңсардай ұлдарымыз ат жалын тартып мініп, ізінен ерген бүлдіршіндерге үлгі-өнеге көрсетіп келе жатыр. Бүгінгі күні қалада тұратын азаматтардың өзі ұрпағының болашағын ойлап, арнайы ат алып дайындап, ұл-қыздарын үйретіп жүргені көңіл қуантады. Өйткені атқа мінген әрбір азаматтың рухы биік, арманы асқақ. Халқымызда «Атқа мінген қазақ ханға сәлем бермейді» деген тәмсіл бар. Ат үстіндегі қазақты жерге түсіруге болмайды! Бізді бірінші аттан түсіріп, сол арқылы рухымызды сындырып, одан соң барлық салт-дәстүрімізді құртқысы келген талай оңбағандар болған», – деді. Соңғы жылдары облысымыздағы ат спортының, соның ішінде, көкпардың деңгейі көтеру үшін қаншама азаматтарымыз атсалысып жүр. Бүгінгі сахнаға шығып, үлкен марапат алғандар солардың бір парасы ғана. 15 жыл бұрын ұлттық спортымыздың жағдайы көңіл көншітпейтін еді. Қазір міне, Үкіметіміз ұлттық ат спорты түрлерін қолдап, көкпар федерациясы ашылып, үлкен қолдау көрсетіп отыр.
Шара барысында жаппай көкпардан Алматы облысының әр ауданынан іріктеліп алынған үздік балуандар, бапкерлер, төрешілер марапатталып, олардың әрқайсысына арнайы диплом және шағын кубок, бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сонымен қатар Алматы облысының ересектер құрама командасы 2023 жылы қыркүйек айында Астана қаласында өткен ұлттық спорт фестивалінде екінші орынды иеленсе, Өзбекстанның Термез қаласындағы халықаралық жарыста бірінші орынды жеңіп алған, жастар құрама командасы ел чемпионатында үздік бес команданың сапына еніп, ел абройын асқақтатқаны бәрімізге белгілі.

Зорагүл Әбдіқадір