«Қош келдің, Жаңа жыл!» президент шыршасы өтті

«Қош келдің, Жаңа жыл!» президент шыршасы өтті

Желтоқсанның 24 күні Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік циркі ғимаратында Қазақстан Республикасы президентінің атынан өтетін «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты балаларға арналған мерекелік шара өтті. Жаңа жылдық шыршаға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстың әр өңірінен 1200 дарынды бала қатысты.

Сонымен қатар балалардың қуанышын бөлісуге ережесіз жекпе-жектен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, аралас жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы және әлем кубогының иегері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраров және Есік қаласындағы А. Мәлкеев атындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы, халықаралық, республикалық білім сайыстарының жеңімпазы Халел Мүслім арнайы қатысты.
Жиналған бүлдіршіндерді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
– Қайырлы күн құрметті балалар, кішкентай достар! Сендерді келе жатқан жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Бұл ерекше сәтті жыл сайын күтеміз. Жаңа жыл жаңа өзгерістер мен жақсылық алып келеді деп сенеміз. Бүгін, міне, ел Президентінің жаңажылдық шыршасына ең жақсы оқитын балалар қатысып отыр. Облыс жеткіншектерінің алаңсыз білім алуы үшін барынша жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Болашақта Қазақстанның дамуына өздерің үлкен үлес қосады деген үміттеміз, – дей келе, Қазақстан Республикасы Президенті атынан 200 балаға 100 мың теңгеден ақшалай сертификат пен сыйлықтар табыс етті.
Аяз Ата, Ақшақар, ертегі кейіпкерлерімен жарқыраған жасыл шыршаны айнала ән айтып, ерекше әсерге бөленген балдырғандар қуанышында шек болмады. Балалар шырша тойынан соң цирк қойылымын тамашалап, шат-шадыман күйде болды.
Мерекелік шырша жаңа жылдың символы ретінде 12 метрлік Алтын айдаһардың шығуымен аяқталды. Жаңа жылдық шыршадан соң өңір басшысы Облыстық қиын өмір жағдайындағы қалған балаларды қолдау орталығына барды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевті балалар үйінің директоры Р. Бекишова және мектепке дейінгі топ бүлдіршіндерімен бірге қарсы алды.Өңір басшысы Марат
Елеусізұлы балаларды Жаңа жылмен құттықтап, Балалар үйіне сыйға автобус кілтін (Yutong ZK6745DX, 25 орындық) табыстады, қосымша ойыншықтар, тәттілер салынған дорбашаларды сыйлап, қуантты.

Сәуле Құрмантаева