Ерекше жандарға арналған шырша

Ерекше жандарға арналған шырша

25 желтоқсан күні Талғар қаласындағы № 49 орта мектепте «Ұлттық құндылық» қорының ұйымдастыруымен ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған жаңажылдық мереке өтті. Шыршаға аудандағы 100-ге жуық ерекше баланың 75-і қатысып, көңіл көтерді. Балалардың қуанышында шек болмады, олар өткен жылдың символы Қоянмен қол ұстасып билеп, келер жылдың символы Ұлуды қарсы алды. Шарада түрлі қойылымдар қойылып, Аяз ата, Ақшақар бүлдіршіндердің өнерін тамашалады

« Біздің қор қолынан келгенше ерекше балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға тырысады. Олар қоғамнан қол үзбеу керек, басқа балалар сияқты өздерін толықанды адам ретінде сезінуі қажет. Ата-аналарға да оңай емес, олар баланы осындай іс-шараларға араластырып, социумға бейімдеткені дұрыс. Өзім де ерекше баланың анасымын. Әрине, бар ауыртпашылық аналарға түседі, кейбіреуі күйзеліске ұшырап, ауру баланы жетімдер үйіне өткізіп жібереді. Сол үшін өзім ашқан орталықта ата-аналарға психо-эмоционалдық тұрғыда қолдау көрсететін арнайы психолог мамандар бар. Онда сондай-ақ ерекше балаларды интеллектуалды дамыту карталары арқылы оқытып, сөйлеуді,ойлауды, қиялды дамытуға үйретеміз. Мүгедек баланы бағып, тәрбиелеу үлкен шыдамдылық пен төзімділікті, сабырлықты талап етеді. Біздің мақсатымыз мүмкіндігі шектеулі балаларға, олардың ата-
аналарына барынша қолдау көрсету», – дейді шараға ұйытқы болған «Ұлттық құндылық» қорының директоры Зухра Серікқызы.
Аталған ұйым жылда ерекше жандарға арнап түрлі іс-шаралар өткізіп келеді. Қазан айында мүгедектер күніне орай «Шексіз әлем» атты үлкен фестиваль ұйымдастырылды. Онда балалар өз өнерлерін көрсетіп, ән-би байқауына қатысты. Қолөнер шеберлері көрмесінде ерекше жандардың қолымен жасалған түрлі бұйымдар қойылып, көрермендерді таңқалдырды. Бүгінгі жаңа жылдық мерекеде де әртүрлі костюм киген балалар өнерлерін көрсетіп, мәз болды. Шыршаға балаларын алып келген аналардың бірі Динара Сәбитқызының айтуынша, осындай көпшілік орындарға ерекше баланы жиі апарған дұрыс. « Балам қазір он екі жаста, аутизммен ауырады.Көп жерлерге бара алмаймыз. Қаламызда құрылған «Ұлттық құндылық» қорына алғысымыз шексіз. Жиі-жиі осындай мереклерге арнап түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұрады. Балаларымызға да, ата-аналарға да көтеріңкі көңіл сыйлап, бір сәтке болса да қиыншылықтарды ұмытуға көмектеседі. Ауру баламен көшеде, қоғамда жүріп-тұру оңай емес. Бірақ біз аналар бәріне шыдап, бар энергиямызды осы балаға беруге тырысамыз. Ол ортаға бейімделуі керек, басқа балалармен араласып, жан-жағын көргені дұрыс . Мен осы болған іс-шараларды видеоға түсіріп алып, үйде балама көрсетемін. Бейнетаспадан өзін көрген баламның қуанышында шек болмайды. Өмірге деген қызығушылығы артып, қуанады. Балам суретті жақсы салады. Бұдан бұрын ұйымдастырылған көрмелерге қатысып, жүлдеге ие болды. Сөйлемесе де сандарды жаттап, суретін сызып есептегенді жақсы көреді. Арманым осы балам болашақта математик болса деймін. Баламның жетістігін көріп, өзіме де күш-қуат, ерекше сезім пайда болады», – дейді Динара Сәбитқызы.
Шыршаға арнайы келген ауданның «Amanat» партиясының төрағасы Серік Дүмчибаев балаларға жаңа жылдық сыйлық ретінде қаржылай көмек көрсетті. Мереке соңында әр баланың аты аталып, Аяз атаның сыйлықтары табыс етілді.

Сәуле Құрмантаева