Желтоқсанның 22-сі күні Талғар қаласындағы «Тау самал» мейрамханасында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңа жылдық мерекелік кеш өтті. Көңілді кешті «Талғар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі ұйымдастырды. Осы бөлімге қарасты 97 ерекше бала бар. Олар талма, қант диабеті, аутизм, эпилепсия, туа біткен зағип, сал сияқты ауыр дертпен күресіп жүрген кішкентай бүлдіршіндер. Өмір есігін аша салысымен тағдырдың сынағына тап болған бейкүнә балалардың қуанышты жүзін көру үлкен ғанибет деген аналары көңілді кешке асыға жеткенін айтады.
Шара басында балақайларды жаңа жылмен құттықтаған «Талғар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемдекеттік мекемесінің басшысы Гүлжан Айтқожақова : «Балапандар, жаңа жылдарың құтты болсын! Дендерің сау болып, жылдан-жылға үлкен азамат болып өсе беріңдер. Арман-тілектерің орындалсын. Осындай ерекше балаларды бағып-қағып отырған ата-аналарға алғыс білдіремін. Сіздерге үлкен сабыр мен денсаулық тілеймін. Жаңа жыл баршамызға жақсылығымен, шаттығымен келсін!» – деп ақ жарма тілегін арнады. Мүмкіндігі шектеулі болса да болашағынан үлкен үміті бар балғындар асыға күткен кеш оларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Ертегі әлемінен келген аю мен түлкі, қасқыр мен қоян олармен қызықты ойындар ойнады, ән айтып, көңілді әуеннің ырғағымен тербеле биледі. Аяз ата мен Ақшақар тақпақ айтқызып, жұмбақ жасырды. Жаттап келген тақпағынан жаңылмаған алғыр балақайларға сыйлықтар үлестірді. Ғажайыпқа сенетін балдырғандар ертегі кейіпкерлерімен бірге өздерін сол ертегі әлемінде жүргендей сезінді.
Бүгінгі шараға атсалысып, жарымжан көңілін табу үшін барын салған әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін айта кеткен жөн болар. Ертегі кейіпкерлерінің кейпінде келген олар балапандарды қуанту үшін барын салды. Екі жылдан бері осында жұмыс істеп келе жатқан әлеуметтік қызметкер Қарлығаш Құрманованың айтуынша, «Талғар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімінде 17 әлеуметтік қызметкер бар. Олар балаларға аптасына екі рет барып, түрлі көмек көрсетеді. Нақтырақ айтқанда психологиялық, медициналық, құқықтық, зкономикалық сынды сегіз қызмет түрін қамтиды. Баланың диагнозына қарай мемлекет жағынан берілетін метериалдық көмектерге тапсырыс беру де өз мойындарында. Әр мереке сайын балалрға қуаныш сыйлауға тырысатын олар бұл кеш үшін қараша айынан бастап қамданыпты. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналарына қоғам болып көмектесу аса маңызды. Мұндай балалары бар адамдарға оңай емес. Оларды назардан тыс қалдырмау, қол ұшын созу – борышымыз. Әр бала бақытты болуға лайық .
Аталған шараның тұрақты демеушісі «Тау самал» мейрамханасының басшысы Нүргүл Байтулақованың ерекше балаларға қол ұшын созып келе жатқанына 15-16 жылдың жүзі болыпты. Жылына екі рет құлыншақтарға осындай қуаныш сыйлап келеді. Аталған кештің негізгі демеушілері «КаспиМед» ЖШС мен «От сердца к сердцу» еріктілер ұйымы. Олар балаларға қажетті сыйлықтар дайындапты. Мұндай сауапты іс жасағандардың қатарында «Amanat» партиясы да бар. Балдырғандарды керемет шаттыққа бөлеген мерекелік кеш оларды қуантып қана қоймай, шынайы мейірім шуағына бөледі. Жүздері бал-бұл жанған балақайлар жаңа жылдың жақсылығымен келеріне сенімді болғандай. Ата-аналары балаларына осындай жақсылық жасаған қайырымды жандарға алғысын жаудырып, жаңа жыл елімізге құт береке әкелсін деген тілектерін арнады.
Зорагүл Әбдіқадір